БҚО әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарын іске асыру 4 жыл ішінде ЖӨӨ-нің 30%-ға өсуін қамтамасыз етеді 

ҚР Премьер-Министрі Ә. Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында батыс өңірлерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарлары қаралды. Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев өңірді дамыту жоспары туралы баяндады.

Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары 116 іс-шараны қамтиды, оларды іске асыру үшін шамамен 2,6 трлн теңге қажет.

Аталған қаражаттың 80%-ға жуығын жеке бизнес есебінен және мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы тарту көзделген. Осындай ауқымды инвестиция көлемін тарту үшін өңірді дамытудың кешенді жоспарында көрсетілген мемлекеттік қолдау қажет. 

«Тікелей бюджеттік инвестициялардан басқа, өңір үшін маңызды тауарлық газбен қамтамасыз ету тәрізді мәселелерді атап өткім келеді. Батыс Қазақстан облысы Қазақстанға тауарлық газдың ірі жеткізушісі болып табылғанымен, біздің көптеген әлеуетті инвестициялық жобаларымыз газбен жабдықтауға техникалық шарттарды алудан бас тартқандықтан іске асырыла бермейді», — деді Ғ. Есқалиев. 

Сондай-ақ, маңызды мәселелердің бірі – Қазақстанның басқа батыс аймақтарымен салыстырғанда өңірде ең ұзын болып табылатын электр желілері мен автомобиль жолдарын жөндеу. 

«Орал және Ақсай қалаларындағы жылумен, сумен жабдықтау желілерін, кәріздік тазарту құрылғыларын қайта жаңарту осы қалалардағы тіршілік ету нысандарының жұмысын тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Осы қалалардағы ескі инфрақұрылым желілерінде көптеген апат орын алатыны өздеріңізге белгілі», — деді Ғ. Есқалиев.

Тұрғын үй саласында 3 млн шаршы метр жаңа тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. 

- облыс аудандарында сумен жабдықтау объектілерін салу және реконструкциялау жоспарлануда. Бұл 2025 жылдың соңына қарай ауыл халқының 100%-ын сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді;

- ауыл шаруашылығын қолдау көлемін ұлғайту өңірде етті мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік береді. Батыс Қазақстан облысы қазіргі уақытта Қазақстанның бірнеше өңірін сапалы етпен қамтамасыз етіп отыр;

- әлеуметтік саланы дамыту мақсатында бір ауысымда 250 келіп-кетуге арналған емхананың, кардиологиялық орталық корпусының, ауылдарда 42 модульдық медициналық нысанның, 74 жаңа мектептің, 150 орындық мүгедектерді оңалту орталығының, 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жоспарлануда.  

Жалпы, Кешенді жоспар 4 жыл ішінде ЖӨӨ-нің 30%-ға өсуін, 38 мың жаңа жұмыс орнын құруды және өңір тұрғындарының көптеген әлеуметтік-тұрмыстық проблемаларын шешуді қамтамасыз етеді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу