Әлихан Смайылов МАЭК-тегі қалпына келтіру жұмыстарының барысын тексерді

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында (МАЭК) жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының барысын тексеру үшін Ақтауға жұмыс сапарымен келді. Онда 3 шілде күні апаттық жағдайда №1 энергетикалық блоктың жұмысы тоқтап қалған болатын.

МАЭК Ақтау қаласының және Маңғыстау облысының басқа да елді мекендерінің тұрғындарын электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ кәсіпорынның тұщыландыру кешені ауыз су, ыстық және техникалық су береді.

МАЭК-тің негізгі энергетикалық жабдықтары өткен ғасырдың 60-90-шы жылдары пайдалануға берілген, оның тозу деңгейі бүгінгі күні 80%-дан асады. Осыған байланысты Мемлекет басшысы кәсіпорынды жаңғырту туралы тапсырма берген болатын. Аталған жұмыс аясында әкімдік резервінен электр станциясының әбден тозған жабдықтарын, тұщыландыру қондырғыларының сорғы жабдықтарын және т. б. ауыстыруға 2,6 млрд теңге бөлінді.

Комбинатты аралау барысында Әлихан Смайылов Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен «МАЭК» ЖШС бас директоры Жасұлан Сүйіншәлиевтің ЖЭС-тегі қазіргі ахуал туралы, сондай-ақ болған апаттың салдарын жою бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндамаларын тыңдады. Жөндеу жұмыстары кесте бойынша жүргізіліп жатқаны атап өтілді, 7 шілдеде энергия блогын толық жұмыс режиміне шығару жоспарланып отыр.

Премьер-Министр МАЭК-тің энергетикалық жабдықтарының тозуынан жабдықтар жиі істен шығып, апатты жағдайларға әкелетінін атап өтті. 3 шілдеде №1 энергоблоктың тоқтап қалуы салдарынан Маңғыстау және Атырау облыстарындағы нысандар жарықсыз қалды.

«Үкімет энергетикалық жабдықтарды жаңғырту үшін 4,9 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Бұл кәсіпорын жұмысының тұрақтылығын арттырады. Әкімдік барлық өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысын тез арада қалпына келтіруі қажет», — деді Әлихан Смайылов.

#Әлихан Смайылов #ҚР Премьер-Министрі #Электр энергетикасы #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу