Нұрсұлтан Назарбаев елорданың жаңа нысандарын аралады

Бүгін Қазақстан Президенті «Өңірлердің Астанаға тартуы» жобасы аясында  салынған елорданың жаңа нысандарын аралады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

Алдымен Мемлекет басшысы «Өңірлердің Астанаға тартуы» жобасы аясында Қызылорда облысы салған зымыран-ғарыш техникасы музейінің ашық экспозициясын аралап көрді.

Қазақстан Президенті экспозиция аумағында Қызылорда облысының жұртшылық өкілдерімен әңгімелесті.

Елбасыға ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінің мүмкіндіктері таныстырылды.

Мемлекет басшысы ғылым мен жаңа технологияларды дамыту ісіндегі ғарыш өнеркәсібінің маңыздылығын атап өтті.

«Менің тапсырмам бойынша француз тарапымен бірлесіп, жасанды жер серігін құрастыратын зауытты іске қостық. Жуырда өзіміздің жер серіктерімізді құрастыруға кірісеміз. Бізде зымыран ұшыратын құрылғы бар,  2022 жылға қарай «Зенит» зымыраны дайын болады. Осылайша, ғарыш өнеркәсібіміз жаңа технологиялық деңгейге көтеріліп, Қазақстан толыққанды ғарыш державасына айналатын болады», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Музей «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық ғарыш орталығының аумағында орналасқан. Астананың 20 жылдығына сыйға тартылған зымыран-ғарыш техникасы музейінің ашық экспозициясында «Союз», «Протон», «Зенит» зымыран тасығыштарының, сондай-ақ «Боран» орбита кемесінің үлгілері қойылған.

Одан соң Қазақстан Президенті Астана қаласының сол жағалауында орналасқан 240 орындық жаңа балабақшаны аралап көрді. Бұл білім мекемесінде балалар шығармашылығын дамытып, олардың демалысын ұйымдастыруға арналған музыка залы мен ойын алаңдары бар.

«Almaty balabaqshasy» балабақшасы 12 топтан тұрады. Әрбір топтың Алматы қаласымен байланысты тақырыптық атаулары бар. Балабақша интерьерінің дизайны Алматының белгілі көшелерімен және даңғылдарымен танысуға, сондай-ақ қала тарихы жөнінде мағлұмат алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Есілдің сол жағалауындағы жаңа аллеяны аралап көрді. Осы жерде «Қазақ еліне мың алғыс» монументі алдына жиналған Қарағанды облысының этномәдени бірлестіктерінің өкілдерімен әңгімелесті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан тарихындағы қилы кезеңдердің халық жадында сақталуының маңыздылығын атап өтті.

«Бүгін елордада көріп отырған жетістіктеріміздің бәріне 20 жылдың ішінде қол жеткіздік. Астананы салуға бүкіл Қазақстан атсалысты, басқаша болуы да мүмкін емес еді. Сондықтан біз бұл мерейтойды барлық облыстардың қатысуымен, кеңінен тойлап жатырмыз. Еліміздегі азаматтардың бәрі өздерін жайлы сезініп, жақсы өмір сүргенін қалаймын», — деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы елімізді одан әрі ілгерілету ісінде халқымыздың бірлігі айрықша маңызды екенін айтты.

«Біз бірлігімізді сақтап, бір-бірімізге құрмет көрсетуіміз керек. Мен барша жұрттың Қазақстанда өмір сүріп, еңбек етіп, өсіп-өркендегенін қалаймын. Ең бастысы – тату қарым-қатынасты сақтай білу», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы елорданың жаңа нысандарымен танысу барысында Астана қаласының сол жағалауында орналасқан Ботаникалық баққа барды.

Қазақстан Президенті «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының өкілдерімен әңгімелесіп, бас қаланы және бүкіл Қазақстанды көгалдандыру үшін жүргізілген жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев Ботаникалық бақтың ортасында орналасқан оранжереяны аралап көріп, оны отандық және халықаралық мамандандырылған институттардың ғылыми әлеуетін пайдалана отырып әрі қарай дамыту қажеттігін айтты.

Бақ аумағында велосипед жолы, жүгіруге арналған жолақ, спорттық жабынды, жаяу жүргіншілерге арналған көпір және жасанды су қоймасы бар. Көгалдандыру аумағының жалпы көлемі 613 мың шаршы метрден асады. Мұнда  Еуропа, Азия және Солтүстік Америка елдерінен әкелінген алуан түрлі бұталы өсімдіктер мен ағаштар бар.

Таныстырылым рәсімі кезінде Мемлекет басшысы елорданың көшірілу тарихы мен жаңа астананы салудың негізгі кезеңдері жөнінде айтты.

«Астана төңірегінде орман өспейді деп үнемі айтылатын. Бірақ, бүгінде мұндағы 83 мың гектар жерге отырғызылған ағаштардың биіктігі 20-25 метрге дейін жетті. Жыл сайын орман алқабының аумағы бес мың гектарға ұлғайып келеді. Осы орманды «Шортанды-Бурабай саяжай аймағымен» қосқымыз келеді», — деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Қазақстан Президентіне Ботаникалық бақтың сәнін келтірген, жарық шашқан музыкалы субұрқақ көрсетілді. Оны «Өңірлердің Астанаға тартуы» жобасы аясында Шығыс Қазақстан облысы салды.

 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу