Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Асқар Мамин ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің жаңа басшысын таныстырды

01 наурыз 2019, 10:03
Фото: primeminister.kz

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің ұжымына жаңа басшы – Дархан Кәлетаевты таныстырды.

Премьер-Министр Н. Алдабергеновқа атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді.

А. Мамин таныстыру барысында Д. Кәлетаев министр, Парламент депутаты болғанын, Президент Әкімшілігінде басшы орынбасары лауазымын атқарған кезде үлкен мектептен өткенін атап өтті. «Нұр Отан» партиясының жақында өткен съезінде саяси кеңес мүшесі болып сайланды. Бұл — Мемлекет басшысы тарапынан көрсетілген үлкен сенім.

«Дархан Аманұлының басшылық қызметте үлкен тәжірибесі бар, сондықтан да Премьер-Министр Кеңсесінің Басшысы қызметін күмәнсіз жақсы орындайтыны анық. Премьер-Министр Кеңсесінің алдында Елбасының жаңа әлеуметтік шараларын, халыққа Жолдауларын және Ұлт жоспарын іске асыру аясында Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауды үйлестіру, Премьер-Министр мен Үкімет қызметін ұйымдастыру бойынша маңызды міндеттер тұр», — деді Асқар Мамин.

Д. Кәлетаев 1972 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін, Мемлекеттік басқару ұлттық жоғары мектебін тәмамдаған. Еңбек жолын 1995 жылы бастаған. ҚР Президенті Әкімшілігінің, білім және мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрліктерінің құрылымында жұмыс істеген. 2007–2008 жылдары — Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары, 2008–2009 жылдары — «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары, 2009–2016 жылдары — «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарушы директоры қызметтерін атқарған. 2016 жылдың қазан айында ҚР Президентінің Жарлығымен ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды. 2017 жылдың қыркүйегінен бастап — ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі. 2018 жылғы сәуірден бастап ҚР қоғамдық даму министрі қызметін атқарған.

 

Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз