Бердібек Сапарбаев Қордай ауданының тұрғындарымен кездесті

Сортөбе ауылындағы Мәдениет үйінде өткен ақсақалдармен кездесу барысында вице-премьер жергілікті тұрғындарды сабырға және түрлі арандатуларға ілеспеуге шақырды. 

«Біздің міндетіміз – тұрғындардың қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету. Кешегі қайғылы жағдай қайталанбауы тиіс. Ол үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен өңірге Үкімет комиссиясы мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері келді. Біз тәртіп орнатамыз, сіздерден сабыр сақтауды өтінеміз. Бізде барлық қажетті құралдар мен күштер жеткілікті», - деді ол.

Вице-премьердің айтуынша, кикілжіңді тудырғандар мен арандатушыларды арнайы оперативтік тергеу тобы анықтайтын болады, бұл топ болған оқиғаның барлық жағдайларына объективті тергеу жүргізеді. 

«Біз әрдайым келісіммен, тату өмір сүрдік. Мұндай жағдай алғаш рет болып отыр. Жастар арасында ұсақ келіспеушіліктер орын алатын, бірақ меніңше, кешегі оқиғаға үшінші тарап қатысқан», - деген пікірін білдірді ақсақалдардың бірі.

Өз кезегінде, Бердібек Сапарбаев оқиғаның тек тұрмыстық сипаттағы кикілжің екенін тағы бір атап өтті. 

«Біз бәріміз Қазақстан Республикасының азаматтарымыз. Бұл жерде ешқандай ұлттық мәселе жоқ. Тұрмыстық кикілжің болды, оны арандатушылар пайдаланып, басқа арнаға бұрып жіберді», - деді ол.

Сонымен қатар Үкімет комиссиясының мүшелері БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз конференциясын өткізді.

 

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу