Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Б. Сағынтаев Алматыда өтетін «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» ЕАЭО форумына және ЕҮАК отырысына қатысады

02 ақпан 2018, 09:05

Бүгін Алматыда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» ЕАЭО халықаралық форумына және Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысына қатысады.

Бүгін 2 ақпанда Алматыда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» форумы өтеді, оның аясында инновацияларды және технологиялық кәсіпкерлікті дамыту, базалық интеграциялық жобалар, Еуразиялық экономикалық одақтағы өнеркәсіптік цифрландыру және ауыл шаруашылығын цифрлық трансформациялаудың өзекті мәселелері талқыланады. 

Форум жұмысына Арменияның Премьер-Министрі - К. Карапетян, Беларусьтің Премьер-Министрі - А. Кобяков, Қазақстанның Премьер-Министрі - Б. Сағынтаев, Қырғызстанның Премьер-Министрі - С. Исаков, Ресейдің Премьер-Министрі - Д. Медведев, сондай-ақ  Әзірбайжан мен Тәжікстанның ресми делегациялары қатысады.

Еске салсақ, 2017 жылғы қазанда Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында ЕАЭО мүше мемлекеттердің басшылары 2025 жылға дейінгі цифрлық күн тәртібінің негізгі бағыттарын бекітті, сондай-ақ Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ЕАЭО экономикасын цифрландыру бойынша арнайы кездесу өткізу туралы бастамасын қолдады.  

Форумның онлайн-таратылымын 2 ақпанда 11:00-де PrimeMinister.kz сайтынан және Фейсбук, «ВКонтакте», Твиттер, Перископ және Одноклассники әлеуметтік желілерінен, Ютуб ресми арнасынан, сондай-ақ Андроид пен Айфонға арналған мобильді қосымшалардан көріңіздер. 

Күннің екінші жартысында Бақытжан Сағынтаев Еуразиялық үкіметаралық кеңестің шағын және кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысады.

Іс-шараға Армения Республикасының Премьер-Министрі - К. Карапетян, Беларусь Республикасының Премьер-Министрі - А. Кобяков, Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі - С. Исаков, Ресей Федерациясының Премьер-Министрі - Д. Медведев және Еуразиялық экономикалық комиссиянның Алқа Төрағасы Т. Саркисян қатысады деп болжанып отыр.

Шағын құрамда цифрлық күн тәртібі мәселелерін, сондай-ақ ішкі нарықтың жұмыс жасауы шеңберіндегі қатысушы елдердің міндеттемелерін қарау жоспарланған.     

Кеңейтілген құрамдағы отырыста қатысушылар макроэкономикалық жағдайды және ЕАЭО мүше мемлекеттердің арасындағы өзара сауда жағдайын талқылайды, агроөнеркәсіп кешені, өнеркәсіп кешені дамуының ортақ болжамдарын және ЕАЭО мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру мәселелерін талқылайды.

Отырыс қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарды қабылдау жоспарланған.

Анықтама: Алда өтетін Еуразиялық үкіметаралық кеңес биыл алғашқы болмақ. 2017 жылы осындай іс-шаралар Бішкекте (Қырғызстан), Қазанда (Ресей Федерациясы), Астанада (Қазақстан) және Ереванда (Армения) өтті.