Е. Тоғжанов Нұр-Сұлтанда инновациялық мектептің ашылуына қатысты

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов елордада «Binom School» жүйесі бойынша интеграцияланған орта білім беретін инновациялық мектептің ашылуына қатысты. Бұл – халықаралық стандарттарға сәйкес келетін тегін оқытуды ұсынатын қазақстандық жалпы білім беру процесінде озық әдістемелерді енгізу бойынша жаңа бренд.

Білім ордасының ашылу салтанатына мемлекеттік органдардың өкілдері, Нұр-Сұлтан қаласының басшылығы және инвестор – «BI Group» құрылыс холдингінің басшысы Айдын Рахымбаев қатысты.

Айта кету керек, бірінші «BINOM» мектебі елордалық оқушыларды 1 қыркүйекте қабылдады. Тағы үш нысан – Байтұрсынов көшесі («SARYARQA»), «CAPITAL Park» («TANYM») ТК және Жағалау («TURAN») шағын ауданында келер жылдың үшінші тоқсанынан бастап өз жұмысын бастайды. Әрбір оқу орны екі ауысымда оқитын 4 000 балаға есептелген. Осылайша, «BINOM School» желісінің іске қосылуының арқасында Нұр-Сұлтанның 16 мың оқушысы жаңа оқу орындарымен қамтамасыз етілетін болады.

Вице-Премьер Е. Тоғжанов атап өткендей, бұл жоба оқу орындарының тапшылығына байланысты мәселелерді шешу бойынша өте маңызды әлеуметтік-білім беру функциясын атқарады.

«BINOM» жобасы үш ауысымды оқыту мен апатты жағдайдағы мектептердің проблемалық мәселелерін шешуге бағытталған. Нұр-Сұлтан қаласында осындай 6 нысанның құрылысы есебінен 15 мектептің бала саны тығыздығы мәселесі шешілуде. Ең бастысы мұнда халықаралық стандарттарға сәйкес келетін қуатты білім беру базасы бар», — деді Е. Тоғжанов.

Өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласының әкімі елорданы жалпы білім беретін жаңа ұйымдармен қамтамасыз ету жоспарлары туралы хабарлады. Қаланы дамытудың кешенді жоспары аясында 5 жылдық кезеңге 70-ке жуық мектеп салу жоспарланған. Оқу орындары қаланың барлық аудандарында, соның ішінде тұрғын алаптарында салынатын болады, деді Алтай Көлгінов.

«BINOM School» форматындағы мектептер мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаттарында бүкіл Қазақстан бойынша салынатын болады, деп атап өтті «BI Group» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы А. Рахымбаев.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу