Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

А. Мамин алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша ведомствоаралық мемлекеттік комиссия отырысын өткізді

06 ақпан 2019, 19:06
Фото: primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің Бірінші Орынбасары Асқар Маминнің төрағалығымен алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық мәселелері бойынша Төтенше жағдайларды ескерту және жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссия отырысы өтті.

Отырысқа Комиссия мүшелері, мемлекеттік органдардың басшылары қатысты. Шараға бейнеконференция байланысы арқылы облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерінің орынбасарлары, төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттердің басшылары қатысты.

ҚР ішкі істер министрі Қ. Қасымов «Су тасқынын ескерту және жою бойынша 2017–2020 жылдарға арналған шаралар кешені» Жол картасын жүзеге асыру туралы ақпарат берді. Соңғы екі жылда 174 қорғаныс бөгеті салынып, нығайтылды, 119 гидротехникалық құрылыс, өткізу қабілетін арттыра отырып 64 көпір жөнделді. Жалпы алғанда, Жол картасында 600-ден астам іс-шараны іске асыру көзделген. ТЖ департаменттерін біртіндеп материалдық-техникалық жарақтандырудың 2018–2020 жылдарға арналған жол картасы әзірленді.

ҚР ішкі істер министрінің орынбасары Ю. Ильин басқару органдарының, Мемлекеттік азаматтық қорғаныс жүйесінің күштері мен құралдарының су тасқыны қауіпі кезеңіне дайындығы туралы баяндады.

Ю. Ильиннің айтуынша, орталық және жергілікті атқарушы органдардың Жол картасының шараларын орындауына тұрақты мониторинг жүргізілуде. Жаһандық және өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайларды жою бойынша іс-қимылдар жоспары бекітілген. Алдыңғы су тасқыны тәжірибесі бойынша қауіпті учаскелерде құтқару бөлімдері құрылуда.

Сонымен қатар, Жол картасының 198 шарасының 153-і іске асырылған. Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Ақтөбе облыстарында іс-шаралар орындалмаған.

Сонымен қатар, отырыста ҚР Бас прокурорының орынбасары А. Лукин, ҚР энергетика вице-министрі С. Нұрлыбай, ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Е. Нысанбаев, ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қ. Өскенбаев сөз сөйледі. Олар су тасқыны кезеңіне дайындық, тасқын сулардың құйылуына су қоймаларының техникалық дайындығы, су тасқынының жол желісі, автожолдар мен темір жолдардың су басуын болдырмау жөніндегі шаралар туралы баяндады.

Бұған қоса, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар және Түркістан облыстарының әкімдерінің орынбасарлары су тасқыны кезеңіне дайындық туралы баяндама жасады.

«Өңірлерде су тасқыны қаупін ескерту бойынша Жол картасының бірқатар шаралары орындалмаған», — деді Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары.

Ол Жол картасының шараларын орындамау өңірлерде төтенше жағдайдың туындауына әкеулі мүмкін екенін атап өтті.

«Иесіз гидротехникалық құрылыстардың, су қоймаларының болуы Қарағанды облысында орын алғандай төтенше жағдайларға әкеліп соқты. Тасқынға қарсы маусым жақын арада басталады. Жауапты мемлекеттік органдар әр өңірдегі иесіз нысандарды коммуналдық меншікке беру мәселесін ерекше бақылауға алуы тиіс», — деді А. Мамин.

Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Е. Нысанбаевтың айтуынша, 2018 жылы анықталған 49 иесіз нысаннан 21-і есепке алынды, ал қалған 28-інің жай-күйі қадағаланып жатыр, биыл олар да есепке алынады.

ҚР Бірінші Вице-Премьері А. Мамин барлық мүдделі мемлекеттік органдарға алдағы көктемгі кезеңге арналған болжамды және сын-тегеуріндер талдауын ескере отырып, су тасқынының алдын алу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды, халықты және инфрақұрылымды су тасқыны қаупінен барынша қорғауды тапсырды.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз