2024 жылдан бастап Түркістан облысының жылыжай шаруашылықтарына қосымша 150 мың тонна шұбаркөл көмірі жеткізіледі

«Шұбаркөл Көмір» АҚ мен Түркістан облысының жылыжай шаруашылықтары арасында қатты отынды жеткізуге тікелей келісімшарт жасасу арқылы қосымша 150 мың тонна көмір жеткізу туралы келісімге барлық мүдделі қатысушылар: Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің өкілдері, Түркістан облысы әкімдігі, жылыжай шаруашылықтары, көмір жеткізу жөніндегі өңірлік операторлар, көмір кәсіпорындары және «ҚТЖ» ҰК» АҚ өкілдерімен бірнеше рет жүргізілген келіссөздер нәтижесінде қол жеткізілді. 

Жылыжай шаруашылықтары үшін 1 тонна көмірдің құны 10 350 теңгені құрайды. Жеткізу 2024 жылдың 1 қаңтарынан басталады. Қызығушылық танытқан жылыжай шаруа қожалықтары келісімшарт жасасу тәсілдері туралы толық ақпарат алу үшін Түркістан облысы әкімдігінің энергетика басқармасына хабарласуы қажет. Өңір әкімдігінің мәліметінше, биылғы 20 шілдедегі жағдай бойынша облысқа 148,8 мың тонна көмір жөнелтіліп, жылыжай шаруашылықтары одан 28 мың тонна көмір сатып алды. 

Сонымен қатар әрбір өңірдің қажеттіліктері мен ерекшеліктерін ескере отырып, коммуналдық-тұрмыстық көмір сауда-саттығының нормативтерін ретке келтіру мақсатында СИМ Сауда комитеті, БҚДА және ИИДМ-мен бірлесіп биржалық сауда саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізу жұмыстарын бастады.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың ақпан айының басында Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин қалың қардан зардап шеккен Түркістан облысының жылыжай иелерімен кездескен болатын. Сол кездесуде олар вице-премьерге көмірді жеткілікті мөлшерде қамтамасыз ету және субсидияларды қайтару туралы өтінішпен жүгінген еді. Вице-премьер шаруаларды Үкіметтің жылыжай шаруашылықтарын субсидиялау туралы шешімі туралы хабардар етті. Ол үшін жылыжай сертификаттаудан өтіп, өндіріс стандарттарына сай болуы керек. Осы мақсатта С. Жұманғарин жылыжай шаруашылығының ұлттық стандартын әзірлеуді тапсырды.

Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі басым дақылдарды өндіру шеңберінде жылыжай шаруашылықтарын субсидиялауды енгізу бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Атап айтқанда, маусымаралық кезеңде жылу энергиясына арналған шығыстарды субсидиялауды енгізу жоспарланып отыр. Субсидия алуға өтініш беру үшін жылыжайдың өндіріс технологиясына сәйкестігі туралы сертификат қажет.

Осы мақсатта вице-премьер С. Жұманғариннің тапсырмасы бойынша Сауда және интеграция министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп 2023 жылдың 1 мамырынан бастап күшіне енген шаруа қожалықтарының жылыжайлары үшін ұлттық стандартын (ҚР СТ 3834-2023) бекітті. Бүгінде Ұлттық аккредиттеу орталығы республика бойынша аккредиттеу саласындағы бөлімшелер желісі бар "жылыжай" өнімі бойынша «ҰлтЭкС» АҚ бастапқы аккредиттеу жөніндегі жұмыстарды аяқтауда. Сертификаттау бойынша дайындық жұмыстары тамыз айының бірінші онкүндігінде аяқталады деп күтіліп отыр.

АШМ тарапынан әкімдіктің қаулысымен бекітілген субсидиялар нормалары бойынша 1 га шығындарды өтеуді көздейтін субсидиялау қағидаларына тиісті өзгерістер әзірленді. Ережелер 2023 жылдың тамыз айының соңына дейін қабылданады деп күтілуде.

#Серік Жұманғарин #Энергетика #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу