Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ негізгі қызметінен түскен кірісі 27%-ға артты — Е. Жанәділ

03 тамыз 2018, 12:21
Фото: primeminister.kz

«Самұрық-Қазына» қорының 2018 жылдың І жарты жылдығында негізгі қызметінен түскен кірісі былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27%-ға ұлғайды. Бұл туралы Үкімет алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ экономика және қаржы жөніндегі тең басқарушы директоры Ернар Жанәділ хабарлады.

Оның айтуынша, операциялық қызмет бойынша жоспар 78%-ға орындалып, табыс көлемі 428 млрд теңгеге жетті, бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 43,1%-ға артық.

«Мұнай өңдеу көлемі 13%-ға, электр энергиясының өндірісі 28%-ға, темір жол жүк тасымалының көлемі 9%-ға артты. Мұнда көмірсутектер бағасының оң қарқыны елеулі маңызға ие болды», — деді Е. Жанәділ.

Қор мен оның жетекші портфельдік компанияларының қаржылық тұрақтылығын нығайту бағытындағы жұмыс нәтижелері де аталып өтті: 2018 жылдың І жарты жылдығында Қор сыртқы қарыз көлемін $900 млн-ға азайтты, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның $1,6 млрд халықаралық облигациялары өтелді, «Самұрық-Энерго» АҚ 39 млрд теңгеге жуық қарызын мерзімінен бұрын төледі.

Бұдан өзге, спикердің айтуынша, қор «Қазкоммерцбанк» АҚ-да көлемі 117 млрд теңгені құрайтын бұғатталған депозиттегі қаржысын мерзімінен бұрын алды, сондай-ақ кезекті екінші деңгейлі банкпен 220 млрд теңге көлеміндегі депозитті қайтару туралы келісімге қол қойылды.

«Босатылған қаражат нарықтағы көрсеткіштерден төмен мөлшермен «Самұрық-Қазына» Қорының портфельдік компанияларына қарызға беріледі. Атап айтқанда, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ – 75 млрд теңге, «Қазақтелеком» АҚ – 75 млрд теңге және «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – $200 млн алады. Орташа мерзімде бұл шара 50 млрд теңге көлемінде Қорға оң нәтижесін береді», — деді Е. Жанәділ.

Еске сала кетейік, биыл сәуір айында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ Басқару кеңесінің отырысында Басқарма Төрағасы А. Есімов ҚР Президентіне Қордың алдағы он жылға арналған жаңа даму стратегиясын таныстырған еді.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы — дара акционері ҚР Үкіметі болып табылатын Қор. Қор 2008 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен құрылған және ол коммерциялық құрылым — инвестициялық холдинг саналады. Оның миссиясы — ҚР ұлттық әл-ауқатын көтеру және ұлттық экономиканы жаңғыртуға қолдау көрсету. «Самұрық-Қазына» өз миссиясын қоржындық компаниялардың ұзақмерзімдік құны мен тұрақты дамуын арттыру үшін оларды тиімді басқару арқылы, сондай-ақ ұлттық экономиканың басым секторларының дамуына каталитикалық инвестиция салу арқылы жүзеге асырады. Қор активі шамамен $67,4 млрд-ты құрайды. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобына мұнай-газ және көлік-логистика секторларының, химия және атом өнеркәсіптерінің, тау-кен металлургия кешендерінің, энергетика, машина жасау салаларының кәсіпорындары кіреді.
«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ негізгі қызметінен түскен кірісі 27%-ға артты — Е. Жанәділ
1/2
«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ негізгі қызметінен түскен кірісі 27%-ға артты — Е. Жанәділ
2/2