Қазақстанда 58 ЖЭК нысаны жұмыс істейді — Қ. Бозымбаев «жасыл экономикаға» көшу қарқыны туралы баяндады

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамасын іске асыру мәселелері қаралды.

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев 2014–2017 жылдарға арналған ҚР-ның «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдаманы жүзеге асырудың негізгі қорытындыларымен таныстырды.

Электр энергетикасын дамыту оны жасылдандыру тұрғысынан жаңартылатын энергия көздерін дамытуға, энергетика саласындағы көмірқышқыл газының шығарындыларын төмендетуге және елімізді газдандыруға негізделген. Министрдің мәлімдеуінше, 2017 жылы шамамен 1,1 млрд кВт/сағат «жасыл энергия» өндірілген. 2018 жылы қуаттылығы шамамен 138 МВт жаңартылатын энергия көздерін қосу жоспарлануда.

Бүгінде елімізде жалпы қуаттылығы 352 МВт ЖЭК пайдаланатын 58 нысан жұмыс істейді. 2018 жылдың аяғына дейін ЖЭК жалпы қуаттылығын 490 МВт-қа дейін жеткізу көзделген(68 нысан).

«Келешекте ЖЭК құнын төмендетуді біз аукциондық механизмді ендірумен байланыстырып отырмыз. Ол, бір жағынан, инвесторлар мен жобаларды іріктеу процесін ашық әрі түсінікті етуге, екінші жағынан жаңартылатын энергия көздері қуаттылығын енгізуде соңғы тұтынушыларға тарифтердің әсерін азайтатын тиімді технологиялар мен жобаларға басымдық береді», — деді Қ. Бозымбаев.

23 мамырдан бастап құрылыс жобаларын іріктеу жөнінде алғашқы аукциондық сатудың көктемгі сессиясы басталды. Ағымдағы жылы аукционға қуаттылығы 1 ГВт ЖЭК қойылады. Қ. Бозымбаевтың айтуынша, бірінші сауда нарыққа қатысушылардың қызығушылығын көрсетті. Көктемгі сессия кезінде 250 МВт-қа жуық энергияға сауда ұйымдастырылып, жеңімпаздар анықталады. Аукцион барысында жел энергиясына тарифтер бастапқы баға 22,68 теңгеден 17,49 теңгеге дейін төмендеді, бұл 23% құрайды.

«Таяу арада алты жеңімпаз 15 жылдық электр энергиясын сатып алу келісім-шарттарына қол қояды. Қазірдің өзінде ЖЭК дамытудың оң бағытын таңдадық деп айтуға болады», — деді Қ. Бозымбаев.

Анықтама: 2015 жылы электр энергетикасы саласында көмірқышқыл газы шығарындылары 2012 жылғы деңгейінен 9,3% төмендеді. 2016 жылы үлестік коэффициенттер негізінде Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспарын жүзеге асыру бойынша заңнамаға енгізілген өзгерістер парниктік газдар шығарындыларын 2030 жылға қарай 15%-ке азайту бойынша алға қойылған міндеттерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

2017 жылдың соңында электр энергиясын өндіруде газ электр стансаларының үлесі 20,2% құрады, ал 2020 жылға жоспарланған мақсатты көрсеткіш — 20%. Газ электр стансаларының өсімін қамтамасыз ету мақсатында Бейнеу — Бозой — Шымкент газ құбырының бойында газ турбиналы электр стансаларын салуды ұйымдастыру мәселелері пысықталуда. Сонымен қатар, Министрлік «Самұрық-Қазынамен» бірлесіп Алматы ЖЭО-2 газға ауыстыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Гидроэнергетиканы дамыту мақсатында Ертіс өзенінде Шүлбі су электр стансасының контр-реттеуіштерін салу мәселелері пысықталуда.

Президенттің бес әлеуметтік бастамасын орындау барысы туралы баяндай отырып, Қанат Бозымбаев ұзындығы 1081 шақырым болатын «Қызылорда — Жезқазған — Қараганды — Астана» бағыты бойынша «Сарыарқа» магистральді газ құбырын салу жобасының бірінші кезеңі пысықталып жатқанын атап өтті. Газ құбырының аталған учаскесі Астана қаласының ЖЭО мен екі облыстың, 171 елді мекеннің халқын табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Атмосфераға зиянды ластаушы газдар мен шаңнан бөлінетін заттарды төмендету мақсатында денитрация және десульфирлеу шаралары жүргізілді. Биыл энергия өндіруші ұйымдармен бірлесе отырып, жылу электр стансалары шығарындыларын төмендету жөніндегі іс-шараларды кезең-кезеңімен ендірудің ұзақ мерзімді жоспары әзірленуде. Кеден одағының техникалық регламентінің талаптарына сәйкес осы жылдың екінші жартыжылдығынан отын сапасына К-2-ден К-4 және К-5 деңгейіне дейін талаптары арттырылады, бұл автокөліктен атмосфералық ауаға шығарындыларды айтарлықтай төмендетуге әкеледі.

Қалдықтарды басқару саласында қайталама шикізат, қалдықтарды бөлек жинау, қайта өңдеу және кәдеге жарату талаптарын анықтау бойынша нормативтік құқықтық база құрылды.

Анықтама: 2018 жылы өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 32%-ға, тұрмыстық қатты қалдықтардың үлесі 11% жеткізіледі. Қалдықтарды шығару және жинау қызметтерімен халықтың 69%  қамтылған, 2018 жылдың жоспары — 75%. Экологиялық талаптар мен санитарлық нормаларға сәйкес келетін полигондардың үлесі 16% құрайды (2018 жылдың жоспары — 23%).

Қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесінің тиімділігін арттыру үшін Астана және Алматы қаларында жобалар іске асырылып жатыр.

Анықтама: Астанада қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауды енгізу, органикалық қалдықтарды өңдеу және кәдеге жарату бойынша пилоттық жобаны іске асыру жұмыстары басталды. МЖӘ аясында «Алматы қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды басқарудың кешенді жүйесін енгізу» жобасын іске асыру басталды. Аталған жоба Алматы қаласының Алатау ауданында қуаттылығы тәулігіне 1500 тоннаға дейін қалдықтарды сұрыптау кешенінің құрылысын көздейді. Құрылыстың аяқталу мерзімі шамамен 2018 жылдың екінші жартыжылдығына жоспарланған. Жобаның құны 5,5 млрд теңгені құрайды.

Қанат Бозымбаев, сондай-ақ, Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауында тапсырған экологиялық заңнаманы реформалау мақсатында жаңа Экологиялық кодексте табиғат пайдаланушыларға экологияға салым жасау, ластауыш заттардың эмиссияларын төмендету, табиғат қорғау шараларын инвестициялау экономикалық тиімді болатын жағдайлар қарастырылғанын атап өтті.

Бүгінде жаңа Тұжырымдама жобасы әзірленіп, мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қарауына жолданған.

Сондай-ақ, 17 мамырда ХІ Астана экономикалық форумының алаңында Жаһандық жасыл өсім институтының төрағасы Пан Ги Мунның, климат бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунгтың қатысуымен жасыл экономика мәселелерін талқылау және Жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалардың халықаралық орталығының тұсаукесері өтті. Аталған орталықтың қызметі инвестициялық жобаларды сүйемелдеу мен енгізу және әлеуетті инвесторларды іздестіру, жобаларды техникалық талдау және Орталық Азия аумағында үздік «жасыл» технологиялар трансферті мүмкіндіктеріне бағытталады.

«Елімізде «жасыл экономиканы» дамыту бойынша қол жеткізілген нәтижелерге орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жоспарлы жұмыстары дәлел. Алдағы уақытта қолданыстағы заңнамалық негіздер мен күш жігерімізді белсендендіру жоспарланған мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізуге жол ашады», — деп түйіндеді Қ. Бозымбаев.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев су ресурстарын орнықты пайдалану, жоғары өнімді ауыл шаруашылығы және экожүйелерді сақтау туралы баяндама жасады.

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасына сәйкес табиғи экожүйелерді кешенді басқару орман, балық шаруашылықтары және жануарлар дүниесінде жүзеге асырылуда.

Қазақстан орманы аз мемлекеттер қатарына  жатады. Ормандармен оның аумағының небәрі 4,7% ғана көмкерілген.

«Жасыл желектерді көбейту – бүгінгі таңда министрліктің негізгі міндеттерінің бірі. Осыған байланысты облыстардың әкімдіктерімен бірлесе отырып, бекітілген жоспарларға сәйкес облыс орталықтарының айналасында жасыл аймақтар құру жұмыстары басталып та кетті», — деді Е. Нысанбаев.

Анықтама: Соңғы 7 жылда мемлекеттік орман қоры аумағында ормандарды молықтыру мен орман өсіру көлемі 453 мың гектарды құрады. Биыл жоспарланған көлем 68 мың гектарды құрап отыр. Жыл сайын «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» науқаны өткізіледі. Биыл 900 мыңнан астам адам қатысып, 4,5 млн астам ағаштар мен бұталар отырғызылды.

«Елбасының тапсырмасына сәйкес Астана қаласының айналасында жасыл аймақ құрылып жатқанын жеке атап өткім келеді. Оның  көлемі 78 мың гектарды құраса, 2023 жылға қарай оны 100 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр», — деді вице-министр.

Е. Нысанбаев сөзін қорытындылай келе, биоәртүрлілікті сақтаудың барынша тиімді құралы — ерекше қорғалатын табиғи аумақтар екенін атап өтті. 1991 жылдан қазірге дейін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың алаңы 1 млн гектардан 24 млн гектарға дейін көбейді.

«Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту коалициясы» қауымдастығының басшысы Салтанат Рахымбекова Қазақстанды «жасыл экономикаға» көшіру бойынша қоғамдық ұйымдардың атқарып жатқан жұмыстары туралы айтып берді. 2017 жылы ЗТБ серіктестермен бірлесіп 25 жобаны іске асырды, олар «Экспо-2017» көрмесінде көпшілікке таныстырылды.  

Ақтөбе облысында «жасыл экономикаға» көшу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар, сондай-ақ ЖЭК нысандарының жұмысы туралы өңір әкімі Бердібек Сапарбаев баяндады.

 

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу