Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Б. Сұлтанов: Жекешелендіру процесі бірқалыпты тұрақты режимде жүргізілуде — 397 нысан сатылды

10 сәуір 2018, 12:18
Фото: primeminister.k

Бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында жекешелендіру жүргізу барысы қаралды.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов осы жылдың І тоқсанындағы Жекешелендірудің кешенді жоспарын орындау нәтижелері туралы баяндады. Оның айтуынша, қазіргі таңда мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталы 2016–2020 жылдарға арналған Жекешелендірудің кешенді жоспарының 877 нысаны бойынша толық ақпаратты қамтиды.

«Өткен кезеңде Жекешелендірудің кешенді жоспары бойынша 482 нысан сатылымға шығарылып, оның 397-сі сатылды. Сату бағасы 199 млрд теңгені құрады.  Бұдан өзге, 274 нысан қайта ұйымдастыру және тарату сатысында тұр. Осылайша, бүгінде қайта ұйымдастырылатын және таратылатын нысандарды қоса есептегенде, Жекешелендірудің кешенді жоспарының орындалуы 76% құрайды», — деді Бақыт Сұлтанов.

Биыл 265 нысанды өткізу көзделген, оның ішінде І тоқсанда — 40 нысан. Қаржы министрлігінің мәліметіне сәйкес, тоқсан қорытындысы бойынша 45 нысан сатылымға шығарылып, олардың ішінен 19 млрд теңге сомасына 20-сы сатылды. 10 нысан бойынша тарату туралы шешім қабылданды.

Жалпы жекешелендіруге жататын 71 топ нысанның бүгінде 13-і сатылды. Сату бағасы 95 млрд теңгені құрады. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының 7 нысанын бас компанияның құрамында «пакеттік» сату туралы шешім қабылданды. Биыл 40 топ нысанды өткізу жоспарланып отыр.

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың 16.01.2018 жылғы ҚР Үкіметінің отырысында жекешелендіру үрдісін баяулататын бұзушылықтарды жою бойынша берген тапсырмаларын орындау аясында осы бұзушылықтар туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарының интернет-сайттарында жарияланды. Сонымен қатар, мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталындағы «Жекешелендірудің екінші толқыны» атты баннерде кемшіліктерге жол берген объектілер мен сатушыларды көрсететін бөлек қызыл жолақ жасалды.

Бұдан өзге, ҚР ҰЭМ-ге «Мемлекеттік мүлік туралы» заңға жекешелендіру процесін жақсартатын бірқатар түзетулер ұсынылды.

«Жалпы алғанда, жекешелендіру процесі бірқалыпты тұрақты жүйеде жүргізілуде, міндеттер мен мақсаттар айқындалған. Өз кезегінде Қаржы министрлігі мониторингтің электрондық жүйесі арқылы жекешелендіру процесіне тұрақты бақылау жүргізуде және қажет болған жағдайда тиісті шаралар қабылданады», — деп қорытындылады Бақыт Сұлтанов.

Өз кезегінде Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Жекешелендірудің кешенді жоспарын жүзеге асырудың тиімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстарға тоқталды. Бұл жекешелендіруден кейінгі бақылауды күшейту, бірінші сатылымда бір қатысушыға бастапқы бағадан төмен емес жекешелендіру объектілерін сату құқығын беру тұрғысынан «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңға өзгерістер енгізу, МЖӘ тетіктерін пайдалана отырып, жеке секторға республикалық және квазимемлекеттік меншіктің әлеуметтік объектілерін беру мүмкіндігі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылғы Жолдау аясында мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор объектілерін түгендеу жұмыстары жалғасуда. Аталған жұмыстың нәтижелері 2018 жылғы тамыз айында ұсынылып, Кешенді жоспардың объектілер тізімі жаңартылатын болады», — деп түйіндеді Тимур Сүлейменов.

«Самұрық-Қазына» қорының Жекешелендірудің кешенді жоспары аясында атқарған жұмыстары туралы Қордың басқарма төрағасының орынбасары Алик Айдарбаев айтып берді.

Оның айтуынша, ҚР Үкіметінің қаулысын іске асыру аясында Қор 214 активті сатуды жоспарлап отыр, оның ішінде осы жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша 122,88 млрд теңгеге 76 актив сатылып, 64 актив тарату немесе қайта ұйымдастыруға берілді.

2018 жылдың соңына дейін 61 активті сату жоспарланып отыр. Олардың 11-і жыл басынан бері сатылды, 16 актив бойынша келісімшарттар жасалуда. Тағы 16 мемлекеттік комиссиядан өтіп, сатуға қойылды, 18 — мемлекеттік комиссиядан өтуге әзірленді.

Нәтижесінде, 2018 жылдың соңына дейін қор құрамындағы кəсіпорындардың саны 300-ге дейін қысқартылуы тиіс. 2020 жылға дейін 7 ірі активті іске асыру («Қазақтелеком», «Қазатомөнеркәсіп», «Эйр Астана», «ҚазМұнайгаз», «Самұрық-Энерго», «Қазпошта» және «ҚТЖ») көзделген, олардың 3-і IPO / SPO мәмілелеріне дайындалуда («Қазақтелеком», «Қазатомөнеркәсіп», «Эйр Астана»).

«Бәйтерек» ҰБХ нысандарын сату туралы басқарма төрағасы Айдар Әріпханов баяндады. Бүгінгі таңда Жекешелендірудің кешенді жоспарына кіретін 17 холдингтің 5-і жеке инвесторларға сатылып, 6 компания таратылуда. Қалған 6 актив бойынша келіссөздер жүргізілуде.

«ҚазАгро» ұлттық басқарма холдингінің басқарма төрағасы Нұрлыбек Мәлелов нысандарды өткізу аясында «ҚазАгро» компаниясының 3 еншілес және 18 үлестес компаниясын бәсекелестік ортаға беру көзделгенін атап өтті.

«2018 жылы стратегиялық инвесторларға Топ-68 тізімінен 3 активті іске асыруға беру жоспарланған», — деді Нұрлыбек Мәлелов.

Мәселені қарау барысында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов, Ақмола облысының әкімі М. Мырзалин, Астана қаласының әкімі Ә. Исекешев сөз сөйледі.

 


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз