2020 жылы 1 млн 220 мың адамды жұмыспен қамту көзделген — ҚР ЕХӘҚМ

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру мәселелері қаралды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов елдегі қазіргі жағдай туралы баяндама жасады.

Министрдің айтуынша, коронавирус пандемиясы экономикаға және еңбек нарығына теріс әсер етуде. Осыған байланысты Үкімет қабылдап жатқан маңызды шаралардың бірі —  жаңа «Жұмыспен қамтудың жол картасы».

«Бағдарламаның негізгі шарттары – қызмет көрсетушілердің және пайдаланатын құрылыс материалдарының кем дегенде 90%-ы отандық өндірушілер мен мердігерлерден болуы тиіс, құрылып жатқан жұмыс орындарына жұмыссыз жүрген, әсіресе жұмыссыз жастардың кем дегенде 50%-ы жұмыспен қамту орталықтары арқылы тартылуы тиіс», — деді Б. Нұрымбетов.

Жалпы әкімдер «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 6 506 жобаны ұсынды. Оның ішінде 2 703 жоба — әлеуметтік инфрақұрылымға, 1 039 жоба — тұрғын-үй шаруашылығына, 1 799 жоба — инженерлік-көлік инфрақұрылымына және 695 жоба елді мекендерді абаттандыруға қатысты.

Аталған жобаларды іске асыру аясында барлығы 255 мың жұмыс орны құрылады. Іске асырылған жобалар экономиканың түрлі салаларында 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындарын құруға ықпал етеді.

«Жол картасында іріктелген жобалар уақытша жұмыспен қатар әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге, экономикалық тиімділікті арттыруға, аралас салаларды дамытуға, тұрақты жұмыс орындарын құруға ықпал етеді», — деп атап өтті министр.

Сонымен қатар, «Жол картасы» аясында 80 жаңа білім беру мекемесі салынады. Өз кезегінде, бұл апатты және үш ауысымды мектептердің проблемасын шешуге, ауылдағы балалардың білім алуын қамтамасыз етуге, мұғалімдерге 7 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жаңа отбасылық дәрігерлік амбулаториялар ауылдық жерлердегі халықтың денсаулығын жақсартуға, медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіруге, ауылдық жерлерде дәрігер-мамандардың тұрақты жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге жол ашады.

Бұдан өзге, бірқатар облыстарда жұмыс істеп тұрған суармалы кешендерді қайта жаңарту суармалы жерлердің көлемін ұлғайтуға, халықтың егіншілікпен, мал шаруашылығымен айналысу мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады. Есеп бойынша, аталған жобалар аралас салаларда 77 мың тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

«Барлық 6 506 жобаның 2 410-ы республикалық бюджетте қарастырылған қаражат есебінен іске асырылуда. 1 мамырдағы жағдай бойынша мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстар аяқталды, 1 779 жоба бойынша (немесе 73,8%) мердігерлер анықталды», — деді Б. Нұрымбетов.

Бұл бағытта Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Алматы, Түркістан облыстары алда келеді. Бірқатар өңірлерде 1 265 жоба бойынша жұмыс басталды, 17 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, 10 332 жұмысшы қабылданды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Жол картасын» іске асыру мониторингінің тетігін әзірледі. Әрбір облыс, қала, аудан және ауыл бойынша есеп жүргізіледі, әрбір жоба бойынша оның «паспорты» әзірленді. «Паспортта» жобаның атауынан бастап, оның мақсаты, қол жеткізу тиісті түпкілікті жоспарлы көрсеткіші, орындалу мерзімі, мердігер туралы мәліметтер, құрылатын жұмыс орындарының саны, жұмыспен қамту орталығы арқылы қабылданғандардың жалақы мөлшері көрсетіледі.

Бүгінгі барлық бағдарламалардың әлеуетін ескере отырып, 2020 жылы 1 млн 220 мың адамды жұмысқа тартуға мүмкіндік бар.


 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу