Алтай Көлгінов Шығыс Қазақстан облысында болып қайтты

Шығыс Қазақстан облысына сапары аясында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов денсаулық сақтау, білім беру және спорт салаларында жобалардың іске асырылуымен танысты, сондай-ақ өңір тұрғындарымен кездесті.

Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту бағдарламасы бойынша елімізде 600-ден астам медицина және фельдшер-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулатория нысандары салынады. Ауылда медициналық сервистің сапасын арттыру үшін 32 ауданаралық аурухана жаңғыртылып, медициналық жабдықтармен: КТ, МРТ, ангиографтармен, УДЗ, рентген аппараттарымен жабдықталатын болады. 

Шығыс Қазақстан облысында 36 ауылдық медициналық нысан салу жоспарланған, бұл ретте әкімдік республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлінген жағдайда оларды жыл соңына дейін аяқтауға дайын. Өңірде заманауи көпсалалы гематология орталығының құрылысы жүргізілуде. 

«Еліміздің онкологиялық қызметін жаңғырту үшін «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен 16 медициналық ұйымды онкологиялық ауруларды емдеуге арналған заманауи желілік үдеткіштер және басқа да жабдықтармен жарақтандыру жоспарланып отыр.  Бұл шаралар онкология науқастарына көмек беру деңгейін едәуір арттырады, көрші өңірлерге емделуге бару қажеттілігі жойылады», — деп атап өтті Алтай Көлгінов.

Вице-премьердің айтуынша, денсаулық сақтау саласында, білім беру саласындағыдай кадр тапшылығы сақталып отыр. Жас мамандарды ауылда жұмыс істеуге ынталандыру үшін тұрғын үй және көтерме қаражат беру қажет. 

Үкіметтің әкімдіктермен бірлесіп жасайтын қызметінің маңызды бағыты — Президенттің республикада жетекші әлемдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жөніндегі тапсырмасын іске асыру.

Шығыс Қазақстан облысында қытайдың озық технологияларын қолдана отырып, автомобиль көлігі саласындағы техникалық мамандарды бірлесіп даярлау үшін, Тяньзинь кәсіптік университетімен ынтымақтаса отырып, «Лу Бань шеберханасын» құру жоспарлануда. Аймаққа жасаған сапары барысында Премьер-Министрдің орынбасарына халықаралық білім беру жобасы таныстырылды.

Елімізде өткен жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің (РФ), С. Өтебаев атындағы Атырау университетінің базасында Губкин атындағы Ресей мұнай және газ университетінің филиалдары ашылғанын атап өткен жөн, сондай-ақ М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің американдық Аризона университетімен стратегиялық ынтымақтастығы басталды.

Алты филиал ашу, атап айтқанда, Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті базасында Хериот Ватт (Шотландия) университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасында Сеул Ұлттық Ғылым және технология университеті (Оңтүстік Корея), І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде Хаджеттепе университеті, Шәкәрім атындағы университетте Экономика университеті (Польша) филиалдарын, сондай-ақ Ш. Есенов атындағы университет базасындағы неміс жоғары оқу орындарының консорциумын ашу бойынша жұмыс жүргізілуде.

«Әлемдік жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық қазақстандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттырады, студенттердің білімін жақсартады, бірлескен дипломдарға жаңа мәртебе береді», — деп атап өтті Алтай Көлгінов.

Шығыс Қазақстан облысына сапары барысында Премьер-Министрдің орынбасары «Ауыл аманаты» бағдарламасының әлеуетті қатысушыларымен кездесті. 

«Бұл ауылдағы адамдарды жұмыспен қамтуға көмектесетін өте маңызды бағдарлама. Оны іске асыруға 2023 жылы республикалық бюджеттен 100 млрд теңге көзделген, бұл ауылда 18 мыңнан астам қосалқы шаруашылық құруға көмектеседі. Шығыс Қазақстан облысына 302 шағын несие беру және 320 жеке шаруашылық құру жоспарымен 1,5 млрд теңге бөлінеді», — деді Алтай Көлгінов. 

Облысқа сапары барысында Вице-премьер тірек-қимыл аппараты, көру, есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ақ ниет» мектеп-интернатының, сондай-ақ кішкентай пациенттерге жоғары кәсіби стационарлық медициналық көмек көрсететін облыстық Ана мен бала орталығының педиатриялық бөлімшесінің жұмысымен танысты.

#Алтай Көлгінов #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу