Алматы облысындағы ірі G4 City жобаларының құрылысы халықаралық инвесторлар үшін белгі болмақ

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев G4 City жобасын одан әрі жүзеге асыру мәселесі бойынша кеңес өткізді.

G4 City жобасын іске асыру барысы туралы ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков баяндады. Оның айтуынша, бүгінде G4 City жобасын жүзеге асыру бойынша Қадамдық жоспардың барлық негізгі іс-шаралары белгіленген мерзімде атқарылуда.

«Қазіргі уақытта облыс әкімдігімен бірлесіп ҚР Президентінің «Алматы облысының әкімшілік-аумақтық құрылымының кейбір мәселелері туралы» Өкімін іске асыру бойынша Ұйымдастыру жоспарының жобасы әзірленді», — деді Бауыржан Омарбеков.

Ұйымдастырушылық іс-шаралар жоспары аясында экономикалық есептерді, жаңа қаланың схемалық картасын, мемлекеттік құрылымды, штаттық кестелерді және басқа да іс-шараларды дайындау жұмыстары жүргізіледі.

Сонымен қатар қазіргі уақытта салық шығындарын есепке ала отырып, қаржылық экономикалық модель әзірленіп, мерзімдерді анықтап, жауапты орындаушыларды белгілейтін Жол картасының жобасы дайындалды. Облыс әкімдігі арнайы экономикалық аймақ аумағының шекарасын кеңейту туралы Үкімет қаулысының жобасын әзірлеуде.

Бауыржан Омарбеков халықаралық инвесторларға жобаның нақты басталуы туралы белгі болатын ірі нысандардың құрылысын бастау қажет екенін атап өтті. 

Кеңес соңында Ерұлан Жамаубаев мемлекеттік органдарға ҚР Премьер-Министрінің тапсырмаларын орындау бойынша кешенді шаралар қабылдауды, ал Алматы облысының әкімдігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп G4 City жобасын іске асыруды жеделдетуді тапсырды.

#Ерұлан Жамаубаев #Инвестициялар #Инфрақұрылымдық даму #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу