12 Ақпан 2025, 17:55
Үкімет өкілдері Ақтөбе облысының бизнес-қауымдастығымен Салық кодексіне енгізілген түзетулер туралы талқылады. Құрамында ҚР ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков пен ҚР қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов бар жұмыс тобы 250-ден астам қатысушының басын қосты, кездесуге кәсіпкерлер, мәслихат пен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.
Бұл кездесу өңірдегі бизнес өкілдеріне салық реформалары мен еліміздің экономикалық дамуының маңызды мәселелерін талқылауға бірегей мүмкіндік берді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 7 ақпанда Астанада бизнес өкілдерімен кездесуінде кәсіпкерлер пікірінің маңыздылығына тоқталып, олардың пікірі салық саясатын қалыптастыруда шешуші рөл атқаратынын атап өтті.
Жиынды ашқан Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов қатысушыларды бизнес пен экономиканың дамуына ықпал ететін оңтайлы шешімдерді бірлесіп табу мақсатында сындарлы диалог үшін осы алаңды пайдалануға шақырды.
Кездесудің басты тақырыбы Үкіметтің ҚҚС бойынша сараланған мөлшерлемелерін белгілеу: 16%, 10%, 0% және босату жөніндегі ұсыныстарын талқылау болды. Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешені үшін ҚҚС-ты толығымен алып тастау және денсаулық сақтау мен коммерциялық медицина салалары үшін 10%-дық аралық мөлшерлемені енгізу бойынша ұсыныстар қарастырылды.
«Біз 2023 жылдан бері ұсыныс ретінде айтып келе жатқан 0% және 10% сараланған мөлшерлеме тұжырымын қабылдағанымызға разымыз. Сіздер әзірге медицинаға 10% деп отырсыздар. Басқа нұсқалар болады ма, әлде біз қазір кімді қосуға болатынын ұсына аламыз ба?», — деп сұрақ қойды «Атамекен» палатасы Сауда және қызмет көрсету салалық кеңесінің қаржылық қызмет кіші секторының басшысы, кәсіпкер Виктория Исарова.
Ұлттық экономика вице-министрі бұл мәселеде ҚҚС бюджетті толықтырудың негізгі көздерінің бірі екенін түсіну маңызды екенін атап өтті.
«ҚҚС мөлшерлемесін арттыру және саралау бюджеттің мұнайдан түсетін өзгермелі кірістеріне тәуелділігін азайтуға және мемлекеттік басым жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді. Біз ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді ҚҚС-тан босатуды ұсынамыз. Қазіргі уақытта шаруа қожалықтары ҚҚС төлемейді және біз оны солай қалдырамыз. Ауыл шаруашылығымен айналысатын заңды тұлғалар қажетті соманың 30%-ын төлейді. Енді олар бұл салықтан босатылып, картоп, қызанақ, пияз және қырыққабат сияқты басқа да өнімдерді бәсекеге қабілетті етеді. 10%-дық мөлшерлеме кімге қатысты беріледі деген сұрақ қосымша талқылауды қажет етеді. Сондай-ақ біз денсаулық сақтау саласы үшін төмендетілген мөлшерлемені ұсынамыз. Барлық ұсыныс жинақталып, талқыланады, содан кейін барып Сіздермен бірлесіп шешіледі», — деді Бауыржан Омарбеков.
Кәсіпкерлер реформаның ықтимал салдары, соның ішінде жаңа мөлшерлемелердің өнімнің өзіндік құнына және баға деңгейіне әсері, бұл сайып келгенде тұтынушыларға әсер етуі мүмкін деген алаңдаушылықтарын білдірді.
«Мұндай диалог алаңдарын құру қажет. Әр саланың өзіндік ерекшеліктері бар және бірлескен күш-жігердің арқасында бұл саралауды анықтауға болады. Тек санды белгілеп беріп қана қоймай, 10%, 12% мөлшерлемелердің шынымен кірістің өсуіне әсер ететінін бағалау үшін кең ауқымдағы ұзақмерзімді жұмыс істеу қажет. Сондай-ақ инфляция кезеңінің қысқа мерзімділігі үлкен мәселе болып отыр. Біз бәріміз салық төлеуіміз керек деп санаймыз. қандай жағдай болмасын адал төлегендер алдағы уақытта одан да көп төлейді, ал көлеңкеде жүргендер солай қала береді», — деді «Ақтөбе меншікті бағалау PKF» ЖШС директоры, ӨКП Сауда және қызметтер салалық кеңесі қаржылық қызметтер кіші секторының мүшесі Мадияр Еспаев.
Кездесу барысында айтылған барлық мәселелер мен ұсыныстар Мәжілісте қаралатын Салық кодексінің жобасына және ілеспе заң жобаларына түзетулер енгізу кезінде ескерілетіні айтылды.
Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов Президент ұсынылып отырған өзгерістердің экономиканың барлық салаларына тигізетін әсерін тереңірек талдау қажеттігіне баса назар аударғанын ерекше атап өтті.
«Бүгін кездесуде айтылған барлық ұсыныс – “Атамекен” палатасының салалық кеңестері отырыстары шеңберіндегі белсенді талқылаулардың нәтижесі. Мөлшерлемелерді саралау расында қажет. Палата ретінде біз үшін микро және шағын бизнестің мүдделерін ескеретін әділ салық салуды қамтамасыз ету маңызды. Салық кодексінің өзі қарапайым және болжамды болуы керек», — деді ол.
Бұл кездесу бизнес пен Үкімет арасындағы ашық әрі сындарлы диалогқа жасалған маңызды қадам болды. Салық реформаларын талқылау — Ақтөбе облысында және бүкіл елімізде неғұрлым қолайлы бизнес-ортаны құрудың кілті.
Сонымен қатар іс-шараға қатысушылар үшін қаржы институттары, ЕДБ, «Атамекен» палатасы және басқа да ұйымдар өкілдерінен кеңес беру үстелдері ұйымдастырылып, бұл кәсіпкерлерге қосымша түсіндірмелер мен кеңестер алуға мүмкіндік берді.








Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу