Е. Тоғжанов Алматы қаласындағы Әлеуметтік қызметтер үйінің жұмысымен танысты

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алматы қаласындағы Әлеуметтік қызметтер үйінде болды. 

Онда 11 ұйым орналасқан. Ішінде Тұрғын үй саясаты басқармасы, Халықты жұмыспен қамту орталығы, ХҚКО, «Атамекен» және т.б. бар. Бұл жерде қала тұрғындарына «бір терезе» қағидаты бойынша бір орында 700-ден астам қызмет көрсетіледі. Орталықта тегін заңгерлік кеңес пен психологтың көмегін алуға болады.

Ералы Тоғжанов әлеуметтік қолдау және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі және Үкіметтің бірінші кезектегі міндеті екенін атап өтті.

«Әрбір аумақтық бірлік деңгейіндегі кепілдендірілген әлеуметтік көмек, мемлекеттік және әлеуметтік қызметтер кешені тексерілген және атаулы сипатта болуы тиіс. Жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігі осыған байланысты», — деді вице-премьер. 

Күн сайын мұнда 300-ден 500-ге дейін қала тұрғыны мемлекеттік қызметтерді алу мақсатында жүгінеді. 

Осы жылдың басынан бері Әлеуметтік қызметтер үйі 58 755 қызмет көрсетті. Атап айтқанда, Халықты жұмыспен қамту орталығы 23 678 қызмет (40%), Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы 24 116 (41%), Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы 1 890 (3%), БЖЗҚ 3 494 (6%), «Qolday» кәсіпкерлік орталығы 1 004 (2%), «Отбасы банк» АҚ 2 672 (5%), «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ 1 898 (3%) қызмет көрсетті.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу