Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Президенттің шағын несиелендіруді кеңейту бойынша бастамаларын іске асыру ауыл тұрғындарына жаңа мүмкіндіктер ашады — Н. Әлтаев

07 наурыз 2018, 15:30
Фото: primeminister.kz

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев Президенттің бес әлеуметтік реформасын іске асыру аясында шағын несиелендіруді кеңейту туралы айтып берді.

Нұржан Әлтаев айтып өткендей, бүгін Президенттік әлеуметтік бастамаларды іске асыру бойынша еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдына жаңа міндеттер қойылды.

Мемлекет басшысы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар арасында жаппай кәсіпкерлікті дамытуда жеңілдікті шағын несиелерді ұсыну тетіктері аса тиімді екенін айтып өткен болатын.

Шағын несиелендіруді кеңейту бойынша бастамаларды іске асыру нәтижесінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз азаматтар өздерінің жеке ісін ашып, жаңа жұмыс орындарын құра алады.

«Бұл бастама өте маңызды, себебі бізде ауылда тұрақты жұмысы жоқ немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған көптеген адамдар өз бизнесін ашып, қандай да бір кәсіпкерлікпен айналысқысы, табыс тапқысы, жаңа жұмыс орындарын ашқысы келеді. Бірақ, олардың бастапқы капиталы жоқ», — деп атап өтті Нұржан Әлтаев.

Вице-министрдің айтуынша, бүгінгі таңда екінші деңгейдегі банктер бірқатар себептерге байланысты ауыл тұрғындарына несие бермейді. Өз бизнесін ашып, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін адамдар өз бизнесін қалай бастайтынын оқуы тиіс, содан кейін оларға бастапқы ақшалай қаражат ұсынуға болады.   

«Ауылдарда Ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы шағын несиелер ұсынылады. Олардың пайыздық мөлшерлемесі бар-жоғы жылдық 6% құрайды. Ауылдарда мұндай пайыздық мөлшерлеме жоқ. Бұл мемлекет тарапынан өте үлкен көмек», — деді Нұржан Әлтаев.

Егер ауыл тұрғыны бұл несиені мал шаруашылығын дамыту немесе өз әріптестерімен бірге кооператив құру үшін алатын болса, онда бұл несие жылдық 7%-бен беріледі.

Оған қоса, Нұржан Әлтаев 2017 жылы Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыру басталғанын еске салды, оның аясында азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау құралдары жүзеге асырылады.  

2017 жылы барлығы 7 227 шағын несие немесе жоспардың 124% (5 800 шағын несие) берілді, олардың ішінде ауылдар мен шағын қалаларда шағын несиелерді 6 791 адам, қалаларда — 436 адам алды. Шағын несиелер алған 4 127 адам немесе 57,1% жеке кәсібін ашып, кәсіпкерлерге (стартап-жобалар) айналды. «Бастау–Бизнес» жобасы аясында, кәсіпкерлік қабілеттерді оқытумен 15 000 адам немесе жоспардың 100% қамтылды, олардың ішінде 8 285 адам бизнес жобаларын қорғады, 3 314 адам шағын несие алды.

Соның нәтижесінде Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсікерлікті дамыту бағдарламасының шараларын іске асыру 2017 жылы әрекет етуші ШОБ өсімін 3,6%-ға арттыруға мүмкіндік берді.

2018 жылы Бағдарламаны қаржыландыруға жалпы 87 млрд теңге қарастырылған.

Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін толық орындау үшін келесі тетіктерді орындау көзделген.

Қосымша бөлінген 20 млрд теңгеден 14 млрд теңгесін ауылдардағы несиелендіруге жұмсап, қалған 6 млрд теңгесін қалалардағы несиелендіруге бағыттау керек. 

Қала мен ауылға шағын несиелер беру лимиттері қайта қаралатын болады. Қалалардағы және ауылдық жерлердегі зәкірлік жобаларға берілетін шағын несиенің орташа мөлшері 6,5 млн теңгеден аспайды. Ал ауылдық жерлердегі басқа жобаларға — көп дегенде 3,5 млн теңге.

Кәсіпкерлік бастаманы дамыту Бағдарламаға қатысушыларды жұмыспен қамтамасыз етумен қатар, қосымша жұмыс орындарын ашу, жаңа өндіріс құру немесе қызмет көрсетуді дамыту және шығарылатын өнім көлемін ұлғайту түрінде мультипликативтік әсерін тигізеді.

Осылайша, шағын несиелендіруді кеңейту 2018 жылы 14 мыңнан астам адамды несиелендіруге мүмкіндік береді және қосымша жаңа жұмыс орындарын ашуды ескере отырып, жалпы жұмыспен қамту ауқымы шамамен 40 мың адамды құрайтын болады.

Сондай-ақ, Нұржан Әлтаев шағын несиелер алу тетігі туралы айтып берді. Мәселен, ауыл тұрғыны ХҚКО-ға, «Атамекен» ҰКП бөлімшесіне немесе ауылдық округ әкімдігіне жүгінуі керек. Оның өтініші дереу жұмыспен қамту орталықтарына жіберіледі. Ол жақта оны шынымен де жұмыссыз екенін немесе өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарында екенін анықтау үшін, «Еңбек» ақпараттық жүйесі арқылы тексереді. Бұдан кейін оған кеңес беріледі. Кейін ол «Бастау–Бизнес» бағдарламасы бойынша оқытуға жіберіледі. Оқудан кейін сертификат алады. Бұл сертификатпен ол 5-7 жылға жылдық мөлшерлемесі 6% болатын несие алу құқығына ие болады.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз