Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Р. Жошыбаев «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ басшысы болып тағайындалды

20 ақпан 2018, 18:19

ҚР Үкіметінің қаулысымен Рәпіл Сейітханұлы Жошыбаев «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ басшысының лауазымына тағайындалды.

Рәпіл Жошыбаев 1963 жылы Жамбыл облысының Ақыр-Төбе стансасында дүниеге келген. 1985 жылы Қырғыз мемлекеттік университетін тәмамдаған. Мамандығы — экономист.

Еңбек жолын 1980 жылы бастаған.  

1980–1993 жылдары Санкт-Петербург экономика және қаржы университетінде (РФ) техник, экономист, аға инженер, зерттеуші стажер, стажер-оқытушы болып жұмыс істеген.

1993 жылдан бастап 2003 жылға дейін — ҚР СІМ-нің үшінші, екінші, бірінші хатшысы, ҚР СІМ ТМД департаментінің бөлім бастығы, ҚР-ның Литва Республикасындағы Елшілігінің кеңесшісі, ҚР Президентінің Протокол қызметі басшысының орынбасары.

2003–2004 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Конфессияаралық қатынастар жөніндегі бөлімінің меңгерушісі, ҚР Президентінің Протокол қызметінің бас инспекторы болып еңбек еткен.

2004–2007 жылдары ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарған.

2007 жылдан 2017 жылға дейін — сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, жауапты хатшысы, «Экспо-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің» комиссары.

ІІ дәрежелі «Достық», «Парасат» ордендерімен марапатталған.

 

Анықтама: Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» Экспо-БҰҰ халықаралық орталығының базасында жұмыс істейтін болады. Жаңа орталық «Астана Экспо-2017» көрмесі мұрасының идеологиялық жалғасы болады, сондай-ақ ол «жасыл» экономиканы дамыту саласында әлемдік қауымдастық арасындағы стратегиялық әріптестік қатынастарды орнатуға бағытталған. Бұған қоса бұл қазақстандық жобаларға инвестициялар тартуға жол ашады.