Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Б. Сағынтаев Астана — Алматы пойызы вагондарының жолдан шығып кетуі туралы: Тергеу барысы жеке бақылауымда

19 маусым 2018, 11:06
Астана
Фото: primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс Жамбыл облысында «Астана — Алматы» пойызының жолаушылар вагондарының жолдан шығып кетуіне қатысты мәселе қаралды. 

Мәлім болғандай, орын алған оқиға салдарынан 25 жолаушы түрлі жарақаттар алып, 12 жасар бала қаза тапты. Бақытжан Сағынтаев қайтыс болған баланың ата-анасы мен жақындарының қайғысына ортақтасатынын білдіріп, көңіл айтты.

Вагондардың жолдан шығып кетуі себептерін анықтау үшін вагондардың жолдан шығу салдарын жою бойынша іс-қимылдарды үйлестіру мақсатында жедел штаб құрылды. Бейнеконференциялық байланыс арқылы штаб жұмысы туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК президенті Қанат Алпысбаев баяндады. 

Қ. Алпысбаевтың айтуынша, бұл оқиғада пойыздардың бұрын орын алған жолдан шығып кету оқиғаларына ұқсамайтын бірқатар айрықша техникалық көрсеткіштер бар. Дәлірек айтқанда — рельстердің бойлық орын ауыстыруының болмауы және жолдың тура учаскесінде рельстен шығып кетуі. Аталған учаскені жоспарлы диагностикалау жұмыстары соңғы рет 06.06.2018 ж. жүргізілгені аталып өтті, ескертулер болған емес. Бұл учаскедегі белгіленген жылдамдық — 100 км/сағ, жолаушылар пойызының нақты жылдамдығы — 92 км/сағ.

«ҚТЖ» АҚ басшысының айтуынша, М. Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы мен Бүкілресейлік теміржол көлігінің ғылыми-зерттеу институтының мамандары тартылған, олар орын алған фактілерді ескере отырып, пойыз жағдайын модельдеу бойынша ғылыми-техникалық зерттеулер жүргізеді.

Сондай-ақ, комиссия нақты жағдайда жолаушылар пойызының рельстен шығуы кезінде көршілес жатқан жолда жүк тасымалдау пойызының жүріп өтуін ұйымдастырды. Осы эксперименттің қорытындысы бойынша жолаушылар вагондарының жолдан шығып кету себебі жүк пойызымен жанасу емес екендігі анықталды. Мұндай жанасу жолаушылар вагондарының жолдан шығып кетуі салдарынан ғана орын алған.

«Қазіргі таңда комиссия жол учаскесі инфрақұрылымының техникалық жағдайын тексеріп жатыр. Жылжымалы құрамға аспаптық өлшемдер жүргізіледі. Тергеу нәтижесінде осыған ұқсас жағдайлардың алдын-алу үшін тиісті шаралар қабылданатын болады. Комиссия осы жылдың маусым айының соңына дейін жұмысты аяқтауды көздеп отыр. Бүгінде темір жолдың барлық учаскелерінде пойыз қозғалысының қауіпсіздігін бақылау күшейтілді», — деп мәлімдеді Қ. Алпысбаев. 

ҚР ИДМ апатты зерттеу комиссиясының төрағасы — инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Роман Скляр, өз кезегінде, қазіргі таңда министрлік тиісті қызметтер жоғары жылдамдықты аумақтарды уақытылы диагностикалауды тұрақты қадағалап жатқанын атап өтті. 

«Тәртіпке сәйкес мұндай тексерістер айына екі рет өткізіледі. Соңғы диагностика кезінде жолдардың жағдайы техникалық талаптарға сай келген еді. Аталған пойыздың барлық вагондары 2012–2014 жылдары шығарылған, олар рейс алдындағы техникалық тексерістерден және нормативтік-техникалық құжаттаманың талаптарына сәйкес жөндеудің жоспарлы түрлерінен уақытылы өткізілген», — деді Р. Скляр.

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған. Оқиға орнында Астанадан барған арнайы тергеушілер тобы жұмыс істеп жатыр.

«Қазір оқиға орнында куәгерлерден жауап алынып жатыр, сараптама жасауға әзірленудеміз. Қылмыстық істің тергелу барысы Ішкі істер министрлігі мен Бас көлік прокуратурасының бақылауында. Нәтижелері бойынша қосымша хабарлайтын боламыз», — деп баяндады Қ. Қасымов.

Оқиғадан зардап шеккендер мен оларға көрсетіліп жатқан медициналық көмектер туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баяндады. Мәселен, апат салдарынан 25 жолаушы түрлі жарақаттар алған, бір адам қаза тапқан. Жолаушыларға амбулаториялық медициналық көмек көрсетілді (17 — Жамбыл облысында, 8 — Алматыда). Медициналық көмек көрсетілген соң 24 адам үйлеріне қайтарылды. Бір жолаушыға ота жасау қажет болды: ол Шу қаласындағы ауруханаға жатқызылды және дәрі-дәрмектермен, медициналық көмекпен толыққанды қамтамасыз етілген.

Мәселені қарау қорытындылары бойынша, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Атап айтқанда, «ҚТЖ»-ға Қарағанды облысының әкімдігімен бірлесіп тиісті көмектер көрсету және қаза тапқан жолаушының отбасына жәрдем беру жүктелді.

Денсаулық сақтау министрлігіне зардап шеккендерді бақылауға алу және олардың сапалы емделуін қамтамасыз ету тапсырылды.

Ішкі істер министрлігіне Инвестициялар және даму министрлігімен, «Қазақстан темір жолы» компаниясымен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп вагондардың жолдан шығып кету себептеріне жан-жақты тергеу жүргізу тапсырылды.

«Аталған оқиғаны тергеу барысы менің жеке бақылауымда екенін айта кеткім келеді. Қанат Қалиұлы, сізге комиссия жұмысының қорытындылары бойынша оның нәтижелерін жұртшылыққа өзіңіздің жария етуіңізді тапсырамын», — деп түйіндеді Премьер-Министр.

Еске салайық, 17.06.2018 сағат 13:25-де «Астана — Алматы» бағытындағы №9 жолаушылар пойызының «Сарышаған — Шу» учаскесіне келгенде, Шу қаласынан 50 шақырым жерде 8 вагоны жолдан шығып кеткен, соның салдарынан 2 вагоны аударылып қалған.

 


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз