Ержан Бабақұмаров: «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы — бұл Қазақстан халқының арманын орындау туралы тарих

Астанада Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының тұсауы кесілді. Құнды тарихи құжаттың тұсаукесері Қазақстанның Тәуелсіздігі Күніне орайластырылды.

Кітапта жаңа Қазақстанның құрылу кезеңдерін ашуға, тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығындағы күрделі ішкі және сыртқы сын-тегеуріндерге қатысты шешімдер қабылдау тетіктері мен ішкі қисынды талдауға ерекше назар аударылған.

«Бұл жай кітап емес. Бұл Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел тарихы мен оның болашағына көзқарасы. 26 жыл ішінде болған оқиғаларға сындарлы талдам жасалған: бұл фактілер ғана емес, бұл талқылау, терең пайым», – деді кітаптың тұсаукесер салтанатында ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының орынбасары Ержан Бабақұмаров. 

Е. Бабақұмаровтың айтуынша, кітапта көрініс тапқан білімнің құндылығы Қазақстан тарихына қатысып қана қоймай, оны жасаған адамның қаламынан туындауы арқылы айқындалып отыр.  Сол себепті, кітап қашан да қажеттілігін жоғалтпайтын тұтас кезеңнің құжаты болып табылады.

Кітапта қазақстандық даму моделінің мән-маңызы: оның эволюциясы, негізгі қағидаттары, тетіктері мен қозғаушы күштер айқын көрініс тапқан. Қазақстанның жаңғыруының үш толқынын қарастыруға көп көңіл бөлінген.

«Президент жаңғыртудың жүйелі үш толқыны ретіндегі  мемлекет құрылысы мен біздің тарихымызға өз көзқарасын білдіреді», - деп атап өтті Е. Бабақұмаров.

Бірінші және Екінші жаңғыртудың арқасында тоталитарлық жүйені ысырып, нарықтық экономика құру, әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кіру міндеттері ойдағыдай шешімін тапты. Үшінші жаңғырту елді жаппай жаңартуға және жаңа жаһандық шынайылық жағдайларында оны әлемнің аса дамыған отыз елінің қатарына енгізуге бағытталған.

Елбасының жаңа жаһандық сын-тегеуріндерге орай қабылдаған шараларына айрықша көңіл бөлінген: бұл - «Нұрлы жол» дағдарысқа қарсы ауқымды инфрақұрылымдық жұмыстар Жоспары, әлемдік дағдарыстың күрделі кезеңінде мемлекетті нығайту бойынша бес институттық реформа – Ұлт жоспары, сонымен қатар мемлекеттік құрылыстың жаңа дәуірінде Қазақстанның Үшінші жаңғыру бағыты.

Баяндамашының сөзінше, «Тәуелсіздік дәуірі» — бұл өткен жылдар туралы ғана кітап емес, ол болашаққа бағдарланған: біздің елдің болашақта қандай қағидаттарға сүйену керектігін көрсетіп берген туынды.

«Кітапта практикалық мемлекеттік басқару мен стратегиялық жоспарлаудың құнды тәжірибесі қамтылған. Осы тұрғыдан алғанда, бұл — ертеңгі күнге деген сенімділік пен оптимизм үшін өзіндік жалпыұлттық платформа», — деп түйіндеді Е. Бабақұмаров.

Сонымен қатар кітаптың тұсаукесер салтанатты шарасы барысында «Нұр Отан» Партиясының Төрағасының бірінші орынбасары М. Құл-Мұхаммед,  ҚР Парламент Сенатының депутаты Б. Жұмағұлов, Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Л. Прокопенко, ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары С. Көшкімбаев, «Егемен Қазақстан» АҚ Басқарма төрағасы Д. Қыдырәлі, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Е. Сыдықов сөз сөйледі.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу