2018 жылдың бірінші жартысында барлық жерде инвесторларға арналған тәулік бойы жұмыс істейтін колл-орталық ашылады — С. Тұяқбаев

Ұлттық инвестициялық стратегияны іске асыру барысы және шетелдік инвестицияларды тартуға бағытталған шаралар туралы ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен брифингте «Kazakh Invest» ҰК басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаев айтып берді.

Сапарбек Тұяқбаевтың айтуынша, биыл мамыр айында Қазақстанда шетелдік инвесторлармен жұмысты жетілдіруге, олармен кері байланысты қамтамасыз етуге бағытталған CRM ақпараттық-мониторингтік жүйесі іске қосылады. Инвесторлардың барлық бастамалары онлайн режимінде зерттеледі.

«Бүгін Үкімет отырысында елімізге инвестициялар тарту мәселесін қарастыру барысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев өңірлік атқарушы органдардың инвесторлармен жұмысты ұйымдастыруындағы төмен деңгейін сынға алды. Енгізіліп жатқан ақпараттық-мониторингтік жүйе инвесторларға қатысты туындаған мәселелерді жергілікті деңгейде шешуге мүмкіндік береді», — деді Сапарбек Тұяқбаев.

Ұлттық компания басшысы атап өткендей, 2018 жылдың бірінші жартысында барлық жерде тәулік бойы жұмыс істейтін колл-орталық ашылады. Бұл, спикердің пікірінше, инвесторлардың өңірлердегі тұрмыстық мәселелеріне дейін шешуге мүмкіндік береді.

Журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Сапарбек Тұяқбаев Қазақстанның соңғы жылдары елеулі түрде артып келе жатқан инвестициялық тартымдылығын атап  өтті. Мәселен, бұған дейін бірнеше жыл бұрын Қазақстан трансұлттық компанияларға инвестициялар салу тұрғысынан қызығушылық тудырмаса, ал бүгінде еліміздің макроөңіріндегі жағдай айтарлықтай өзгерді. Бұл Мемлекет басшысының елдегі және одан тыс жерлердегі инфрақұрылымды құру жөніндегі сындарлы саясатының арқасында мүмкін болды.

Қазіргі таңда еліміз жолдардың құрылысы, трансұлттық көлік дәліздері, инфрақұрылымды жетілдіру, логистика және басқа да көптеген жағдайлар есебінен транзиттік державаға айналуда. Қазақстан арқылы ЕО мен Қытайдың ең ірі нарықтарына қол жеткізу мүмкіндігі ашылады. Бүгінгі таңда ЭЫДҰ стандарттарына жақындастырылған ішкі инвестициялық ахуал қайта орнықтырылуда.

«Өз кезегінде, Kazakh Іnvest елімізге инвесторларды, ірі ТҰК-ны тарту мақсатында құрылған. Осылайша отандық кәсіпкерлік те жетілдіріледі», — деп түйіндеді С. Тұяқбаев.



Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу