Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Бақытжан Сағынтаев жануарлардың тіркелуі мен орын ауыстыруын және вакциналардың сапасын арнайы бақылауға алуды тапсырды

03 сәуір 2018, 11:09

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Арман Евниев ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздіктің жай-күйі туралы баяндады.

Биыл зиянды және аса қауіпті зиянды ағзалар мен карантиндік объектілердің 5,1 млн гектарға, оның ішінде 1,92 млн гектарға үйірлі шегіртке тектес зиянкестердің, 2,4 млн гектарға астық дақылдары ауруларының, 444 мың гектарға саяқ шегіртке тектестердің таралуы болжануда.

«Өсімдіктерді қорғау іс-шараларын жүргізуге республикалық бюджеттен 3,57 млрд теңге бөлінді. Пестицидтерді сатып алу конкурстары аяқталды. Үйірлі шегіртке тектестерге қарсы 540 дана бүріккіш техникалары жұмылдырылады. Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары бойынша аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы химиялық өңдеу бойынша жеткізушілер айқындалды, қалған өңірлер бойынша конкурстық рәсімдер жалғасып жатыр», — деді А. Евниев.

Болжамдарға сәйкес, мароккалық шегірткенің жаппай таралуы Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында күтілуде, осы өңірлерде мароккалық шегірткеге қарсы 639,6 мың гектарды өңдеу жоспарланған.

«Облыстарға шұғыл арада жедел штабтар құруды ұсынамыз. Саяқ шегіртке текстестерге баса назар аудару қажет. Биыл 408,4 мың гектар ауданды өңдеуге 718,3 млн теңге бөлді», — деді ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі.

Бұдан өзге, ҚХР-мен, Өзбекстанмен және Ресей Федерациясымен шекаралас аумақтардан үйірлі шегіртке тектестердің ұшып келуінің уақытылы алдын алу мақсатында, ҚР АШМ үйірлі шегіртке тектестермен және өзге де ауыл шаруашылығы зиянкестерімен күресу бойынша өзара ынтымақтастық туралы келісімдер жасалды.

Жеміс ағаштарының күйігін (ошақтардың 150,3 гектарға көбеюі) қоспағанда, карантиндік объектілер бойынша жалпы алғанда карантиндік объектілермен зақымдалған жерлердің 2015 жылы 248,54 мың гектардан 2018 жылы 123,63 мың гектарға азайғаны байқалады.

Арман Евниевтің айтуынша, елімізде карантиндік объектілердің 14 түрі таралған, барлық залалданған ошақтарда карантин белгіленген.

Өсімдік карантині саласында биыл 123,63 мың гектар аумақта карантиндік объектілердің таралуы болжанып отыр. Басқа елдерден карантиндік объектілер мен бөгде түрлердің жерсінуіне жол бермеу мақсатында елге жеткізілетін және транзитпен өтетін карантиндік өнімдердің карантиндік фитосанитариялық бақылауы жүзеге асырылады.

Қазақстандық өсімдік тектес өнімдерді әлем нарығына жеткізу кедергілерін азайту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Ветеринарлық қауіпсіздік жайында Арман Евниевтің айтуынша, алғаш рет ветеринарлық-профилактикалық іс-шаралардың жоспары 2017 жылы қазан айында бекітілді, бұл толықтай ветеринарлық препараттарды аудандарға дейін тасымалдау бойынша көрсетілетін қызметтерді уақытылы іске асыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, бірінші рет 2018 жылдың бірінші жартысында республикалық ветеринарлық препараттар қоры құрылды және қамтамасыз ету деңгейі 100% құрады.

Аса қауіпті аурулар бойынша вакцинациялау көлеміне күнделікті мониторинг жүргізе отырып, комитет мамандарының өңірлерге шығуы арқылы манипуляция жүргізуге бақылау ұйымдастырылды. 2018 жылғы 2 сәуірдегі жағдай бойынша аусылға қарсы 90%, сібір жарасына қарсы 82,2%, нодулярлы дерматитке қарсы 85,4% екпе жасалды.

«Халықаралық сарапшылардың алдын ала қорытындысы бойынша инфекцияны оқшаулау бойынша ветеринарлық қызметтің жұмысы оң бағаланды, бұл жануарлар мен жануарлардан алынатын өнімдердің экспортын арттыруға ықпал етеді», — деді Арман Евниев.

Мал шаруашылығы өнімдерін экспорттау бойынша ҚХР-мен жұмыс жандандырылды. Сондай-ақ, Иранға тірі қой мен мұздатылған қой етінің экспорты бойынша келісімге қол жеткізілді. БАӘ елдерімен қой етіне, сиыр етіне, ІҚМ және ҰҚМ арналған ветеринарлық сертификат бекітілді.

Мәселені қарау барысында өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстар туралы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов сөз сөйледі.

Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Ауыл шаруашылығы министрлігіне өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, жануарларды тіркеу мен олардың қозғалысын, сондай-ақ, ветеринарлық препараттарды сақтау жағдайларын және вакциналардың сапасын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз