Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

АХҚО құрылуы туралы халықаралық сарапшылар пікірі: Бұл Қазақстанның жаңа экономикалық даму кезеңі

12 шілде 2018, 09:08
Астана
Фото: primeminister.kz

3–5 шілдеде Қазақстан елордасында Astana Finance Days өтті, оның аясында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми ашылуы өтті.

Форум алаңында халықаралық ұйымдар мен бизнес басшылары, саясаткерлер, ғылыми орталардың және аналитикалық орталықтардың сарапшылары бас қосты. PrimeMinister.kz тілшілері мүмкіндікті пайдалана отырып, шетелдік қонақтардан олардың пікірлері, АХҚО ашылуынан алған әсерлері туралы сұрап білді.

Халықаралық мамандар жаңа қаржы орталығына үлкен үміт артады, олар аталған алаң Батыс Қытайдан Шығыс Еуропаға дейінгі аумақтағы ең үлкен хаб болу мүмкіндігіне ие екеніне, ал Қазақстан шетелдік инвестицияларды тарту орталығы бола алатынына сенімді.

Мәселен, Francis Maude Associates LLP директоры Лорд Фрэнсис Мод қаржы орталығының әлеуеті тамсандырады, себебі қазіргі таңда әлемдік экономика эпицентрі уақыт ағымымен қатар шығысқа қарай бағытталуда және дәл осы Еуразия әлемдегі басты аймақ болады деп есептейді. Ал Қазақстан өз кезегінде бизнесті ұйымдастыру және жұмыс орындарын ашу оңай болатын елге айналуы қажет.

Френсис Мод

«Мен АХҚО-ның ашылуын қолдаймын. Осымен Астана мен Қазақстанға жетінші рет келіп отырмын. Бұл ел өте маңызды стратегиялық орында тұр деп ойлаймын. Қазақстан – тек пайдалы қазбалары мол ел емес, сонымен қатар жоғары білімді адамдарға да бай ел. Егер экономикалық реформалау бағдарламасы сәтті әрі өнімді экономиканы құру үшін осы жерде жалғасын тапса, онда байлығымен, табиғи ресурстарымен бірге қаржы орталығының рөлі зор болуы мүмкін. Инвесторлар мұнда өздерінің салымдары пайда әкелетініне сенімді болады деп ойлаймын, компаниялардың саны арта түседі, олардың қатарында Астанамен байланысы орнаған – Қытай, Орта Шығыс, Еуропа және Лондон секілді барлық аймақтардың қатысушылары болады деген үміттеміз. Лондон мен Астана арасындағы байланыс ағылшын заңын қолдану аясында күшейе түсті», — деді Фрэнсис Мод.

Таяу Шығыс және Ислам саяси экономикасы және қаржы профессоры, MSc ислам қаржысы бағдарламасының және Ислам экономикасы және қаржы орталығының директоры Дарема Мехмет Асутай АХҚО бүкіл әлемнен қаржы тарта алатын орталық болатына сенімді. Бұл аймақтағы ықпалды ойыншы ретінде Қазақстанның экономикалық дамуы үшін маңызды ынталандыру болмақ.

Дарема Мехмет Асутай

«Қазақстан – экономикалық өсімге мүдделі дамушы ел, қаржы ағымдарының өтуі өте маңызды. Бұл ел Қытай мен Орталық Азия арасындағы байланыстырушы түйін. Астананың исламдық қаржыландырудың өңірлік хабы болуға ұмтылуы – маңызды саяси шешім және ол елге ислам қаржыларын тартады. Бұл экономикалық өсімнің маңызды серпініне айналады деп үміттенеміз», — деді Мехмет Асутай.

Өз кезегінде, Малайзияның Орталық банкінің Шариғат консультациялық кеңесінің төрағасы Датук Мохаммад Дауд Бакар АХҚО-ның ашылуын әлемдегі теңдессіз оқиға деп атады, себебі Қазақстан осылайша исламдық қаржыландыру саласындағы көшбасшылығын дамытады.

Датук Мохаммад Дауд Бакар

«Бұл тек Қазақстан үшін ғана емес, сондай-ақ аймақтағы көрші елдер үшін де жақсы болады. Біз алғаш рет мемлекеттің өз елі мен ЖІӨ дамуы үшін ғана емес, оған қоса көршілес елдерге де АХҚО-ға салынған үлкен инвестициялардан пайда алуға көмектесу үшін көшбасшылықты алып отырғанын көріп отырмыз. Мен АХҚО-ның келешегіне оптимистік көзқараспен қараймын. АХҚО алдағы бірнеше жылда өз жемістерін көретініне сенім білдіремін. АХҚО-да мүлдем жаңа жүйе – ағылшын заңы бар, бұл, біріншіден, әлемнің төлеуге қабілетті халқының үлкен ағынын тартады. Екіншіден, нақты құқықтық база және анық нұсқаулар – адамдарды осында шақырып, инвестициялар салуға тартудың екі қозғаушы күші», — деді Датук Мохаммад Дауд Бакар.

The Boston Consulting Group төрағасы Ханс-Пол Бюркнер АХҚО құру Қазақстанның, Астананың дамуындағы, жалпы қаржы нарықтарының дамуындағы нақты кезең екенін атап өтті. Орталықты құру үшін теңдессіз күш-жігер жұмсалды, мысалы, ағылшын құқығын қолдану, ресми тіл ретінде ағылшын тілін пайдалану, инвесторлардың мүдделерін қорғау үшін тәуелсіз құқықтық жүйені қамтамасыз ету, капитал нарығын дамыту, Қазақстанда салық жеңілдіктері мен артықшылықтарын ұсыну, сонымен қатар болашақ резиденттер үшін бір терезе режимін енгізу.

Ханс-Пол Бюркнер

«Біз шынайы Халықаралық қаржы орталығын құру үшін аса батыл қадамдар жасау керектігін әрдайым айтып жүрдік. Жасалған барлық қадамдар түбегейлі шешім болып табылады, өйткені, мұның барлығын іс жүзіне асыру үшін тиімділігі жоғары команданы, жаңа өнімдер мен сервистерге жағдайларды тудыру қажет болды», — деді Х. Бюркнер.

Ал АҚШ елшісі Джордж Крол АХҚО жұмысы өте құрылымдық және үйлесімді ұйымдастырылғанын айтты. Ең үздік ақыл иелерінің бірі өз білімін жаңа қаржы орталығының сотында да, биржасында да пайдаланатын болады.

Джордж Крол

«АХҚО керемет болашағы бар деп ойлаймын. Бұл осы аймақтағы жаңа нәрсе, мен қаржы орталықтарының арасында бәсекелестіктің өте күшті екенін білемін. Біз NASDAQ америкалық биржасы АХҚО-мен жұмыс істейтініне қуаныштымыз», — деді Джордж Крол.

«Назарбаев Университетінің» президенті Шигео Катсу, өз кезегінде, АХҚО — рекордтық қысқа мерзім ішінде құрылған Қазақстанның жас астанасы үшін үлкен жетістік екенін жеткізді.

Шигео Катсу

«Астана» халықаралық қаржы орталығы қазақстандық қаржы нарығының бәсекеге қабілеттілігін арттыруда, ұлттық резервтерді ел ішінде пайдалануда, сонымен қатар жеке инвесторлардың жаппай класын құруда өршіл қадам деп білемін», — деді ол.

Tracegrow фин компаниясының директоры Татту Леппанин қазақстандық жобаларға инвестициялар салу бойынша жобалар туралы айтты. АХҚО-мен ынтымақтастықта Қазақстан аумағында батареяларды қайта өңдейтін зауыт салу жоспарланып отыр.

Татту Леппанин

«Қазіргі кезде біз Қазақстан нарығына енді ғана кіріп келеміз, біз Қазақстан нарығында тығыз ынтымақтастық орнатып, жасыл технологияларды енгізу бойынша жұмыстар атқарып жатырмыз. Біз қайта өңделген батареялардан жасалған сұйық ұсақ тыңайтқыштарды экспорттауды көздеп отырмыз. Бұл технологияны біз осы Қазақстанда іске асырғымыз келеді», — деп түйіндеді Т. Леппанин.

Еске салайық, «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру экономиканы әртараптандыруға және елдің қаржы саласын дамытуға бағытталған «Мемлекет басшының бес институционалдық реформасын іске асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарының басты қадамдарының бірі. 70-қадамда Нұрсұлтан Назарбаев «Экспо-2017» көрмесінің инфрақұрылымында АХҚО құруды тапсырып, оған арнайы мәртебе беріп, Конституцияда ерекше заңды мәртебесін бекітті.

АХҚО ТМД елдері, сонымен қатар Батыс және Орталық Азияның барлық аймақтары үшін қаржылық хабқа айналуды көздейді. Болашақта қазақстандық қаржылық хаб әлемнің жетекші қаржы орталықтарының 20-лығына кіруі тиіс.

АХҚО жалпы құқыққа негізделген арнайы құқықтық режим аясында жұмыс істейді, бұл құқық Орталық қатысушылары мен үшінші тараптың арасындағы қарым-қатынасты реттейді және қаржы нарығын дамытуға бағытталған.

АХҚО-да посткеңестік кеңістікте еш баламасы жоқ теңдессіз жағдайлар жасалған. Қатысушыларға 50 жылға дейін қаржылық жеңілдіктер берілген, валюталық, визалық және еңбек режимдері жеңілдетілген. Бұл жұмысы ағылшындық құқыққа негізделген аймақтағы жалғыз орталық. Тәуелсіз сот, халықаралық арбитраж орталығы әділдік пен тараптардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді.

Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз