Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

XI Астана экономикалық форумының қорытындысы бойынша видеодайджест

31 мамыр 2018, 10:37
Астана
Фото: primeminister.kz

17–19 мамыр аралығында Астанада ХІ Астана экономикалық форумы (АЭФ) өтті.

16 мамырда АЭФ ашылуы қарсаңында ХВҚ және Ұлттық банктің аймақтық кездесуі аясында Жоғары деңгейлі пікірталас өткізілді.

Бұл күні ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев форум қатысушыларымен бірқатар кездесулер өткізді.

XI Астана экономикалық форумы аясында Премьер-Министр Халықаралық валюта қорының басқарушы директорының орынбасары Тао Чжанмен кездесті. Кездесу барысында ХВҚ-мен тұрақты экономикалық өсімге жәрдемдесу бойынша ынтымақтастықты кеңейту және одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің (АИИБ) Президенті Цзинь Лицюньмен кездесу өткізді. Кездесу барысында АИИБ-пен ынтымақтастықты дамыту және ел экономикасының әртүрлі салаларында бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Қаржыландырудың басым бағыттары ретінде энергетика, көлік, логистика, қала және ауыл инфрақұрылымы және т.б. салалар аталды.

Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚҚДБ) бірінші вице-президенті Юрген Ригтеринкпен кездесу барысында тау-кен саласы, муниципалдық және көлік инфрақұрылымын қоса алғанда, экономиканың түрлі секторларындағы, «жасыл» экономика мен жаңартылатын энергетиканы дамыту, Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін жақсарту мен басқа да салалардағы қазіргі және келешектегі бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Грузияның вице-Премьер-Министрі – сыртқы істер министрі Михеил Джанелидземен кездесу барысында Бақытжан Сағынтаев энергетика, көлік және логистика, туризм, мәдениет, денсаулық сақтау және білім беру салаларында екі ел арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету, жаңа бағыттарда өзара тауар айналымын кеңейту, химия өнеркәсібі, машина жасау, құрылыс, ауыл шаруалышығы салаларында қазақстандық өңделген және шикізат өнімдерінің, сондай-ақ қазақстандық астық экспортын ұлғайту мәселелерін талқылады. Екі мемлекеттің мемлекеттік органдары, өңірлері мен бизнес қауымдастықтары арасындағы өзара іс-қимыл мәселелері, грузин компанияларының «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына белсенді қатысуы мәселелері қаралды.

Бақытжан Сағынтаев Азия даму банкінің вице-президенті Венчай Жангпен АДБ-ның Қазақстан үшін 2017–2021 жылдарға арналған жаңа Елдік стратегиясына сәйкес жеделдетілген технологиялық жаңғыртудың бес негізгі бағыты бойынша, бизнес ортаны жақсарту, жеке сектор қызметін кеңейту, макроэкономикалық тұрақтылық, адам капиталының сапасын арттыру, институционалдық өзгерістер, қауіпсіздік пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тұрғысынан АДБ-мен ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Экономикалық әртараптандыру, инклюзивтілік және тұрақты өсім бойынша өзара іс-қимылдың бірқатар маңызды басымдықтары қаралды.

Бұдан өзге, XI Астана экономикалық форумы қарсаңында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев DP World компаниясының басқарма төрағасы Сұлтан Ахмед бин Сулайеммен кездесті. Кездесу барысында компаниямен ынтымақтастық мәселелері және көліктік-логистикалық жүйені жаңғырту және дамыту саласындағы, Қазақстанның көлік инфрақұрылымын басқару тиімділігін жетілдіру, сондай-ақ, қазақстандық терминалдарды әлемнің 6 құрлығында жаһандық логистика тізбегіне біріктіру үшін Қорғас пен Ақтауда қолданылатын ақпараттық жүйелерді интеграциялау салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Премьер-Министр Қазақстан елордасына XI Астана экономикалық форумына қатысу үшін келген Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директорының орынбасары Алан Вулфпен кездесу өткізді. Кездесу барысында Қазақстанның ДСҰ-мен ынтымақтастығын одан әрі нығайту, сауда-саттық рәсімдерін жеңілдету бойынша ДСҰ-ның келісімін тиімді іске асыру, сонымен қатар көпжақты сауда жүйесіне Орталық Азия аймағын белсенді ықпалдастыру мәселелері талқыланды.

Бақытжан Сағынтаев Қазақстанға Астана экономикалық форумына қатысу үшін келген БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясының (ЮНКТАД) Бас хатшысы Мухиса Китуйимен кездесу өткізді. Кездесу барысында Қазақстанның халықаралық саудаға интеграциялануы, озық стандарттар мен жобаларды енгізу, теңізге шыға алмайтын елдердегі сауда-саттықты дамыту, сондай-ақ Қазақстанның қаржы жүйесі мен монополияға қарсы заңнамасын жетілдіру мәселелері талқыланды.

Астана экономикалық форумы қарсаңында «Қазақстанда жекешелендіру бағдарламасы – Неміс орта бизнесінің мүмкіндіктері ме?» тақырыбында Берлин Еуразиялық клубының 23-отырысы өтті. Іс-шараға қатысушылар екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылап, Германия Еуропалық одақта Қазақстанның стратегиялық серіктесі екенін атап өтті. 

Сонымен қатар, 16 мамырда Global Challenges Summit 2018 шарасын өткізу қарсаңында ұйымдастырылған «АЭФ–2018-ге барамын» байқауының қорытындысы шығарылды. Астана қаласындағы «Hilton» мейманханасында байқау жеңімпаздарын ресми марапаттау рәсімі өтті. Жеңімпаздар АЭФ-ке тегін бару мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар ақтық сынға шыққандардың Астана экономикалық форумының атақты спикерлерінің бірімен фотоға түсуге керемет мүмкіндігі болды.

Астанада 17 мамырда ХІ Астана экономикалық форумы: Global Challenges Summit 2018 жұмысы басталды.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев форумның «Жаһандық сын-тегеуріндер әлемі» пленарлық отырысына қатысты.

Сол күні «Жасыл экономика: тұрақты өсімнің жаңа моделі» панельдік сессиясы өтті. ҚР Премьер-Министрі шара қатысушыларына құттықтау сөзін арнады.

Бақытжан Сағынтаев форум алаңдарында бірқатар кездесулер өткізді. Атап айтқанда, «Яндекс» басшысы Аркадий Воложбен, Жаһандық жасыл өсім институтының президенті Пан Ги Мунмен, Apple компаниясының негізін қалаушылардың бірі Стив Вознякпен, Иранның өнеркәсіп, шахта және сауда министрі Мохаммад Шариатмадаримен, «Nokia Еуропа» аға вице-президенті Маркус Борхертпен кездесулер өткізді. Экономиканың әртүрлі салаларында өзара тиімді ынтымақтастық және бірлескен жобаларды іске асыру, цифрландыру, инновациялық технологияларды енгізу және «жасыл» экономиканы дамыту мәселелері талқыланды.

Германия экономикасының Шығыс комитетінің төрағасы Манфред Грундкемен және неміс компанияларының өкілдерімен кездесуде Германиямен сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, соның ішінде экспорттық-импорттық операцияларды ұлғайту, жеткізілетін тауарлар мен қызмет түрлерін кеңейту және екі мемлекеттің бизнес орталары арасында тікелей байланыстар орнату мәселелері талқыланды.

Форум аясында «Бәйтерек» ҰБХ директорлар кеңесінің отырысы өтті.

18 мамырда ҚР Премьер-Министрінің қатысуымен «Жаһандық өзгерістердің практикумы» АЭФ пленарлық отырысы өтті.

Осы күні АЭФ аясында Бақытжан Сағынтаев танымал ғалымдар, саясаткерлер мен бизнесмендермен кездесулер өткізді.

Саясаттанушы Параг Ханнамен технологиялық революция, кенттену, цифрландыру, қаржы революциясы, сондай-ақ барлық жаһандық үрдістер мен сын-тегеуріндер тұрғысынан экономикалық өсім мен жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша сындарлы пікір алмастырылды.

Танымал физик, футуролог, ғалым және ғылымды дәріптеуші Митио Какумен заманауи ғылым жетістіктері және оларды тәжірибеге енгізу, жасанды зерде, ғарыш, медицина және биологияны дамытудағы революциялық қадамдарға қатысты мәселелер талқыланды. Сондай-ақ, жас буынның ғалымдардың ғылыми әзірлемелеріне деген жоғары қызығушылығы жөніндегі мәселелер де қозғалды.

АЭФ аясында Бақытжан Сағынтаев Малайзияның Pemandu консалтингтік компаниясының бас басқарушы директоры Идрис Джаламен кездесті.

Кездесу барысында инновациялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру және экономикалық трансформация, үкіметтік институттарды трансформациялау және мемлекеттік аппарат қызметін басқарудың оңтайлы шешімдерін әзірлеу бойынша тәжірибе алмасу жөнінде Малайзияның үкіметтік құрылымдарымен және бизнес қауымдастығымен өзара іс-қимыл жасау мәселелері талқыланды.

Сол күні АЭФ алаңдарында Премьер-Министр The Boston Consulting Group компаниясының төрағасы Ханс-Пол Бюркнермен кездесті. Онда компаниямен «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру аясында экономиканы әртараптандыру мен цифрландыру жөніндегі реформаларды жүргізу тұрғысынан ұзақмерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Эстонияның экс-президенті Тоомас Хендрик Ильвеспен кездесуде Эстониямен көлік, ауыл шаруашылығы, білім беру, ғылыми-техникалық кооперация, өзара инвестициялау, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды және цифрлық шешімдерді дамыту саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге көмек көрсету мәселелері талқыланды.

19 мамырда, форум жұмысының соңғы күнінде Стратегиялық сессия өтті, оның аясында ҚР дамытудың алты бағыты бойынша ой-талқылары өтті.

Институттар мен экономикалық саясат, адам капиталын дамыту, цифрландыру және ақпараттық технологиялар, жаңа ақша және қаржы секторы, таза энергия және жасыл технологиялар, қалаларды дамыту секілді бағыттар бойынша серпінді жобалар мен шешімдерді іске асыру мәселелері талқыланды.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз