Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Үкімет отырысында сот және құқық қорғау қызметінің ақпараттық жүйелері қаралды

23 қаңтар 2018, 12:29

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында құқық қорғау қызметін, атқарушылық іс жүргізу мен сот сараптамасының мәліметтерін цифрландыру барысы қаралды.

Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында электрондық қылмыстық іс, әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізімі, тексеру объектілері мен субъектілерінің бірыңғай тізімі, талдау орталығы, азаматтардың электрондық өтінімдері секілді бес құрамдас бөліктен тұратын «Электрондық іс» жобасы жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Мәлімделген деректерге сәйкес, жобаны іске асыру мерзімі — 2021 жылдың желтоқсан айына дейін жалғасады.

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов өз сөзінде қазіргі таңда ішкі істер органдарында, соның ішінде жол полициясы, көші-қон қызметі, қылмыстық-атқару жүйесі және жедел-криминалистикалық қызмет саласында 19 ақпараттық жүйе бар екенін хабарлады.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында ІІМ-нің үш инвестициялық жобасын — «Полицияның учаскелік инспекторы», «Тергеуші» ААЖ және «Шағын қалалардың жедел басқару орталықтарын құру» ақпараттық дерекқорын жүзеге асыру көзделген.

Әділет министрі Марат Бекетаев «Қазпошта» АҚ-мен бірлесіп, борышкерге мемлекеттік шекара және қалалар мен облыстардың қоғамдық орындарында кассалық қызмет көрсету пунктері мен терминалдар арқылы қарыздарын төлеу мүмкіндігін беру мақсатында тиісті қызметтер әзірленді.

Мәселен, 2017 жылдың маусым айында Астана, Алматы, Ақтау, Қарағанды, Шымкент, Атырау, Қызылорда және Өскемен қалаларының әуежайларында «Қазпошта» терминалдары арқылы берешекті өтеу қызметі енгізілді. Жақын арада Қазақстанның халықаралық қатынастағы барлық әуежайларын және «Қорғас», «Қордай», «Жаңажол», «Жібек жолы» және т. б. секілді ірі шекаралық өткізу пункттерін қамтамасыз ету жоспарда бар.

2017 жылы қарызды төлеу үшін IOS және Android базасында қосымшалар іске қосылды. «Қазпошта» АҚ қаржылық құралдары арқылы іске қосылған кезеңнен бастап 649 борышкер 34,4 млн теңге сомасында қарыздарын төледі.

«ЦентрКредит» банкімен борышкерлердің есептік шоттары туралы, оларға тыйым салу/алу және ақша қаражаттарын есептен шығару жөніндегі сервис электрондық форматта іске қосылды. Биылғы жылдың ақпан айының соңына дейін осыған ұқсас қызметтер «Каспи банк» пен «Қазақстанның Халық банкінде» іске қосылады. «Қазком», «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» және «ВТБ» ақпараттық жүйелерінде тестілеу режимінде жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бұдан өзге, әділет министрі «Сот сараптама орталығы» қызметін автоматтандыру мақсатында «Зерде» холдингімен бірлесіп, «Е-сараптама» ақпараттық жүйесі әзірленіп жатқанын айтты. Жүйені жасау құрылымдық бөлімшелер және Сот сараптама орталығының арасында мәлімет алмасуды қорғалған байланыс арналарымен жүргізуге мүмкіндік береді. Жүйені іске қосу 2018 жылға жоспарланған. 2018 – 2020 жылдары «Е-сараптама» жүйесін мемлекеттік органдардың өзге де ақпараттық жүйелерімен иинтеграциялау жоспарланған.

Сот жүйесін цифрландыру туралы Жоғарғы сот аппаратының басшысы Нұрсерік Шәріпов баяндады. Аталған мәліметтерге сәйкес, биыл 1 қаңтардан бастап Қылмыстық іс жүргізу кодексінің өзгеруіне байланысты соттар істерді электрондық форматта қарауға көшті. Бұдан өзге, 2017 жылы азаматтық істер бойынша бұйрық өндірісі, әкімшілік істерді қабылдау қызметі электронды түрде іске қосылды.

«Цифрлық технологияларға жаппай көшу сыбайлас жемқорлықты азайтып, артық қағаз түріндегі құжат айналымынан арылтатыны сөзсіз», — деді Н. Шәріпов.

Сонымен қатар осы мәселе бойынша ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек сөз сөйледі.

Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев бүгінгі таңда құқық қорғау органдарында цифрландыру бойынша елеулі жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.

«Бүгін аталып өткен жобалар қылмыстық және әкімшілік процестерді жеңілдету үшін өте маңызды әрі азаматтардың қорғалуын арттыру тұрғысынан өзекті», — деді А. Жұмағалиев.

Мәселені талқылау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев әкімдерге жарақтандыру мәселелерін дер кезінде шешуді тапсырды. Бақытжан Сағынтаев ақпараттық жүйелерді біріктіру бойынша жұмыстарды жалғастыру қажет екенін айтты.

Жоғарыда аталған мәселелерді үйлестіру жұмыстары ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиевке жүктелді.