Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Б. Сағынтаевтың Душанбеде ТМД Үкімет Басшылары Кеңесінің отырысына қатысу қорытындысы бойынша видеодайджест

04 маусым 2018, 17:23
Фото, бейне: primeminister.kz

31 мамырда ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Үкімет Басшылары Кеңесінің отырысына қатысу үшін Душанбеге барды.

Сол күні Бақытжан Сағынтаев Ресей Федерациясының Премьер-Министрі Дмитрий Медведевпен және Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі Мухаммедкалый Абылгазиевпен екіжақты кездесулер өткізді.

1 маусымда ТМД ҮБК отырысы басталмастан бұрын Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон үкіметтік делегациялардың басшыларын қабылдады. Кездесу барысында бірлескен жұмыс жоспарлары, сондай-ақ Кеңестің алдағы отырысының мәселелері қаралды.

Үкімет Басшылары Кеңесінің отырысы шағын және кеңейтілген құрамда өтті.

Кеңес отырысына Беларусь Республикасының Премьер-Министрі А. Кобяков, Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі М. Абылгазиев, Ресей Федерациясының Премьер-Министрі Д. Медведев, Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі А. Арипов, Тәжікстан Республикасының Премьер-Министрі Р. Кохир, Әзербайжан Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Я. Эюбов, Армения Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А. Мирзоян, Түркіменстан Премьер-Министрінің орынбасары, сыртқы істер министрі Р. Мередов, Молдова Республикасының ТМД жарғылық және басқа да органдары жанындағы тұрақты өкілетті өкілі В. Сорочан, ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы, атқарушы хатшысы С. Лебедев қатысты.

Отырыс қорытындысы бойынша қорытынды құжаттарға қол қойылып, ТМД мүше мемлекеттер делегацияларының басшылары суретке түсті.

Сондай-ақ, отырыс жұмысының қорытындысы бойынша Тәжікстан Республикасының Премьер-Министрі Р. Кохир және ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы, атқарушы хатшысы С. Лебедев бұқаралық ақпарат құралдарына бірлескен мәлімдеме жасады.

 


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз