190 елді мекенде су тасқынына қарсы жұмыс жүргізілуде — Ақмола облысының әкімі

Үкімет отырысында су тасқыны салдарын жою және алдын алу шаралары қаралды. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңірде атқарылып жатқан жұмыс нәтижесі туралы баяндама жасады. 

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында барлық зардап шеккен азаматқа мүліктік шығындарға және үйлерді жөндеуге өтемақы белгіленген мерзімінде төленді», — деп мәлімдеді облыс әкімі.

Оның айтуынша, 1 қыркүйекке дейін зардап шеккен 221 отбасына 2,3 млрд теңгеге пәтерлер мен үй сатып алу жұмысы толық аяқталды. Өңірде 330 отбасы үшін жаңа үй салынды, қазір соңғы 38 үйге тұрғындар кіріп жатыр.

«Бұл үйлерді жобалауға тірек ауылдарды дамыту бойынша перспективалық ұстаным негіз болғанын атап өту қажет. Өкінішке қарай, ауа райы жағдайы объектілердегі құрылыс-монтаж жұмыстарына кері әсер етті. Жауын-шашын мөлшерден екі есе артық түсті. Дегенмен, біз жеке тұрғын үй құрылысы барысында, бірінші кезекте, оның сапасына баса мән бердік», — деді М. Ахметжанов.

Облыс басшысының мәліметінше, зардап шеккен азаматтардың өтініші бойынша құрылыс процесінде әрлеу материалдары жақсартылған. Жеке үйлерге ұзақ жанатын заманауи пештер орнатылды. Бұл ретте, осыған дейін қолы жетпеген ауыл тұрғындары орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілуде. Жаңа қоныстанушыларға тұрмыстық техника сатып алынды. 

«Атбасар қаласында тағы бір көп пәтерлі тұрғын үй салынып жатыр, оған жыл соңына дейін су тасқынына қауіпті аймақта тұратын 100 отбасы көшіріледі», — деді әкім.

Сондай-ақ облыста су тасқынының алдын алу шаралары да қатар жүргізілуде. Аталған жұмысты жоспарлау кезінде тұрғындардың ұсыныстары ескерілген. Мәселен, Астана маңы аймағындағы Қоянды және Талапкер ауылдарында еріген суды бұру үшін айналма су арнасын салу бойынша жұмыс жүріп жатыр. Есіл мен Нұра өзендерінің жағалауын нығайту және кеңейту жұмыстары аяқталып келеді.

«Көкшетауда ұзындығы 3 км қорғаныс білігінің құрылысы жүргізілді және бөгетті нығайту жұмысы ұйымдастырылды», — деп мәлімдеді облыс әкімі.

Сонымен қатар Бұланды ауданында бөгетті күрделі жөндеу және Шортанды мен Астрахан аудандарында бөгеттерді нығайту, Аршалы ауданының Анар стансасында бөгетті реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Қазіргі сәтте Атбасарда қорғаныс білігінің шлюздері орнатылуда, ол тасқын судың қауіпсіз өтуін қамтамасыз етеді және 400-ге жуық үйді су басу қаупін азайтады. Жалпы, 190 елді мекенде су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізілуде», — деп баяндады Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов. 

#Президенттің тапсырмасы #Су тасқыны #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу