Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Chirana Medical компаниясының бас директоры Ян Бркал: Қазақстан — бизнес жүргізуге қолайлы ел

15 қараша 2018, 18:09
Фото: primeminister.kz

Қазақстан – Словакия бизнес форумына арнайы келген Chirana Medical компаниясының бас директоры Ян Бркал Primeminister.kz сайтына екі елдің өзара экономикалық серіктестігі, Қазақстан туралы өз пікірімен бөлісті.  

— Қазақстанмен серіктестігіңіз туралы айтып өтсеңіз?

— Chirana Medical – сексен жылдық тарихы бар, өзіндік дәстүрі қалыптасқан ірі словакиялық медицина құрылғыларын шығаратын кәсіпорын. Негізінен наркоздық тыныс алу, стоматологиялық құрылғыларды жасап шығарамыз. Экспортқа бағдарланған компанияның 95% өнімі Еуропа, Африка, Америка, Азия елдеріне жеткізіледі. Яғни, барлық құрлықта серіктестеріміз бар. Қазақстандағы серіктесіміз «Жетісу Мед» кәсіпорны Астанада орналасқан. Жыл сайын серіктестерімізді не осында келіп, болмаса біздегі зауытқа шақыртып, арнайы оқыту курстарынан өткіземіз. Түпкі тұтынушыларымыз, яғни дәрігерлердің әсіресе, анестезиолог, реаниматологтармен құрылғылардың қыр-сырын жақсы түсіну үшін шеберлік сыныптарын ұйымдастырамыз.

Заман талабына сай технологиялар да жаңарып жатыр. Соңғы үлгімен жасалатын құрылғылардың толыққанды жұмыс істеп, адамдарға тек пайдасын әкелуі басты мақсатымыз болғандықтан, қызмет көрсету саласын алдыңғы орынға қоямыз. Қазақстанда жұмыс істеп жатқанымызға 15 жылдан асты. Біз өндірген құрылғылар Қазақстанның бар аймағында таралып, халыққа игілігін тигізуде деп сеніммен айта аламын. Орталық Азия елдеріне тартылған инвестициялардың 70%-ның Қазақстанға тиесілі болуы сөзсіз көп нәрсені аңғартады.

— «Doing Business–2019» рейтингісінде Қазақстан 190 елдің ішінде 28 орынға шықты. 15 жыл Қазақстанда бизнес жүргізіп келе жатқан сіздерге мемлекеттің қолдауы сезіле ме?

— Әрине, біз мемлекет қолдауын сеземіз. Мысалы, біз өз медициналық құрылғыларымызды сіздің елде сату үшін міндетті түрде Денсаулық сақтау министрлігінен тіркеуден, тексерістен өту керек. Басқа да әкімшілік мәселелерде бизнеске деген қамқорлық сезіледі. Алдымыздан тосқауыл қойып, қиындықтар туындаған кездер болған емес. Қазақстанда бизнес жүргізу өте қолайлы.

— Кеше ғана Астана халықаралық қаржы орталығының биржасында алғашқы сауда-саттық басталды. Сіздің ойыңызша, АХҚО Қазақстаннның инвестициялық тартымдылығын арттыруға көмектесе ме?

— Қазақстанның бұл қадамын дұрыс деп бағалаймын. Акциялардың халықаралық нарыққа шығуы Қазақстанның экономикалық дамуына оң әсерін береді. Астана халықаралық қаржы орталығының қатысушыларына жеңілдетілген салықтық, визалық, еңбек тәртібінің қарастырылуы Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыратыны сөзсіз.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз