Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Бизнес бәсекеге қабілетті болып, жоғары технологиялық үрдістерден артта қалмауы керек — Ө. Тәшімов

30 қараша 2017, 15:32
Фото: РrimeМinister.kz

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығындағы баспасөз конференциясы барысында инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев пен «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Өміржан Тәшімов еліміздегі инновациялардың дамуы туралы мәлімдеді.

Жыл сайынғы Инновациялық Конгресс — бұл Қазақстанда инновацияларды, озық технологияларды енгізу, отандық жоғары технологиялық компанияларды дамыту тұрғысынан нәтиже шығарылатын соңғы алаң. Биыл Инновациялық Конгресс әдеттегідей Астанада емес, Алматыда өткізілді. Ө. Тәшімов биылғы Конгрестің тақырыбына сәйкес өткізу орнының өзгергенін түсіндіріп өтті.

«Конгрестің тақырыбы — технологиялық кәсіпкерлік. Яғни бүгінгі күні біз жаңа технологияларды енгізу арқылы шағын және орта бизнесті дамыту міндетін алға қойдық. Алматы бізде шағын және орта бизнесті қолдау және дамыту жағынан көшбасшы саналады. Негізгі көрсеткіштердің бірі — ШОБ-тің салық түсімдерінің үлесі 40%-дан астамын құрайды», — деді Өміржан Тәшімов.

Сондай-ақ, Конгреске технологиялар трансферті бойынша шеберлік сыныптарын өткізген шетелдік сарапшылар қатысты. Сонымен қатар Қазақстанға кешегі емес, қазіргі ең озық технологияларды тартып, енгізу қажеттігіне баса назар аударылды.

Спикер биылғы Конгрестің жаңалықтары туралы айта отырып, биыл алғаш рет MOST бизнес-инкубаторымен бірлесіп жоғары инновациялық қызметпен айналысатын компанияларды анықтауға бағытталған инновациялық компаниялар рейтингісі өткізілгенін хабарлады. Рейтинг тәуелсіз сарапшылар тарапынан жасалды.

«Осы рейтингтің қорытындысы бойынша біз белгілі бір тұжырымдар жасадық. Атап айтқанда, инновацияны қабылдау мәдениетін дамыту үшін көп жұмыс істеу керек екенін түсіндік. Бұл сапа кез келген бизнес сегментінде іргелі болып табылады. Әрбір команда мүшесі инновацияға қызығушылық танытуы керек. Жоғары технологиялық үрдістер аясында біз бәсекеге қабілетті болуымыз керек және олардан артта қалмау қажет. Біздің нарық экспортқа бағдарланған болуы тиіс», — деді «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ басқарма төрағасының орынбасары.

Сонымен қатар Конгресс аясында Ұлттық инновациялар конкурсының қорытындысы шығарылды.

Конкурс жыл сайын Инвестициялар және даму министрлігімен бірлесе отырып халықтың түрлі сегменттері арасында инновациялық белсенділікті ынталандыру мақсатында өткізіледі. Биыл байқау оқушылар, студенттер, әртүрлі аймақтардағы журналистер арасында өтті. Байқауға 1000-нан астам адам қатысты, рекорд деуге болады. Жеңімпаздарды тәуелсіз сараптама комиссиялары таңдады, олардың ішінде қоғам қайраткерлері, депутаттар, сарапшылар бар.

«Конкурс қорытындысы бойынша біз өзімізге қандай бағытта және қандай жерлерді нығайту керектігі туралы қорытынды жасаймыз»,  — деп түйіндеді Өміржан Тәшімов.

Бизнес бәсекеге қабілетті болып, жоғары технологиялық үрдістерден артта қалмауы керек — Ө. Тәшімов
1/2
Бизнес бәсекеге қабілетті болып, жоғары технологиялық үрдістерден артта қалмауы керек — Ө. Тәшімов
2/2