Аида Балаева Алакөл жағалауының жазғы туристік маусымға дайындығымен танысты

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Жетісу облысындағы туристік инфрақұрылымның жазғы маусымға дайындығымен танысып, Алакөл жағалауындағы негізгі нысандардың жай-күйін тексерді.

Жұмыс сапарына орталық мемлекеттік органдардың, Үкімет аппаратының, салалық ведомстволардың өкілдері, сондай-ақ Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев қатысты.

Тексеру барысында Үкімет басшысының орынбасары қонақүй кешендері, кәріз-тазарту құрылыстары нысаны, Көктұма ауылындағы жағалауды бекіту учаскесі және Үшарал қаласының әуежайын аралады. Әр бағыт бойынша нысандардың қазіргі дайындығы мен жобалардың іске асу қарқыны жөнінде баяндалды.

Облыс әкімдігі жағалауды жазғы туристік маусымға дайындау бағытында ауқымды әрі жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда. Президент өткен жылы да туристік аймақтарда тәртіп орнату, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ инвесторлар үшін нақты қолайлы жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударған болатын. Бүгінде бұл мәселе Мемлекет басшысының айрықша бақылауында. Атап айтқанда, жалпы ұзындығы 488 шақырымды құрайтын Талдықорған – Үшарал және Үшарал – Достық автомобиль жолдарын реконструкциялау аяқталып, жағалаудың көлік қатынасы едәуір жақсарған. Үшарал әуежайының ұшу-қону жолағын жаңғыртудан кейін ірі әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік жасалып, қосымша терминал салу жобасы да әзірленген.

Туристік аймақтың инженерлік инфрақұрылымы да едәуір нығайтылған. 57 шақырым электр желісі мен екі қосалқы станса құрылысы аяқталды. Бұл бұрынғы қуат тапшылығын жойып, алдағы кезеңге қажетті электр энергиясының қорын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Ақши ауылында 69 шақырым кәріз желісінің құрылысы аяқталды. Ақши мен Көктұмадан шығатын ағын суларды қабылдап, тазалап, суды техникалық мақсатта қайта пайдалануға мүмкіндік беретін тазарту құрылыстары жобасын іске асыру жалғасуда. Нысанды биылғы қазан айында толық жабдықтап, инженерлік желілерге қосу жоспарланған. Осылайша жағалаудағы санитариялық жағдай, су бұру және экологиялық қауіпсіздік мәселелері кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді.

Жағалауды бекіту жұмыстарының барысына да баса назар аударылды. Жоба Алакөл жағалауының 13 шақырым аумағын қамтиды. Тексеру барысында бірқатар учаскелерде, соның ішінде жағалауға жақын орналасқан нысандар маңында жағаның шайылу белгілері бар екені тіркелді. Туристік нысан иелерінің айтуынша, қыс мезгілінде ірі мұз массалары жыл сайын жағалау жиегіне әсер етіп, топырақты шайып, жағажай аумағына зақым келтіреді. Соның салдарынан кәсіпкерлер әр маусым сайын жағажайларды қалпына келтіруге және абаттандыруға қайтадан қаржы салуға мәжбүр. Қазіргі уақытта Көктұмада 960 метр, Ақшиде 200 метр аумақта жағалауды бекіту жұмыстары атқарылған. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуы тиіс. Өйткені аумақтың қорғалуы, нысандардың сақталуы және жағалаудың одан әрі дамуы соған тікелей байланысты.

Жағалаудың санитариялық дайындығы жөнінде де жеке баяндалды. Осы мақсатта коммуналдық база нығайтылып, санитариялық тазарту жұмыстарына қосымша 42 бірлік арнайы техника сатып алынған. Маусымдық бригадалардың жұмысы күшейтіліп, қоқысты жүйелі шығару, қоғамдық кеңістіктер мен жағажай аумағын күтіп ұстау шаралары ұйымдастырылып жатыр.

Маусымның жақындауына байланысты қауіпсіздік мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Жағалауда құтқару бөлімшелері жұмыс істейді, жазғы кезеңде маусымдық құтқарушылар қосымша тартылады, техника және құрал-жабдықпен жарақтандыру күшейтіледі. Сонымен қатар бейнебақылау, дрон арқылы мониторинг, қолданыстағы шектеулер мен құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік туралы ақпараттық ескертпелер орналастыру көзделген. «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» қағидаттары жағалаудың бүкіл аумағында нақты көрініс табуға тиіс екені атап өтілді. Бұл ең алдымен тазалықтан, тәртіптен, белгіленген талаптардың сақталуынан және барлық қызметтердің үйлесімді жұмысынан байқалуы қажет.

Күн тәртібінде туристік саладағы еңбек қатынастары мәселелері де қаралды. Әсіресе жастар мен студенттерге қатысты бейресми жұмыспен қамтудың алдын алу қажеттігіне ерекше мән берілді. Барлық еңбек қатынастары, еңбекақы төлеу және еңбек жағдайлары тұрақты бақылауда болуы тиіс.

Алакөлді дайындаумен қатар, облыс әкімдігі Балқаш көліндегі туристік инфрақұрылымды дамыту бағытында да жұмыс жүргізіп жатқаны айтылды. Жағалау аймағының бас жоспары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бекітілген, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде, жағажай инфрақұрылымын аяқтау 15 маусымға жоспарланған. Сонымен қатар аумақты одан әрі дамытуға және инвестиция тартуға бағытталған ілеспе жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Аида Балаева атқарылған жұмыстар жағалаудың жаңа инфрақұрылымдық негізін қалыптастырып жатқанын атап өтті. Сонымен бірге демалушылар ағынының ұлғаюын ескере отырып, басты өлшем нақты нәтиже мен барлық қызметтердің дайындығы болып қала беретінін айтты.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Премьер-министрдің орынбасары жағалаудың жазғы маусымға толық дайындығын қамтамасыз етуді, негізгі инфрақұрылымдық жобаларды белгіленген мерзімде аяқтауды, қауіпсіздік пен санитариялық күтіп-ұстау шараларын күшейтуді, демалушыларға арналған көрнекі профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жолға қоюды, сондай-ақ туристер ағынының өсуі мен ішкі туризмді дамытудың ұзақмерзімді міндеттерін ескере отырып, туристік аймақты жүйелі жаңғыртуды жалғастыруды тапсырды.

#Инфрақұрылымдық даму #Туризм #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу