Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Е. Біртанов денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту туралы: алдағы 3 жылда 5500-ден астам нысан салу жоспарланған

06 мамыр 2019, 15:16
Фото: primeminister.kz

Бүгін Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» әлеуметтік шараларын іске асыру мәселелері бойынша өңірлерге сапарлар қорытындысы туралы баспасөз конференциясында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жергілікті жерлердегі медициналық инфрақұрылымды дамыту туралы айтып берді.

Е. Біртановтың айтуынша, өңірлердің медициналық жабдықтармен жарақталу дәрежесі түрліше. Алда 3 жыл ішінде ауылдық аудандық ауруханалар мен емханаларды минимальді жарақтандыру стандартына дейін жеткізу міндеті тұр.

«Көптеген медициналық мекемелер күрделі жөндеуді, қайта салуды қажет етеді. Біз өңірлердің әкімдерімен бірлесіп қазір 2026 жылға дейін сегіз жылдық кезеңге денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың перспективалы жоспарларын келістік. Соның аясында алдағы 3 жылда 5500-ден астам денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланған, тек 2019 жылы 238 нысан салынады - басым бөлігі ауылдық жерлердегі амбулаторлық-емханалық сипатта», — деді денсаулық сақтау министрі.

Өңірлердің тұрғындарының медициналық көмекке қолжетімділігін 3 жыл ішінде 100% қамтамасыз ету міндеті тұр.

«Ауылдық жерлерде шағын денсаулық сақтау нысандарын салу үшін жергілікті бюджеттің түрлі механизмдері мен қаражаты пайдаланылады, ірі ауылдық нысандарды салу үшін біз республикалық бюджеттен қаражат бағыттаймыз. Қалаларда бюджеттік қаржыландырудан басқа, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамытатын боламыз», — деді Е. Біртанов.

Бұдан басқа, Е. Біртанов білікті кадрлармен қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

«Кейбір елді мекендерде, әсіресе, ауылдарда учаскелік дәрігерлер артық жүктемемен жұмыс істейді, бұл медициналық көмек сапасының төмендеуіне әкеледі. Сондықтан келесі жылдан бастап 6300-ге жуық медициналық қызметкерлер нақты медициналық ұйымдар бойынша бағытталатын болады (ауылдық жерлерге). Бұл іс-тәжірибе үш жылға созылады, бірінші кезекте біз ауылдық деңгейдегі нысандарды толықтыратын боламыз», — деп түйіндеді Е. Біртанов.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз