Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Оқушылардың жұмыс дәптерлерін сатып алу міндеттілігі туралы талаптар заңсыз — ҚР БҒМ

07 тамыз 2018, 13:03
Фото: primeminister.kz

Жаңа оқу жылының басталуы қарсаңында ҚР БҒМ нұсқаулық хат дайындап жатыр, онда жұмыс дәптерлері — оқытуға арналған қосымша материал екені және оларды қолдану міндетті еместігі жазылған. Бұл туралы ҚР Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясы барысында білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов айтып берді.  

ҚР Білім және ғылым министрлігінің ақпаратына сәйкес, мектептердің ата-аналарға бастауыш сыныптардың оқушыларына жұмыс дәптерлерін сатып алу туралы қойған талаптары заңсыз.

«Жұмыс дәптерлерін сатып алу және пайдалану – міндетті емес. Бұл оқуға арналған қосымша материал, оны ұсынуға болады, алайда оны жалпылай қолдану міндеттелмеген. Жұмыс дәптерлерін сатып алу туралы талаптар заңсыз, сол себепті осындай жағдайларда біз тиісті шараларды қабылаймыз. Дегенмен, оларды пайдалануға тыйым сала алмаймыз. Сондай-ақ, түрлі пәндерге арналған хрестоматиялар да бар, олар да оқуға міндеттелмеген.

Бүгінде ата-аналар оқушылардың мектепке ұстайтын сөмкелері кітаптардың көптігінен өте ауыр екенін айтып шағымданады. Осының өзі себеп, өйткені кей жағдайларда жұмыс дәптерлерінің өзі кітаптың көлемімен бірдей болып жатады, сондықтан да қазіргі таңда ҚР БҒМ Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, барлық оқулықтар, жұмыс дәптерлері және өзге де оқу құралдары бойынша оларды санитарлық нормаларға сай келтіру жөнінде нақты стандарттар әзірлеп жатыр», — деді А. Аймағамбетов.  

Баспасөз конференциясы барысында вице-министр, сондай-ақ, биыл Қазақстанда педагогика қызметкерлерін аттестаттаудың жаңа жүйесі енгізілгенін айтты, онда мұғалімдердің санатына байланысты еңбекақы көлемі өседі және осы еңбекақыға белгілі бір үстеме қосылады.

«Еңбекақыны өсіру туралы айтқан кезде, екі жағдайға байланысты қарастырамыз. Біріншісі – бүгінде жаңартылған бағдарламалар бойынша жұмыс істеп жүрген мұғалімдердің еңбекақысын өсіру, бұл — 205 мың мұғалім. Олар бұл төлемді қазіргі таңда алып жатыр, тиісті қаражат республикалық бюджеттен бөлінді, трансферттермен жергілікті бюджеттерге бағытталды. Екіншісі – санатқа қосылатын қосымша ақы. Ендігі кезде оқытушылардың еңбекақыларының кестесі сараланған түрде және әртүрлі критерийлерге байланысты төленеді», — деп түйіндеді А. Аймағамбетов.

Еске сала кетейік, бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының осы жылдың 6 айында іске асырылу барысы, сондай-ақ Ұлттық бірыңғай тестілеудің және оқуға түсу емтихандарының қорытындылары қаралды.

Оқушылардың жұмыс дәптерлерін сатып алу міндеттілігі туралы талаптар заңсыз — ҚР БҒМ
1/5
Оқушылардың жұмыс дәптерлерін сатып алу міндеттілігі туралы талаптар заңсыз — ҚР БҒМ
2/5
Оқушылардың жұмыс дәптерлерін сатып алу міндеттілігі туралы талаптар заңсыз — ҚР БҒМ
3/5
Оқушылардың жұмыс дәптерлерін сатып алу міндеттілігі туралы талаптар заңсыз — ҚР БҒМ
4/5
Оқушылардың жұмыс дәптерлерін сатып алу міндеттілігі туралы талаптар заңсыз — ҚР БҒМ
5/5