Еліміздің жетекші сарапшылары Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының жобасын талқылады

Бүгін «ашық диалог» форматында ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов еліміздің  жетекші сарапшыларымен Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының жобасын талқылады.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Стратегиялық жоспардың негізгі мақсаттары мен міндеттерін атап өтті. Оның айтуынша, жоспар 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын алмастырады, оның негізгі міндеттері бүгінгі таңда орындалған. Сондай-ақ, бұл құжат — «Қазақстан-2050» стратегиясына қатысты орта мерзімді жоспар.

«Стратегиялық жоспар — 2025 Стратегия-2050-дің және Мемлекет басшысы ұсынған Ұлт жоспарының логикалық жалғасы, және оны жүзеге асыру тетігі», — деп атап өтті Т. Сүлейменов.

Жаңа жоспардың негізгі мақсаты — 2025 жылға дейін экономиканың сапалы әрі тұрақты өсуіне қол жеткізу, бұл ЭЫДҰ елдерімен салыстыруға келетін, адамдардың өмір сүру деңгейін жақсартуға жол ашады. Мақсатқа жетудегі оңалысты белгілеу үшін, халықтың өмір сүру сапасын және экономикалық өсім сапасын өлшейтін маңызды ұлттық көрсеткіштер қарастырылған.

Стратегиялық жоспар 2025-тің негізі — Стратегия 2050-дің жеті жүйелік реформасы мен іске асырудың жеті басымдықты саясатының байланысы. Жоспардың 7x7 формуласы — Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігіне қол жеткізу үшін тұрақтылық пен дамудың тепе-теңдігін қамтамасыз етеді.

Үкіметтің жеті саясаты реформаларды жүргізу барысында әлеуметтік тұрақтылықты күшейтуді қамтамасыз етуге бағытталған. Басымдықты саясаттар әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал ете отырып, жүйелі жылдамдатылған реформаларды толықтырады.

Жеті жүйелі реформа:

  • Жаңа адам капиталы.
  • Технологиялық жаңарту және цифрландыру.
  • Бәсекелестік және бәсекеге қабілетті бизнес.
  • Құқықты мемлекет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес.
  • Қуатты аймақтар және кенттену.
  • Рухани жаңғырту.
  • Мемлекеттік сектор өзгерістер көшбасшысы ретінде.

Сарапшылар реформалардың əрқайсысын талқылады. Талқылауға «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, «Назарбаев Университеті» ААҚ вице-президенті Қанат Байғарин, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрағасы Бағдат Мусин, «Oil Gas Project» ЖШС директоры Жарас Ахметов, Зерттеулер және консалтинг орталығының серіктесі Әнуар Боранбаев, «Қоғамдық мәселелерді талдау орталығы» ҚҚ директоры Меруерт Махмұтова, «Ракурс» экономикалық талдау орталығының директоры Ораз Жандосов, Қолданбалы экономика зерттеулері орталығының ғылыми жетекшісі Жақсыбек Күлекеев, Стратегиялық бастамалар орталығының аға серіктесі Олжас Құдайбергенов қатысты.

Талқылау модераторы - «Talap» қолданбалы зерттеулер орталығының» директоры Рахым Ошақбаев бұл қазақстандық сарапшылар қауымдастығының пікіріне негізделген алғашқы құжат екенін атап өтті. Оның айтуынша, 80-нен астам сарапшы жоба туралы оң пікірлерін білдірді.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу