Асқар Мамин жаңа сыртқы істер, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлерін таныстырды

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Сыртқы істер министрлігінің (СІМ) ұжымына, сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің (ИИДМ) ұжымына бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлықтарымен тағайындалған жаңа басшыларын - Мұхтар Тілеуберді мен Бейбіт Атамқұловты таныстырды. 

СІМ-нің басқарушылық құрамымен кездесуде Үкімет басшысы Б. Атамқұловқа ҚР сыртқы істер министрі қызметіндегі жұмысы үшін алғыс айтып, оған ИИДМ басшысы ретіндегі қызметіне табыс, ал оның ізін басқан М. Тілеубердіге сыртқы істер министрі қызметінде жемісті жұмыс тіледі. 

Асқар Мамин Б. Атамқұловты ИИДМ ұжымына таныстырып, тағайындалған министрдің үлкен тәжірибесі мен құзыретін атап өтті. 

Тілеуберді Мұхтар Бескенұлы 1968 жылы 30 маусымда Шымкент облысының Ақсу ауылында туған. 1990 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін) философ мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Азия және Африка институтында (Мәскеу қаласы, Ресей) және Енсэ Университеті (Сеул қаласы, Оңтүстік Корея) жанындағы Тілдер институтында тәлімгер ретінде бастаған. 1993 жылдан бері ҚР СІМ жүйесінде жұмыс істейді, Малайзия,  Индонезия Республикасы, Бруней Даруссалам және Филиппин Республикасы, Швейцарии, Лихтенштейн кньяздығы, Ватикан мемлекеті елдерінде Төтенше және өкілетті елші қызметін атқарды. 

2016 жылдың наурыз айынан бастап – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары. 

Атамқұлов Бейбіт Бәкірұлы 1964 жылы 19 мамырда Алматы облысының Ұзынағаш ауылында дүниеге келген. 1986 жылы В. И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының металлургия факультетін аяқтады. 2006 жылдан бастап дипломатиялық қызметте болды. ҚР-ның Германиядағы бас консулы,  ҚР Малайзиядағы төтенше және өкілетті елшісі болды. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып қызмет етті, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен Инвестициялар және даму министрлігінің жауапты хатшысы болды. 2016 жылдың қазан айынан бастап - ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі, 2018 жылдың 26 желтоқсанынан бастап қазірге дейін ҚР сыртқы істер министрі лауазымын атқарды. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу