Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Бақытжан Сағынтаев саясаттанушы Параг Ханнамен кездесу өткізді

18 мамыр 2018, 13:46
Астана
Фото: primeminister.kz

Бүгін Астанада XI Астана экономикалық форумы аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы, саясаттанушы Параг Ханнамен кездесу өткізді.

Кездесу барысында технологиялық революция, кенттену, цифрландыру, қаржы революциясы, сондай-ақ барлық жаһандық үрдістер мен сын-тегеуріндер тұрғысынан экономикалық өсім мен жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша сындарлы пікір алмастырылды.

Жаһандану саласындағы жетекші сарапшылардың бірі ретінде Параг Ханна жалпы қазіргі әлемнің және жекелей алғанда Қазақстанның болашақ дамуына қатысты өзінің көзқарасымен бөлісті.

 

Анықтама: Параг Ханна дипломатиялық қызмет мектебін, Джорджтаун университетінің бакалавриаты мен магистратурасын, сондай-ақ Лондон экономика және саясаттану ғылымдары мектебін (PhD) тәмамдаған. АҚШ-тың, Еуропа мен Азияның түрлі аналитикалық ұйымдарында, атап айтқанда: «Халықаралық қатынастар кеңесінде», Брукингс институтында (АҚШ), Лондон экономика мектебі жанындағы LSE Ideas, Халықаралық қатынастар бойынша Еуропалық кеңесте, Сингапур халықаралық қатынастар институтында жұмыс істеген. Ол Ирак пен Ауғанстандағы арнайы операцияларды жүргізу бойынша АҚШ Қарулы күштерінің аға кеңесшісі, Джорджтаун университетінде Дипломатиялық қызмет мектебі директорының орынбасары, «Global Trends – 2030» бағдарламасы аясында АҚШ Ұлттық барлау кеңесінің кеңесшісі қызметтерін атқарған, сондай-ақ, Сингапур Үкіметінде «Болашақ экономикасы» мәселелері жөніндегі комитет мүшесі, GeoQuant, Graticule Asset Management Asia, East India Capital Management, DBS Bank (инновациялар мәселелері жөнінде) компанияларының консультативтік кеңестерінің мүшесі.

П. Ханна — «Екінші әлем: империялар мен жаңа жаһандық тәртіпке әсері» (2008), «Әлемді басқару: келесі қайта өрлеуге арналған бағытты анықтау» (2011), «Коннектография: жаһандық өркениеттің келешегі» (2016) атты бірқатар бестселлерлердің авторы. «Гибридтік шынайылық: қалыптасушы өркениеттегі технологиялардың гүлденуі» кітабының тең авторы (2012). 2017 жылы оның «Америкадағы технократия» кітабы жарық көрді.

 


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз