Қазақстанда білім беру ұйымдары бейнебақылау жүйелерімен 100% қамтамасыз етілген – Ғ. Бейсембаев

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысының бірінші бөлігінде екі маңызды мәселе — білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік және оқу процесін цифрландыру қаралды. Кеңесте оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен ішкі істер министрі Марат Ахметжанов, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек баяндама жасады.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім ошақтарында қауіпсіздікті ұйымдастырудың қазіргі жағдайы туралы баяндады. Оның айтуынша, білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты кешенді тәсіл қолданылады, ол бейнебақылау жүйесін орнатуды, оларды ЖБО-ға қосуды, лицензияланған күзетпен және дабыл түймелерімен қамтамасыз етуді қамтиды.

   Мемлекет басшысының білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Министрлік кешенді шараларды жүзеге асырып келеді.

Бұл бағытта бірқатар нормативтік құқықтық актілер:

  • Білім беру саласындағы террористік тұрғыдан осал нысандарды қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық
  • Білім беру ұйымдарына енгізуге тыйым салынған заттар мен заттардың тізбесі
  • Мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарын бейнебақылау жүйелерімен жарақтандыру стандарттары қабылданды.

 Сонымен қатар, биылғы ақпан айында Білім беру ұйымдарының өткізу режимі бойынша Үлгілік ереженің жаңа жобасы әзірленді.

«Министрлік білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуына тоқсан сайын мониторинг жүргізіп келеді. Оның қорытындылары жүйелі түрде Үкімет деңгейінде қаралады. Мониторинг нәтижелері бойынша білім беру ұйымдарында қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз ету бойынша оң динамика байқалады», — деп атап өтті оқу-ағарту министрі.

Мәселен, 2020 жылмен салыстырғанда:

- бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз ету – 2,5 есеге;

- жедел басқару орталықтарына қосылу – 11 есеге;

 - лицензияланған күзетпен қамту – 7 есеге;

- дабыл түймесін орнату – 21 есеге артқан.

 Сонымен қатар 2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша  бейнебақылау жүйелерімен білім мекемелері 100% қамтылған, әкімдіктер оларды Нұсқаулықтың жаңа талаптарына сәйкестендіру жұмыстарын жүргізуде. Ал жедел басқару орталықтарына 6 мыңға жуық білім ошақтары қосылған. Лицензияланған күзетпен 2 мыңға жуық, дабыл түймелерімен 2400-ден аса білім беру нысандары қамтылған.

Дегенмен, бұл жұмысты Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бірқатар өңірлер 2023 жылдың қыркүйегіне дейін толық аяқтауы қажет.

Білім беру ұйымдарының қауіпсіздігіне толық тексеру жүргізу мәселесі ақпан айында өңір әкімдері орынбасарларының қатысуымен министрлік өткізген арнайы кеңесте қаралды.

Осыған орай бірнеше мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйым өкілдерінен құралған 162 мониторингтік топ 20 өңірде жұмыс істеуде.

Бүгінгі күні мониторингтік топ 10 мыңнан аса білім беру ұйымдарының 7 мыңға жуығын қамтыды. 

Оқу-ағарту министрлігі білім мекемелеріндегі балалар қауіпсіздігін қамтамсыз етуді одан әрі жетілдіру мақсатында:

  • білім беру ұйымдарының бірінші басшыларының жауапкершілігін күшейтуді;

  • қауіпсіздік жүйелеріне мониторингті тұрақты түрде жүргізіп отыруды;

  • білім беру нысандарына кіруге рұқсат берудің жаңа тәртібін әзірлеп, енгізуді;

  • балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан тәрбие жұмысын жаңғыртуды;

  • педагогтерді қайта даярлау бағдарламаларына балалар қауіпсіздігіне қатысты жаңа курс модулін енгізуді іске асырамыз.

Орта білім берудегі оқу процесін цифрландыруға келетін болсақ, Мемлекет басшысының оқу процесін цифрландыру аясында пәндерді оқытудың инновациялық тәсілдерін енгізу, қажет оқу материалдарын цифрлық форматқа көшіру тапсырмасына сәйкес педагогтерге цифрлық оқу материалдарын тиімді пайдалануды, инновациялық тәсілдерді қолдануды үйрету, цифрлық оқу материалдарын кеңейту, мектепішілік және Ұлттық сыртқы бағалауды цифрлық форматқа көшіру, сондай-ақ мектептерді техникалық құралдармен және жоғары жылдамдықты интернетпен қамту міндеттері іске асырылып келеді. 

Осы бағытты нормативтік реттеу үшін Министрліктің 6 нормативтік құқықтық актілерінде нақты тиісті талаптар мен ережелер бекітілген. Аталған заңнамаларға сәйкес қазіргі таңда білім жүйесін цифрландыру жұмыстары кешенді әрі жүйелі түрде жүргізілуде.

Оқу процесін басқаруды цифрландыру мақсатында республика бойынша 7 мың мектепте электрондық журналдар мен күнделіктерді жүргізу, бағалау, үй тапсырмасын беру, жоспар қалыптастыру және қашықтан оқыту сияқты негізгі қызметтерді қамтитын білім беру платформалары (Kundelik, Білімал, EDUS және т. б.)  енгізілді. Сонымен қатар бұл платформалардың оқушылар мен ұстаздарға арналған мобильді қосымшалары, аналитикалық бақылау тақталары, мектептегі ас мәзірі және онлайн біліктілікті арттыру курстары секілді қосымша қызметтері іске қосылған.

Қазіргі таңда оқулықтардың 79% цифрлық форматқа көшіріліп, мемлекеттік сараптамадан өтті және оқулықтар тізіміне кірді. Цифрлық оқулықтарды әзірлеуге еліміздің 11 баспасы тартылды. Пәндерді оқытудың инновациялық тәсілдерін енгізу мақсатында педагогтердің пайдалануы үшін әдістемелік ұсынымдар әзірленді және осы жылы оларды оқыту жоспарланды. 2024 жылы пәндерді цифрлық оқулықтармен 100% қамту жоспарланған.

Электрондық оқулықтармен қатар мектептерде қосымша оқу материалы ретінде мультимедиалық контенті бар цифрлық білім беру ресурстары белсенді қолданылады. Қазіргі күні 50 мыңнан аса цифрлық білім беру ресурсы жасалды. 2023 жылдың басынан бастап Цифрлық білім беру ресурстарына 6,7 мың мектеп қосылды. Бұл ресурстарды бүгінде күн сайын 3 миллионға дейін оқушы мен мұғалім қолданып келеді. Цифрлық білім ресурстарында барлық сыныптарды қамтитын 50 мыңнан аса бейнесабақ жарияланған.

Қазақстандағы білім беру ұйымдарында қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуі туралы ішкі істер министрі Марат Ахметжанов та баяндады. Ол өз сөзінде білім беру ұйымдардағы балалардың қауіпсіздігі болашағымыздың кепілі, сол себепті бұл мәселе Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында екенін баса айтты. Бұрын терроризмге осал объектілер қатарына 200 адамнан тұратын оқу орындары кіргенін атап өтті. Республика бойынша барлығы 6,5 мың осындай нысан болған. 2021 жылы критерийлер 100 оқушыға дейін өзгерді. Нәтижесінде мұндай білім беру нысандарының саны 9 884-ке дейін өсті.

Объектілерді терроризмге қарсы қорғау жөніндегі нұсқаулық бекітілді:

  • 300-ге дейін оқушысы бар мекемелерде бейнебақылау және ескерту жүйелері болуы керек;

  • сондай ақ 700 оқушыға дейінгі нысандар бейнекамераларды ЖБО-ға қосып дабыл түймелерін орнатуға міндетті;

  • 700-ден астам білім беру ұйымдары мен облыс орталықтарының барлық мектептерінде қосымша лицензияланған күзетпен шарт және турникеттер болуы қажет.

«Қазір ТЖМ-мен бірлесіп ұйымдарды кешенді тексеру жүргізілуде. Барлық мекемелердің 60% -ы мектептер. Сондықтан оларды тексерулер басталды. Бүгінгі таңда ірі қалалардағы мектептердің көпшілігі дабыл түймелерімен (93%), турникеттермен (73%) және бейнебақылаумен (100%) жабдықталған», — деді М. Ахметжанов.

Сонымен қатар, егжей-тегжейлі зерттеу көрсеткендей, бейнекамералардың тек 62%-ы ЖБО-ға біріктірілген.

Сондай-ақ министр осы жылдың басынан бастап бірқатар білім беру ұйымы мен байланыс каналдары компаниялары арасында  келісімшарт жасалмағанын атап өтті. Мемлекеттік сатып алу рәсімдері созылып, нәтижесінде ЖБО-ның бейнебақылау жүйелеріне қолжетімділігі қамтамасыз етілмейді.

ҚР ІІМ басшысы заңнамаға сәйкес мемлекеттік сатып алу қорытындысы шыққанға дейін, күзет пен дабыл және басқа да қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз ету мәселесі бойынша 2 айға дейін «бір көзден» келісімшарт жасауға мүмкіндік бар екеніне назар аударды. Бірақ, ешкім бұл норманы қолданбайтынын айтты.

Бұл нысандарды қорғауға келетін болсақ, 700-ден астам орынға арналған мектеп лицензиясы бар күзет құрылымдарын тартуы керек:

- радиобайланысы,

- қызметтік қарумен жабдықталған,

- және жедел әрекет ету мобильді топтары

- лицензияланған күзет болуы керек.

Бірақ, бүгінгі күні онымен мектептердің тек 84% пайызы қамтылған. 

«Көбінесе білім беру мекемелерін күзетуді кәсіби мамандар емес, қарапайым тілмен айтқанда "вахтерлер" қамтамасыз етеді, сондықтан олардың қауіпті заттар мен қаруды кіргізуге тосқауыл қояды деп үміттену – бос амал», — деді М. Ахметжанов. 

Бұл жерде мекеме әкімшілігі техникалық ерекшелікте күзетті қамтамасыз ету тәсіліне, қызметкерлердің шекті жасына және олардың арнайы дайындық деңгейіне қойылатын талаптарды дұрыс қоя білу керек.

Ірі қалаларда Жедел басқару орталықтарына: 

- бала бақшалардың 51%-ы

- колледждердің 65%-ы

- жоғары оқу орындарының 35%-ы қосылған.

«Дабыл түймелері»: 

- балабақшалардың 82%-ында 

- колледждердің 90%-ында, 

- жоғары оқу орындарының 45%-ында орнатылған.

Күзет ұйымдары: 

- балабақшалардың 51%-ында 

- колледждердің 79%-ында,  

- жоғары оқу орындарының 54%-ында ғана бар.

2022 жылы полицияның тексеруі барысында 3 195 білім беру нысанында бұзушылықтар анықталды. Әкімшіліктерге оны жою туралы бұйрықтар шығарылды.

Білім министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп:

1) қысқа мерзімде мектептерді қауіпсіздік жүйелерімен жарақтандыру және кемшіліктерді жою жөніндегі жұмыстарды аяқтауға;

2) дағдарыстық жағдайларға ден қою бойынша оқу-жаттығу сабақтарын өткізуге;

3) білім беру ұйымдарында психологтарды даярлау сапасын арттыруға бұйрық берілді.

«Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, агрессорлар көбінесе құрдастарының қорлауына ұшыраған. Проблемалы балаларды ерте анықтау және олармен жеке іс-шаралар өткізу әдістемесін пысықтау қажет. Аталған шаралар білім беру ұйымдарында қауіпсіздік архитектурасын жолға қоюға мүмкіндік береді деп ойлаймыз», — деп атап өтті ішкі істер министрі.

Бұдан әрі Қазақстанда оқу процесін цифрландыру міндеті қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек баяндады.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда еліміздің мемлекеттік 7098 мектебінің 7078-і интернет желісіне түрлі технологиялармен (ТОБЖ, спутниктер, РРЖ, ADSL) қосылған. Олардың ішінде:

664 мектепте интернет жылдамдығы медициналық-әлеуметтік сараптама ұсыныстарына сәйкес келеді;

6414 мектепте интернет жылдамдығын МӘС ұсынған деңгейге жеткізу қажет.

Халықаралық телекоммуникация одағы интернет жылдамдығы бір мектепке 20 Мб/с болуы керек деп кеңес береді. Бұл ретте жүктеу жылдамдығы кемінде 20 Мб/с, ал түсіру жылдамдығы 5 Мб/с болуы тиіс. Оқушылар саны 400 адамнан асатын мектептер үшін 20 оқушыға кемінде 1 Мб/с ұсынылады.

Қазіргі жағдай көрсеткендей, кейбір мектептерде талшықты-оптикалық байланыс желілері тартылған, бірақ интернет желісіне толыққанды қол жетімділік жоқ. Себебі мектептерде жергілікті желі тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған.

Осыған байланысты МӘС ұсынымдары негізінде байланыс операторы мен мектеп арасында жасалатын мемлекеттік сатып алу шартына үлгілік техникалық ерекшеліктер әзірленді. Оларда мектептердегі интернет жылдамдығына, мектептерді тиісті деңгейде жергілікті және сымсыз желімен қамтамасыз етуге, сондай-ақ мектептің бүкіл аумағын қамтуға қатысты талаптар көзделген.

Сондай-ақ, Үкімет отырысында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров баяндама жасады. Бірінші кезекте өңір басшысы жасөспірімнің Петропавлдағы №4 мектеп оқушыларына жасаған шабуылы кезінде зардап шеккен балалардың жағдайы туралы айтып берді.

«Бүгінде олардың барлығы ауруханадан шығарылды. Жағдайы қанағаттанарлық, оларға дәрігерлік-консультациялық комиссия үйде оқытуды ұсынды. Мәселе үнемі бақылауда», — деді А. Сапаров.

Облыстағы 630 білім беру нысанының 76-сы балабақша және 465-і мектеп, онда 75 мың оқушы оқиды. Әкімнің айтуынша, ұйымдар бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз етілген.

Петропавл қаласында полиция департаментінің жедел басқару орталығына 79 нысан қосылған, сондай-ақ аудан орталықтарындағы полиция бөлімдеріне камералар әкелінді. Дабыл түймелері 178 нысанда орнатылған. Дабыл түймелерін қосымша орнату жұмыстары жүргізілуде.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу