2023 жылы шамамен 180 шақырым жылумен жабдықтау желілерін салу және реконструкциялау үшін 54 жобаны іске асыру жоспарланған 

Бүгін Үкімет үйінде министрлер кабинеті тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту мәселесін талқылады. ТКШ жүйелерін жаңғырту туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов баяндады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің басшысы атап өткендей, осы бағыттағы жұмыстар екі бағыт бойынша ұйымдастырылуда – тұрғын үй инфрақұрылымын салу және дамыту, коммуналдық секторды жетілдіру және дамыту.

Бірінші кезекте ведомство басшысы 2022 жылдың қорытындысы, алдағы мақсаттар және осы жылға арналған міндеттер туралы баяндады. Былтыр елімізде 15,4 млн шаршы метр немесе 130 мыңнан астам тұрғын үй салынды. Тұрғын үй құрылысына инвестициялар өткен жылмен салыстырғанда 16,8%-ға өсіп, 2,9 трлн теңгені құрады. Мемлекеттік инвестициялар есебінен 17 мың 300 пәтер салынып, 10,5 мың жеңілдетілген несие берілді

Тұрғын үйді іске қосудың жалпы республикалық жоспарлы көрсеткіші 101,8%-ға орындалды.

Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері жоспарлы көрсеткішті асыра орындады. 8 өңір тұрғын үйді пайдалануға берудің жоспарын орындаған жоқ, оның ішінде Ұлытау, Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстарының көрсеткіштері ең төмен.

«Осы жылы 15,3 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Жоспарлы көрсеткіштер өңірлерге жеткізілді», — деді М. Қарабаев.

Биыл мемлекеттік қолдау есебінен мынадай жұмыстар атқарылады:

  • Қазақстандық тұрғын үй компаниясының әкімдіктерге 158,5 млрд теңге көлемінде облигациялық қарыздар беру есебінен 12,1 мың пәтер кредиттік тұрғын үй салынады;
  • бюджетте көзделген 20 млрд теңгеге 2 мың жеңілдетілген несие беріледі;
  • 43 млрд теңге мөлшерінде 69,2 мың кезекте тұрған адамға тұрғын үйді жалдауға субсидия беру жоспарланған.

Сонымен қатар 2021-2022 жылдар кезеңінде әкімдіктермен салынып, пайдалануға берілген 8,8 мың пәтерлі кредиттік тұрғын үйлерді кезекте тұрған азаматтарға сату үшін, Отбасы банкін жеңілдікті қарыздар беруге қосымша қаржыландыру қажет.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі кезекте тұрған адамдардың әлеуметтік жағдайының қиындығы, сонымен қатар жалдау ақысын субсидиялау бойынша жұмыс құралдарының әлсіз іске асырылуына байланысты, республикалық бюджетте тұрғын үй төлемдеріне көзделген 40 млрд теңге мөлшеріндегі қаражатты жалға берілетін тұрғын үй үшін 4 167 пәтер сатып алуға бағыттауды қарауды ұсынды. Бұдан басқа, осы бағдарлама шеңберінде өңірлер 62,7 млрд теңгеге 6 536 жалға берілетін пәтер сатып алуға қосымша қажеттілікке өтінім берді. 

«Қажетті 166,2 млрд теңге бөлінген жағдайда, 26 мыңға жуық кезекте тұрған адамның тұрғын үй мәселелері осы жылы шешілетін болады. Қазіргі таңда тиісті қаражат бөлу мәселесін Қаржы министрлігімен бірлесіп пысықтап жатырмыз. Тұрғын үй құрылысын жандандыру үшін құрылыс алаңдары жылда инженерлік коммуникациялармен жабдықталып жатыр», — деді Марат Қарабаев.

2022 жылы желілерді салуға 116,4 млрд теңге бөлінді, соның ішінде өңірлер 88,6% игерді, бұл – 103 млрд теңгеден астам. Нәтижесінде 3 837,3 шақырым инженерлік желі тартылды.

Жобалардың құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу барысында жоспардан артта қалуы, сонымен қатар қымбаттауы салдарынан оларға түзетулер енгізуіне байланысты Ұлытау, Батыс Қазақстан, Атырау, Қарағанды облыстарының және Алматы қаласының әкімдіктері қаражатты толық игермеді.

Осы жылы жалпы ұзындығы 3 326 шақырым инженерлік инфрақұрылым құрылысына 80,5 млрд теңге қарастырылған.

Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында жер учаскелерін инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша жобалар іске асырылып жатыр. Биыл 34,3 млрд теңге сомасына 96 жобаны іске асыру жоспарланған. Жыл соңына дейін 33,6 мың жер учаскісі инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі, оның ішінде ауылдық елді мекендерде 20 мың учаске және қалалық елді мекендерде 13,6 мың учаске.

Тұрғын үй қорын сақтап қалу және күтіп ұстау мақсатында көппәтерлі тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстарын өткізу жалғасуда. Бүгінгі күні күрделі жөндеуді қажет ететін кондоминиум объектілерінің үлесі 32%-дан 31,1%-ға дейін төмендеді. Бұл ретте 5 өңірде тұрғын үй қорының жоғары тозуы сақталады. Атап айтқанда Абай облысында, Батыс Қазақстан облысында, Ақмола облысында, Жетісу облысында және Алматы қаласында.

Есептік кезеңде республиканың 11 өңірінде 215 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Осы жылы республикалық бюджеттен тек Қызылорда және Түркістан облыстарының шығыстарына қолдау көрсетілді. Осы өңірлерде көзделген қаражат есебінен 73 тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған.

Қосымша 219 көппәтерлі тұрғын үйді жаңғыртуға 7 өңірден өтінім түсті. Қаражат бюджетті нақтылау кезінде қарастырылатын болады.

«Көппәтерлі тұрғын үйлерді күрделі жөндеу жұмыстарын қаржыландыруды талап ететін өңірлер, бюджеттік өтінімдерді республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізу үшін тездетіп ұсынуы қажет», — деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің басшысы.

Республиканың тұрғын үй қорында тозығы жеткен және авариялық жағдайдағы 3,7 мың үй бар. Авариялық тұрғын үй иелерінің мәселелерін шешу және елді мекендердің сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында бұзылатын үйлердің тізбесін айқындай отырып, қабылданған реновациялау бағдарламалары өзектендірілетін болады. 2029 жылға 1 500 үйді бұзу және 40 мың меншік иесінің тұрғын үй мәселелерін шешуді қамтамасыз ету жоспарланған, оның ішінде биыл 3 мыңнан астам меншік иесін қамтитын 120 көппәтерлі тұрғын үй бар.

Елдің коммуналдық секторын дамыту мақсатында сумен, жылумен жабдықтау, су бұру жүйелерін салу және реконструкциялау жұмыстары жалғасуда. Аталған желілердің жалпы ұзындығы 129 мың шақырымды құрайды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша түрлі қаржыландыру көздері есебінен 3 мың шақырымға жуық желілер реконструкцияланды. Нәтижесінде желілердің жалпы тозуы 53%-дан 51%-ға дейін төмендеді. Биыл шамамен 2 мың шақырым желіні жаңғырту арқылы желілердің жалпы тозу көрсеткішін 50%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр. 14 мыңнан астам шақырым желіні салу және реконструкциялау арқылы 2029 жылға қарай тозу көрсеткішін 40%-ға дейін төмендету көзделген.

Жылу желілерін жаңғырту бүгінгі таңда ең өзекті мәселе болып табылады. Қазір республика бойынша орташа тозу 54%-ды құрайды. Қазіргі уақытта тозығы 65%-дан жоғары, күрделі жағдай 5 өңірде байқалады.

Биыл шамамен 180 шақырым жылумен жабдықтау желілерін салу және реконструкциялау үшін 54 жобаны іске асыру жоспарланған. Бюджеттік өтінімдерді осы күнге дейін 7 өңір ұсынған жоқ, олар Алматы қаласы, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Жетісу және Түркістан облыстары.

2022 жылдың қорытындысы бойынша сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік қалаларда 98,4%, ауылдық елді мекендерде 94,5% құрады. Жамбыл облысының қала тұрғындары және Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарының ауыл тұрғындары үшін сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік төмен екені байқалады. Бүгінде еліміздің 6 өңіріндегі қала тұрғындары сумен жабдықтау қызметтеріне 100% қол жеткізген, олар Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Жетісу, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстары.

Осы жылдың қорытындысы бойынша 5 қала және 192 ауылдық елді мекен сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізетін болады. Жобаларды іске асыруға республикалық бюджеттен 172 млрд теңге көзделген. Нәтижесінде ауыл халқының 96%-ы және қала халқының 98,7%-ы сумен жабдықтау қызметтерімен қамтылатын болады. 

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылдың соңына дейін сумен жабдықтау қызметтерімен қалалар мен ауылдардағы халықтың 100%-ы  қамтамасыз етіледі», — деді Марат Қарабаев.

Солтүстік Қазақстан облысында 2022 жылы тұрғын үйді іске қосу жоспары 401 мың шаршы метрді құрады. Оның 299 мыңы немесе 75 проценті енгізілді. Бұл туралы өңір басшысы Айдарбек Сапаров хабарлады. 

Тұрғын үйді іске қосу көрсеткішін орындамауға құрылыс материалдарының қымбаттауы себеп болды, осыған байланысты облыс орталығында тұрғын үйлерді пайдалануға беру жобаларды түзету себебінен 2023 жылға ауыстырылды. Бұл коммерциялық тұрғын үй құрылысының қарқынына да әсер етті.

Екіншіден, 2019 жылдан бастап облыс аудандарында тұрғын үйді пайдалануға берудің негізгі үлесі «Еңбек» бағдарламасын» іске асыру аясында жеке тұрғын үй салу есебінен қамтамасыз етілді. Тұрғын үйді іске қосу көрсеткішіне қол жеткізу үшін 2023 жылы қолда бар мүмкіндіктерді ескере отырып, іске асырылатын жобаларды қайта қарау жөніндегі жұмыс жүргізіледі.

Осылайша, жоспар келесі баспаналарды пайдалануға беру есебінен орындалады:

– бюджеттік құрылыс – 77 мың шаршы метр;

– коммерциялық құрылыс – 93 мың шаршы метр;

– жеке тұрғын үй – 130 мың шаршы метр.

«Сонымен қатар Петропавл қаласының Оңтүстік және Солнечный шағын аудандарында жеке тұрғын үй құрылысы үшін 3 мыңнан астам жер учаскесін қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс жүргізілді», — деді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтың хабарлауынша, 2022 жылы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысын жүргізуге 7,4 млрд теңге бөлініп, оның ішінде 4,7 млрд теңге игерілді, бұл бөлінген қаражаттың 63,3%-ы.

Игерілмеген 2 млрд теңгеден астам қаражат Атырау қаласының Талғайран ауылында ауданы 62 гектар учаскеге барлық инженерлік инфрақұрылымды жүргізуге қатысты жобалар.

Қаражаттың толық және уақытылы игерілмеуінің негізгі себептері:

  • Мемлекеттік сатып алу барысында айқындалған мердігерлердің өздеріне алған міндеттемелерін орындамауы,себебі кейбір жеңімпаз компаниялардың өңірімізде материалды техникалық базасының болмауына байланысты жұмыстарды ұйымдастыра алмады.
  • Құрылыс материалдарымен, құрал жабдықтарға бағаның қымбаттауы, әсіресе құрал жабдықтарға баға күрт өсті. Осыған байланысты кейбір мердігерлердің жұмысты тоқтатуы, себебі ЖСҚ көпшілігі 2018 жылдардан бастап жасақталып, сол кезгі баға айқындалған болатын.

Аталған мәселелерді шешу үшін әкімдікпен алынған міндеттемелерді уақытылы орындамағаны үшін мердігерлермен келісім шарттарды бұзу және оларды жосықсыз мердігер деп тану бойынша Мамандандырылған экономикалық сотына талап арыздар жолданып, тапсырыс берушінің пайдасына шешілді. 

Құрылыс материалдарына және құрал жабдықтарға бағаның өсуіне байланысты жобаларға түзету еңгізуге шешім қабылданып жұмыстар жүргізілуде.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу