Алтай Көлгінов Түркістан облысының тұрғындарымен кездесті

Түркістан облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов Ордабасы ауданындағы «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушы кооперативтердің өкілдерімен, Қазығұрт ауданы Шарапхана ауылының тұрғындарымен, сондай-ақ Сарыағаш қаласы аудандық ауруханасының медицина қызметкерлерімен кездесті.

«Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыруға республикада 100 млрд теңге қарастырылған. Түркістан облысында 19,8 млрд теңгені игеру жоспарлануда. Өңірге 11 млрд теңге аударылды.

Ордабасы ауданының Бадам және Шұбар ауылдық округтерінде ауыл тұрғындарының басын біріктірген жеті кооператив «Ауыл аманаты» бағдарламасына атсалыспақ. Олардың төртеуі (жалпы саны 165 қатысушы) – отбасылық сүт фермалары, сонымен қатар бордақылау алаңы, құс фабрикасы және жылыжай шаруашылығы. Ауыл бизнесі мемлекеттік бағдарлама ұсынған қолайлы жағдайлардың арқасында табысты дамуға мүмкіндік алады, оны ұйымдастырушылар тұрақты жұмыс пен табыс алады. 

Кооператив мүшелері Премьер-Министрдің орынбасарына жылыжай ұйымдастыруға арналған техника, құрал-жабдықтар, сондай-ақ асыл тұқымды мал, бұқалар мен тауықтар сатып алу жөніндегі жобалары мен жоспарлары туралы баяндады.

 «Бұл бағдарлама жерлестерімізді сұранысқа ие ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етіп, ауылда тиімді кәсіппен айналысуға жақсы мүмкіндік», — деді Алтай Көлгінов.

Сондай-ақ, Премьер-Министрдің орынбасары облыс әкімдігі ӘКК-мен бірлесіп, «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл тұрғындарын жеңілдетілген шағын несиелендіруге өтінімдерді тезірек қабылдауды қолға алуы және бұл туралы ақпаратты барлық мүмкін болатын ресурстарға орналастыру қажеттігін баса айтты.

Түркістан облысына сапары аясында Премьер-Министрдің орынбасары Қазығұрт ауданы Шарапхана ауылының тұрғындарымен кездесу өткізіп, оларды толғандыратын мәселелер туралы тыңдады.

«Шешуді қажет ететін мәселелер көп. Ауыл тұрғындарын да, қала тұрғындарын да медицина мен білім сапасы, жұмыспен қамту, өз ісін ашу, әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі алаңдатады. Бүгінде республикада азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда, мектептер мен денсаулық сақтау нысандары салынуда. Осының барлығы бала толы мектептер, кадр тапшылығы, халықты жұмыспен қамту және т. б. бірқатар мәселелерді шешеді», — деді Алтай Көлгінов.

Түркістан облысында тағы бір кездесуді Премьер-Министрдің орынбасары Сарыағаш қаласындағы аудандық аурухананың медицина қызметкерлерімен өткізді. Дәрігерлердің мәртебесін көтеру, денсаулық сақтау нысандарын заманауи құрал-жабдықтармен қамту, біліктілігін арттыру және мамандандыру тақырыптары талқыланды.

#Алтай Көлгінов #Мемлекеттік бағдарламалар #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу