Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Жыл сайын 100 мыңға жуық емделуші жаңа стационарларда емделетін болады — ҚР ДСМ

05 наурыз 2019, 17:15
Фото: primeminister.kz

Үкіметте өткен баспасөз конференциясында Елбасының «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде берген «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шаралары қалай орындалатыны туралы ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтып берді.

Е. Біртанов биыл 1 шілдеден бастап жалақысы төмен барлық медбикелер мен кіші медициналық персоналдың жалақысы 30%-ға көтерілетінін атап өтті. Оған қоса, жоғары сұранысқа ие мамандықтар бойынша дәрігерлердің де жалақысы ұлғайтылады. Осылайша, 225 мыңнан аса медицина қызметкерлерінің жалақысы көтерілетін болады. Осыған орай республикалық бюджеттен 2019 жылы қосымша – 37,6 млрд теңге, 2020 және 2021 жылдары жыл сайын 78,7 млрд теңге бөлінеді.

Сондай-ақ, медициналық-санитариялық алғашқы көмектің (МСАК) қолжетімділігін арттыру мақсатында 2021 жылға дейін 595 мекеме салу жоспарлануда. Е. Біртановтың айтуынша, оның 577-і ауылдық елді мекенде және 18-і калалық мекенде қадамдық қашықтықта орналасатын болады. Осылайша, 2021 жылға қарай еліміздің ауылдық елді мекендері 100% МСАК нысандарымен қамтылады. Осы мекемелердің салынуына бөлінетін қаржының шамамен 42% мемлекеттік жекеменшік әріптестік есебінен болады.

Бұдан өзге, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес медициналық-санитариялық алғашқы көмекті қаржыландыру кезең-кезеңмен 20%-ға арттырылады. Нәтижесінде, аталған бағыттарды қаржыландыру 2,3 есе өседі және 2022 жылы 936 млрд теңгені құрайды.

«Қоғамдық денсаулық сақтау шығыстары вакциналармен қамту, негізгі аурулардың скрининг түрлерін кеңейту және халықтың денсаулық сақтау мен салауатты өмір салты мәселелері бойынша хабардарлығын арттыру мақсатында 2 есеге артады және 2022 жылға қарай шамамен 74 млрд теңгені құрайды. Осылайша жалпы практика дәрігерінің рөлі күшейтіліп, негізгі аурулардан госпитальдау 30%-ға төмендетіледі, онкологиялық ауруларды ерте анықтау жоғарылайды, сонымен қатар вакцинамен басқарылатын жұқпалы аурулар деңгейі төмендетілетін болады», — деді Е. Біртанов.

Мемлекет басшысының денсаулық сақтау саласын дамытуға қосымша 120 млрд теңге бөлу тапсырмасы аясында еліміздің 7 өңірінде 10 медициналық ұйым салынады. (Астана қ., Қарағанды облысы, Маңғыстау облысы, Түркістан облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Алматы қ.).

Жыл сайын 100 мыңға жуық емделуші жаңа стационарларда емделетін болады. Мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында 56 тозған аурухана орнына қосымша 15 ірі көпбейінді аурухана салынатын болады. Осылайша, 2025 жылға дейін Бірыңғай перспективалық жоспар аясында 800 млрд теңге бағытталатын болады.

Жыл сайын 100 мыңға жуық емделуші жаңа стационарларда емделетін болады — ҚР ДСМ
1/2
Жыл сайын 100 мыңға жуық емделуші жаңа стационарларда емделетін болады — ҚР ДСМ
2/2