Экология министрі Зүлфия Сүлейменова Астанадағы су тапшылығын шешу жолдарын айтты

Қазақстан Үкіметінің алдында 2025 жылдың соңына дейін сапалы ауыз суға 100% қол жеткізуді қамтамасыз ету міндеті тұр. Үкімет отырысында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев пен экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова осы мақсатқа жету үшін қандай шараларды қолға алу жоспарланғаны туралы баяндады. 

Алғашқы болып индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев сөз алды:

«2022 жылдың қорытындысы бойынша ауыз суға қолжетімділік қалаларда 98,4%-ды, ал ауылдарда 94,5%-ды құрады. Қамту көрсеткіштері төмен өңірлерге қаражат басым негізде бөлінеді, бұл өз кезегінде артта қалған өңірлердің деңгейін арттыруға мүмкіндік береді», — деді министр.

Биыл сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуға және реконструкциялауға республикалық бюджеттен 402 жобаны іске асыру үшін 280 млрд теңге бөлінді, оның ішінде қалаларда 135 жобаны іске асыруға 167 млрд теңге және ауылдарда 267 жобаны жүзеге асыру үшін 113 млрд теңге бөлінді. Жыл қорытындысы бойынша сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділікті қалаларда 98,8%-ға және ауылдарда 96,3%-ға қамтамасыз ету жоспарлануда. 

Қойылған міндетті уақтылы және сапалы орындау үшін республикадағы әрбір елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша кезеңдік жоспар әзірленді. Әрбір қалалық және ауылдық елді мекендер бойынша, оның ішінде іздестіру-барлау, ЖСҚ әзірлеу және құрылыс-монтаждау жұмыстарының барысы бөлігінде мониторинг жүргізіледі. 

89 қалалық елді мекеннің 64-і 100% орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Қалған 25 қала 2025 жылдың соңына дейін кезеңдік жоспар шеңберінде қамтамасыз етілетін болады. 

Қалалық елді мекендердегі халық санының өсуіне байланысты, сондай-ақ сапалы сумен жабдықтау қызметтерін көрсету мақсатында республикалық бюджет шеңберінде су тазарту құрылыстарының қуаттылығын арттыру, магистральдық сумен жабдықтау жүйелерін кеңейту, сондай-ақ кәріз жүйелерін дамытуға бағытталған жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. 

Бүгінгі таңда 6 295 ауылдың 4 900-і ауыз сумен қамтамасыз етілген. 2025 жылдың соңына дейін 1 395 ауылдың ауыз су мәселесін шешу жоспарланып отыр.

Қалған ауылдардың 69%-ы, яғни 963-і тұрғындары аз елді мекендерге жатады. Оларға бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында жергілікті бюджет есебінен кешенді блок модульдер орнатылатын болады. Индустрия министрлігі арқылы 391 ауылда орталықтандырылған сумен жабдықтау құрылысы қамтамасыз етіледі және 41 ауылда Экология және табиғи ресурстар министрлігі арқылы топтық су құбырларын салу жөніндегі жобаларды іске асыру шеңберінде кентішілік желілер салынады. 

Марат Қарабаев орталықтандырылған сумен жабдықтау құрылысы жоспарланып отырған ауылдарда жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге жеке тоқталды. 

«Бүгінде жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді талап ететін 126 ауылдың тек 59-ы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жергілікті атқарушы органдар осы бағыттағы жұмысты жандандыруы тиіс. Сонымен қатар, іздеу-барлау жұмыстарын жүргізуді жеделдету қажет. 20 ауылда бұл жұмыс жүргізілуде, ал Қарағанды облысының 2 ауылында қазір тек жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге конкурстық құжаттама дайындалуда. Аталған іс-шараларды уақтылы жүргізбеу, тапсырманы іске асыру мерзімдерінің бұзылуына әкеп соғады», — деп атап өтті М. Қарабаев. 

Ведомствода су ресурстарын үнемдеу мақсатында «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту» тұжырымдамасы шеңберінде сумен жабдықтау, су бұру және тазарту жүйелерінің өндірістік процестерін автоматтандыруды жүргізуді ұсынылады. Демек, су арналарын бүкіл өндірістік процесстердегі су ресурстарын есепке алудың толық кешенімен қамтамасыз ету көзделген. Ол үшін сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің гидромоделін жасау үшін барлық өндірістік учаскелерде су есептеу құралдарын орнату қажет. Автоматтандыру су арнасының алдағы шығындарын, сондай-ақ дамудың оңтайлы модельдерін құру есебінен сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салу мен реконструкциялауға бағытталған мемлекеттік бюджетті оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында осы жұмыстарды жүргізу үшін бюджеттен шамамен 25 млрд теңге қажет етеді. Бұл ретте мұндай жобаларды іске асыруға: 

- судың коммерциялық және техникалық шығынын 15-40%-ға төмендетуге;

- инвестициялық шығындарды 10-15%-ға оңтайландыруға;

- электр энергиясына жұмсалатын шығындарды 15-20%-ға қысқартуға;

- желілердегі апаттылықты 30-50%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.

Бүгінгі күні жергілікті атқарушы органдар жобалалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге жергілікті бюджеттен қаражат қарастыруды және сараптама қорытындысын алғаннан кейін одан әрі қаржыландыру үшін бюджеттік өтінім беруі қажет. 

Сонымен қатар әкімдіктер халықты ауыз сумен 100% қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджет есебінен: 

  • орталықтандырылған сумен жабдықтау және су арналарының өндірістік процестерін автоматтандыру құрылысы бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы сапалы әзірлеуді аяқтауы; 
  • аз қоныстанған ауылдарда іздеу-барлау жұмыстарын жүргізуді және Блок-модульдер кешенін орнатуды жеделдетуі қажет. 

Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова тақырып бойынша өз баяндамасы шеңберінде Су кодексіне сәйкес Министрлік елді мекендердің шекараларына дейін сумен жабдықтау жөніндегі функцияларды жүзеге асырады және топтық су құбырларын салу және реконструкциялау жөніндегі бюджеттік бағдарламаның әкімшісі болып табылатынын хабарлады.

Ведомство басшысының ақпаратына қарағанда, қазіргі уақытта республика бойынша ұзындығы 15,5 мың км 80 топтық су құбыры бар, оның ішінде ұзындығы 13,4 мың км 39 топтық су құбыры республикалық меншікте, олар 1,4 млн адам тұратын 655 ауылдық елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз етеді. 2021-2022 жылдары Ақмола, Ақтөбе, Қызылорда, Ұлытау және Солтүстік Қазақстан облыстарында топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 7 нысан пайдалануға берілді. Сондай-ақ, тестілеу режимінде Ұлытау облысындағы 1 нысан бойынша сапалы ауыз су беріледі. Нәтижесінде 800 км желі салынды, 5,8 мың адам тұратын 5 ауылдық елді мекен сапалы ауыз суға қол жеткізді және 203 мың тұрғыны бар 51 ауылдық елді мекен және 3 қаланы сумен жабдықтау жақсарды. 

«Биыл 2010 жылы басталған Есқұла су құбырын пайдалануға енгізу жоспарланған, сондай-ақ Ақмола, Алматы, Атырау, Ұлытау, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарында топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 27 нысанды іске асыруға 19,1 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінген. Сонымен қатар бүгінгі таңда Министрлік Үйтас-Айдос топтық су құбыры жобасын іске асыруды жалғастыру үшін Үкімет резервінен шұғыл қажеттіліктерге қаражат бөлу мәселесін пысықталуда. Аяқталу мерзімі – 2023-2024 жылдар. Нәтижесінде жалпы саны 458 мың адам болатын 158 ауылдық елді мекенде сумен жабдықтау жақсартылады», — деді З. Сүлейменова.

Сондай-ақ ол топтық су құбырларын салу және реконструкциялау жөніндегі жобаларды іске асыру кезінде бірқатар негізгі мәселелер бар екенін атап өтті. Бірінші кезекте, жобалау-сметалық құжаттаманы сапасыз әзірлеу, бұл оларды түзетуге және құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтау мерзімдерін ауыстыруға әкеп соғады. Екіншіден, бас мердігерлік ұйымдардың мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша қабылданған міндеттемелерді жосықсыз орындауы, онда әкімші талап-арыз жұмысын жүргізуге мәжбүр болады. Түйіткілді мәселелерді шешу мақсатында Министрлік мердігерлік ұйымдарға қатысты талап-арыз жұмыстарын жүргізуде. Бұдан әрі Экология министрлігінің басшысы іске асырылуы кешеуілдеп тұрған жобаларға қысқаша тоқталды. Астана қаласын сумен қамтамасыз ету – маңызды мәселе. 

Министрлік биыл елордаға тұрақты су беру мақсатында әкімдікпен бірлесіп, 3 жоба қарастыруда: 

1. «Астана су қоймасын толықтыру үшін құрылыстар салу» ол бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Жоба Қ. Сәтбаев атындағы арнадан Есіл өзенінің арнасына өткізу бейінін тазартумен және қалыптастырумен, сондай-ақ одан Астана Су Арнасы сорғы стансасының алаңына дейін тіреуіш қоршау құрылысын және су құбырын сала отырып, арнаға су беруді қамтиды. Құрылыстың болжамды мерзімі 2023-2025 жылдар. Бұл жобаны іске асыру су аз жылдары Қаныш Сәтбаев атындағы арнадан Астана су қоймасына шамамен 62,3 млн м3 қосымша су беруге мүмкіндік береді. 

2. Астана қаласын сумен жабдықтаудың резервтік көзі ретінде 67 км су құбырын салумен Нұра жер асты сулары кен орнын пайдалану, ол бойынша техникалық-экономикалық негіздемені түзету қажет, мерзімнің өтуіне байланысты кейіннен ЖСҚ әзірлей отырып бұл бағыттағы жұмысты Астана қаласының әкімдігі жүргізетін болады. Сараптаманың оң қорытындысы ұсынылған жағдайда, Министрлік жобаны одан әрі іске асыратын болады. 

3. Қ. Сәтбаев атындағы арнадан Астана қаласының 4-сорғы-сүзгі стансасына дейін су құбырын салу, бұл жоба елорданы одан әрі ұзақ мерзімді даму перспективасы мен халық санының ұлғаюын ескере отырып, қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осылайша, елорданы сумен қамтамасыз етуге қажетті шаралардың қысқа мерзімді кешені резервтік жерасты көзін жүргізуді, Есіл өзенінің арнасы арқылы жүру бейінін қалыптастыруды және Қ. Сәтбаев атындағы арнадан су құбырын салуды қамтиды. Сонымен қатар биылғы су мөлшерінің аздығы мен одан кейінгі су тапшылығын ескере отырып, Қ. Сәтбаев атындағы арнадан Есіл өзені бойынша шамамен 60 млн м3, Нұра өзені бойынша шамамен 95 млн м3 қосымша су беру туралы бірлескен шешім қабылданды. Сондай-ақ Астана су қоймасының түбін шамамен 47 млн м3 көлемінде түптік шөгінділерден тазартуды жүзеге асыру қажет. 

Сондай-ақ, қазіргі уақытта Астана су қоймасын толтыру жобалық 410 млн м3-тан 334 млн м3 құрайды. 

«Халықты сапалы ауыз сумен жүз пайыз қамтамасыз ету үшін Министрлік желісі негізінде топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 8 жобаны іске асыру жоспарлануда, онда жалпы саны 22,3 мың адамды құрайтын 41 ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету көзделген», — деді Зүлфия Сүлейменова. 

Ақмола облысында 2025 жылға дейін 170 ауылды қамтамасыз ету үшін 65 ауылға орталықтандырылған су құбырын тарту, 105 ауылға кешенді блок-модульдер орнату жоспарланып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Ермек Маржықпаев мәлімдеді. 

«Қалаларды 100% қамтамасыз ету үшін су құбыры желілерін салу бойынша 6 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Жалпы, Ақмола облысы тұрғындарын сумен жабдықтау қызметімен қамту 92,5%-ды құраса, оның ішінде қала тұрғындарының 95,3%-ы, ауылдық елді мекендердің 89,8%-ы сумен қамтамасыз етілген», — деді ол. 

Биыл жалпы құны 22,4 млрд теңгені құрайтын 62 сумен жабдықтау және су бұру жобасы жүзеге асырылуда, оның ішінде жыл ішінде 43 жобаны аяқтау жоспарланса, 19 жоба 2024 жылға өтуде. Нәтижесінде қалаларда сумен жабдықтау қызметіне қолжетімділік 96%, ауылдық жерлерде 92,5% болады. Сондай-ақ 15 мыңға жуық тұрғын қосымша сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз етіледі.

Сондай-ақ 31 мың тұрғынды сумен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен қаржыландыруды қажет ететін 14 миллиард теңгенің 19 жобасы әзірленген. 

Бұдан бөлек су құбыры желілерін салуға тағы 30 жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Елордалық аймақты сумен қамтамасыз етуге көп көңіл бөлінеді. Бүгінде елорда маңындағы 33 елді мекеннің 24-і сумен 100% қамтамасыз етілген. Үш ауданда 7 жоба іске асырылуда, бұл мақсаттарға бюджеттен 3,5 млрд теңге бөлінді. 

Талапкер және Қажымұқан ауылдарында тарату желілерінің құрылысы аяқталды. Бұл ауылдарды көзге қосу үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігіне Кенжебай мен Рахымжансай кен орындарынан құны шамамен 13 млрд теңге болатын су құбырының бірінші кезегін салу жобасы берілді.

#Инфрақұрылымдық даму #Экология #ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі #ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі #Үкімет отырысы #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу