Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Бақытжан Сағынтаев Цифрландыру жөніндегі халықаралық сарапшылар кеңесінің отырысын өткізді

12 қыркүйек 2018, 17:40
Фото: primeminister.kz

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Цифрландыру жөніндегі халықаралық сарапшылар кеңесінің үшінші отырысы өтті.

Отырыс барысында ақпараттық технологиялардың белсенді түрде дамуы мен жаппай цифрландыру тұрғысынан киберқауіпсіздік мәселелері талқыланды.  

Мемлекет басшысы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» жолдауында Үкіметке «Қазақстанның киберқалқаны» жүйесін құру шараларын қабылдауды тапсырды. Отырыс барысында Бақытжан Сағынтаев қазіргі таңда Киберқауіпсіздік тұжырымдамасы қабылданғанын, онда елімізді тұрақты дамытуға қол жеткізудің және оны сақтаудың негізгі міндеттері анықталғанын атап өтті.

Сарапшылар кеңесінің мүшесі, Ресей мен ТМД-дағы IDC вице-президенті Роберт Фариш, өз кезегінде, лицензияланбаған бағдарламалық қамтамасыз етудің енуі жоғары деңгейдегі және кибершабуыл қауіптеріне іліккіш келетін елдердегі қазіргі жағдайға жасалған талдаумен таныстырды.

Сондай-ақ, InfoWatch компаниялар тобының бас директоры Наталья Касперская, SecDev group бас директоры Рафал Роходзински, INSEAD атқарушы директоры Бруно Ланвин, e-Governance электронды басқару академиясының негізін салушы Ивар Талло, Фраунгофер атындағы институттың консультациялық кеңесінің төрағасы Бургхард Шиль және Дүниежүзілік экономикалық форумның АТ және электроника бағытының жетекшісі Данил Керими, сонымен қатар, бейнеконференция байланысы арқылы — киберқауіпсіздік саласының халықаралық үздігі Дэн Лорман мәселені талқылауға қатысып, аталған салада Қазақстанның мүмкіндіктерін іске асыру бойынша өздерінің ұсыныстарын жеткізді.

Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне сарапшылар айтқан ұсыныстарды мұқият пысықтауды тапсырды.

Халықаралық сарапшылар кеңесі биыл ақпан айында құрылған. Осыған дейін өткен екі отырыстың қорытындысына сәйкес бірқатар жұмыс бағыттары бойынша ұсыныстар іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, Scrum тәсілдерін енгізу басталды және жобалардағы ұзақ мерзімді тұжырымдамалық іс-шаралар жоспарларын оңтайландыру, мемлекеттік ақпараттық жүйелерді құру процесін жеңілдету және жүйені құру үшін техникалық-экономикалық негіздемені дайындаудың ұзақ рәсімдерін шектейтін тиісті заңнамалық түзетулер әзірлеу жұмыстары атқарылып жатыр.

Электрондық қызметтерді сәйкестендіру және алу әдістерін кеңейту үшін үш негізгі құралдарды пайдалану бойынша жұмыс көлемі кеңейтіледі: электрондық цифрлық қолтаңба, бір реттік құпия сөз және чат-боттар.

2017–2018 оқу жыллдары іске қосылған пилот қорытындысы бойынша бастауыш сыныпқа (1-4 сыныптар) арналған типтік оқу бағдарламалары бекітілді. Оларға сәйкес оқушыларға арналған бағдарламалау пәні енгізіледі.

Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз