Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Үкімет үйінде шикізаттық емес экспортты қолдауды күшейту шаралары қаралды

12 желтоқсан 2018, 14:55
Фото: primeminister.kz

Бүгін Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Экспорттық саясат жөніндегі кеңес отырысы өтті.

Отырыс барысында шикізаттық емес экспортты мемлекеттік қолдаудың жүйелік шараларын күшейту мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, жаңа экспорттық позицияларды құру, «дәстүрлі» нарықтарда (Қытай, Ресей, Өзбекстан және т.б.) қазақстандық тауарлардың болуын кеңейту, сондай-ақ жаңа өткізу нарықтарына шығу мақсатында кәсіпорындарды қаржылық және сервистік қолдау тәсілдері қаралды.

Күн тәртібіне сәйкес инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек баяндама жасады. Мәселені талқылауға ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары А. Мамин, Премьер-Министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Ө. Шөкеев, ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов, қаржы министрі Ә. Смайылов, «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы А. Әріпханов, «KazakhExport» АҚ басқарма төрағасы Р. Ысқақов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Э. Жұмағазиев қатысты.

ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің деректеріне сәйкес, 2013 жылдан бастап жалпы экспорт көлеміндегі өңдеу өнеркәсібі экспортының үлесі 9%-ға (23%-дан 32%-ға дейін) өсті. Биылғы 9 айда $44,5 млрд сомасына өнім экспортталды (2017 жылғы қаңтар–қыркүйектегі көрсеткіштер — $34,5 млрд). Жалпы алғанда экспорт қоржыны 800 тауар позициясынан тұрады. Бүгінде қазақстандық өнім әлемнің 123 еліне экспортталады.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз