13 Тамыз 2018, 12:18
Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қою — Бесінші Каспий саммитінің және 22 жылға созылған көп күш-жігер жұмсалған жұмыстың шарықтау шыңы болды. Қазақстандық сарапшылар PrimeMinister.kz-ге берген сұхбатта құжаттың маңыздылығы мен Каспийді одан әрі дамытуға ашылып жатқан мүмкіндіктер туралы пікірлерімен бөлісті.
Бесінші Каспий саммитінің пленарлық отырысы барысында Мемлекет басшысы Н. Назарбаев Каспий өңірі тарихының бірегейлігін әрі мәдениетінің алуан түрлілігін, мұнда адам ресурстарының жеткілікті екенін және табиғи қордың молдығын, сонымен қатар, теңіздің географиялық тұрғыдан тиімді орналасуының арқасында зор геосаяси маңызға ие болып отырғанын атап өтті.
Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция — бұл негіз қалаушы құжат заманауи талаптарға сай келетін және жағалау маңындағы елдердің жан-жақты өзара іс-қимылын одан әрі қарқындатуға бағытталған Каспий теңізінің жаңа құқықтық режимін құрады.
ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары, п.ғ.д. Санат Көшкімбаев дайындық жұмыстары қалай жүргізілгені туралы, қол қойылған Конвенцияның тарихи маңызы және алда атқарылуы тиісті жұмыстар туралы эксклюзивті сұхбатта айтып берді.

Оның айтуынша, Ақтау саммиті — Каспий маңы елдері үшін тарихи оқиға. Каспий теңізі туралы конвенцияның қабылдануы үлкен су айдынының халықаралық құқықтық негізін қалайды.
С. Көшкімбаев барлық тарап үшін тиімді ымыралы Конвенцияны әзірлеу процесі мүдделі елдердің дипломаттарының елеулі күш-жігерін талап еткенін, яғни 22 жыл ішінде келіссөздер жүргізілгенін атап өтті. 1996 жылы арнайы жұмыс тобын құрған уақыттан бері 52 отырыс, сыртқы істер министрлерінің сегіз кездесуі өткізіліп, Ақтаудағы Бесінші саммит кезінде ымыралы және көпжақты тиімділік қағидасына негізделген Конвенция қабылданды.
«Келіссөздердің барлық тараптары бәтуаластыққа қол жеткізу үшін қажет болған өз ұстанымдарын қайта қарағаны анық. Шын мәнінде, Конвенция мен оның қабылдануы барлық Каспий маңы мемлекеттері үшін тиімді. Олар мұнай-газ кен орындарын игеру, энергия ресурстарының транзиті, Каспий теңізінің түбінде құбырларды төсеу, биоресурстарды пайдалану, аймақтағы экологиялық ортаны сақтау секілді мәселелерді көп тарапты деңгейде өз құзыреттерінде шеше алады, яғни алдағы уақытта мемлекеттер қабылданған Конвенция негізінде бүгінде күн тәртібінде тұрған, пайда болған мәселелерді шешуге міндеттеледі», — деді ҚСЗИ директорының орынбасары.
Маңызды аспект ретінде ол Конвенцияның Каспий теңiзiнiң өзіндік конституциясы екенін айтты.
«Біз теңіз түбін салалық бөлу позициясын ұстана бастадық, ал су кеңістігін бірнеше түрлі құқықтық режиммен бөлуге болады. Бұл тәсіл Каспийдің бірегей су айдыны екенін, ал Конвенция барлық мәселелерді реттейтінін білдіреді», — деді сарапшы С. Көшкімбаев.
Ол сондай-ақ, келесі кезеңде арнайы құрылған бесжақты консультациялар тетігі деңгейінде тікелей бастапқы желілерді белгілеу әдістемесіне қатысты келісім жобасын әзірлеу және келісу міндеті тұрғанын атап өтті. Сарапшылар техникалық келіссөздер жүргізеді, басты саяси құжат алдын ала анықталып қойды және бұл Ақтау саммитінің негізгі жетістігі және жалпы бес елдің үлкен жеңісі деуге болады.
«Бұл – мәселелерді күшейтетін, осы үлкен кеңістіктегі аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті нығайтатын, Каспий маңы мемлекеттерінің ынтымақтастық тұрғысындағы көптеген мәселелері мен алаңдаушылықтарын жоятын, кеме қатынасымен, транзиттік әлеуетпен байланысты мәселелерді қозғайтын, аймақтағы және Каспий бассейнінің іргелес елдеріндегі сауда-экономикалық өзара іс-қимылға, инвестициялық ахуалды жақсартуға әсер ететін маңызды тарихи оқиға екені сөзсіз. Конвенция негізінде барлық басқа да көпжақты сипаттағы мәселелер реттелетін құқықтық негіз болады», — деп санайды С. Көшкімбаев.
БАҚ өкілдері үшін өткен брифинг барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Конвенцияның Каспий жағасындағы елдердің ынтымақтастығы үшін барлық бағыттар бойынша тиімді заңды база қалыптастыратынын және әрбір тараптың қызметі үшін негізге алынатын ұстанымдарды анықтайтынын айтты.
Қабылданған Конвенцияны ескере отырып, қандай мүмкіндіктер ашылатыны туралы, және бастысы — экономиканың қандай секторларында жол ашылатыны жөнінде толығырақ білу үшін PrimeMinister.kz тілшілері түсініктеме алу мақсатында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы директорының орынбасары Гүлзат Көбеноваға жүгінді.

Оның айтуынша, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция энергия ресурстарын өндіру мен тасымалдаудан бастап, экология және қауіпсіздік саласында келісуге дейін ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашады.
«Аймақтық деңгейде бұл тек Каспий маңы мемлекеттерінің емес, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің жақындасуына ықпал етеді. Жаһандық деңгейде – бұл Каспий маңы мемлекеттерінің ұлттық даму бағдарламаларын жетекші әлемдік державалардың ұсыныстарымен түйіндестіруге жол ашады», — деді сарапшы.
Сонымен қатар, Г. Көбенова Каспий маңындағы мемлекеттердің ресурстық–көліктік әлеуеті көмірсутектерді, өз өнімдерін және транзит тауарларын еуропалық және азиялық нарықтарға тасымалдау кезінде кеңейетінін айтып өтті.
«Ақтау саммитінде, сондай-ақ, өнеркәсіп, сауда, туризм және экономиканың басқа да салаларында экономикалық қарым-қатынастардың халықаралық-құқықтық базасын қалыптастыру мәселесін қоса алғанда, ынтымақтастықтың маңызды бағыттары бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылғанын атап өту қажет. Мұның бәрі Каспийде өздерінің ұлттық мүдделерін жүзеге асыра отырып, "Каспий бестігі" елдері геосаяси себептерге және экономикалық пайдалылық мүдделерін басшылыққа алғанын білдіреді», — деді ол.
Жағалау маңы мемлекеттерінің қауіпсіздік саласындағы мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында Президенттер Каспийде теңіздегі әскери қызмет саласындағы келісілген сенім шараларын әзірлеу және қабылдау қажеттігін растағанын атап өткен жөн.
Осылайша, Президенттер 18.11.2010 жылғы Каспий теңізіндегі қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге өзекті сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл жасауға, сондай-ақ құқыққа қарсы қызметтің жолын кесуге бағытталған терроризмге, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық туралы, шекара ведомстволарының өзара іс-қимылы туралы хаттамаларға қол қоюды құптады.
Осыған орай, Конвенцияның тек экономика және экология салаларындағы маңызымен қатар, теңіздегі әскери қызметі жөнінде білу үшін PrimeМinister.kz тілшілері ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясның Дипломатия институтының директоры Әнуар Аязбековтен сұхбат алды.

Ә. Аязбеков Конвенцияның сәтті болуы бірінші кезекте құқық қолдануға байланысты болатынын атап өтті. Дегенмен де, Қазақстанның Ақтау қаласында Конвенцияға қол қою фактісі Қазақстанға белгілі бір имидждік пайда әкеледі.
«Президент Н. Назарбаев Конвенцияға және оған ілеспелі құжаттарға қол қоюға асқан күш-жігер жұмсаған саясаткер ретінде тарихта қалады. Енді Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенция Қазақстанмен және Н. Назарбаевпен байланыстырылатын болады. Елбасы Конвенцияны "Каспий теңізінің конституциясы" деп жөнді бағалады», — деді Әнуар Аязбеков.
Бұдан өзге, Ә. Аязбеков Қазақстан ендігі өзінің әлеуетті серіктестерімен түрлі мәмілелер жасасып (соның ішінде Каспий теңізінің түбінде құбырларды төсеу жөнінде), бастамалар білдіріп, еркін іс-қимыл орнатады деп есептейді.
«Біріншіден, Конвенция Қазақстанға және Каспий аймағының барлық елдеріне әскери қауіпсіздік тұрғысынан барынша үлкен тұрақтылық пен болжамдылық береді, себебі Конвенцияға қол қойғандар Каспийде тараптарға қатысы жоқ қарулы күштердің болмауына келісті. Конвенцияға қол қойған Каспий маңы мемлекеттері әскери іс-қимыл саласындағы келісілген сенім шаралары бойынша жеке бесжақты келісімшартқа қол қоюға келіскенін ұмытпау керек», — деді Дипломатия институтының директоры.
Екіншіден, Каспий маңы мемлекеттерінің терроризмге және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімдері де аса маңызға ие.
Үшіншіден, Каспий теңізінің айдынын түрлі режимдердегі аймақтарға бөлудің арқасында сауда-экономикалық, энергетикалық және көліктік-логистикалық ынтымақтастық, экология, туризм және т.б. мәселелерін тезірек және тиімдірек шешуге мүмкіндік беретін үміт пайда болады.
Бұған мынандай шаралар ықпал етеді:
Каспий маңы елдерінің құзыретті ведомстволарының тұрақты кездесулері;
аймақ елдерінің теңіз әкімшіліктерінің тұрақты өзара іс-қимылы;
тарифтік саясатты оңтайландыру, Каспий маңы елдеріндегі тасымалдауды жақсарту мәселелерін жоспарлы түрде қарау;
теңізде жүзу еркіндігі және басқа теңіздер мен Әлемдік мұхитқа транзит еркіндігі туралы уағдаластықтар және т.б.
Саммит барысында Қазақстан Президенті Конвенцияның Каспий теңізінің суын, түбін, қазба байлықтарын, табиғи ресурстары мен әуе кеңістігін қоса алғанда, Каспийге қатысты тараптардың құқықтары мен міндеттерін реттейтін негізгі жан-жақты құжат болып саналатынын айтты. Н. Назарбаев Конвенцияның Каспий маңы елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға зор мүмкіндік беретініне тоқталып өтті. Сонымен қатар, Елбасы инвестициялық ықпалдастықты одан әрі дамытып, энергетикалық және геологиялық барлау саласындағы жобаларды жүзеге асыру үшін Конвенция мен қол қойылатын құжаттардың мүмкіндіктерін толық көлемде пайдалану қажеттігін атап өтті.
Қабылданған құжаттың маңыздылығы туралы пікір білдіре отырып, саясаттану докторы, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Заманауи зерттеулер институтының директоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаров Конвенцияны қабылдау — Каспийдегі ынтымақтастықтың тарихи-саяси, экономикалық дамуындағы толығымен жаңа кезеңді білдіретінін атап өтті. Келешекте жағалаудағы мемлекеттердің келіссөздерінің портфелінде Конвенция әрқашан жүгінетін, сонымен тексеретін құжат болып қала бермек.
«Конвенция біздің болашақ ұрпақтарымызға жағалаудағы мемлекеттермен қарым-қатынас орнату кезінде айқын саяси-құқықтық бағдар болады. Сонымен бірге бұл құжат арқылы Қазақстанның барлық құрлық және теңіз шекараларына қатысты мәселе бірден шешіледі», — деді сарапшы.

Мұхит-Ардагер Сыдықназаров Каспий экономикалық тұрғыдан — бұл 70 млрд баррель мұнай, 15 трлн текше метр газ екенін атап өтті.
«Бүгінде Каспий – жаңа Каспий. Көмірсутекті өндіру бойынша кеңестік кезеңдегі Каспий теңізі шектеулі болды деуге болады. Үш жаңа егеменді мемлекеттің пайда болуы табиғи экономикалық түрде Каспий теңізіндегі бәсекелестікті күшейте түсті. Шығанақ елдеріне — араб монархиялары мен Иранға Парсы шығанағы, АҚШ-қа Мексика шығанағы қандай болса, біз үшін Каспий де сондай деңгейде. Конвенцияның беретіні – алдағы экономикалық және экологиялық салалардағы шешімдердің тыныштығы мен болжамдығы», — деді М. –А. Сыдықназаров.
Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция қабылданғаннан кейін Трансшекаралық өзара іс-қимыл туралы Тегеран конвенциясымен бірге, саммитті сәтті шаралардың бірі деп атауға болады, ал Астана процестердің табысты келіссөз жүргізушісі мен медиаторы деген бонустар алады.
«Көптен күткен Конвенцияға қол қою бізге не береді?» деген сұраққа сарапшы көптеген инвестициялық жобалар құқықтық екіұштылық себебінен дамымақ түгілі, басталмай қалуы мүмкін болғанын айтты.
Оның айтуынша, белгісіздік — әрдайым қақтығысты және айтып білгісіз. Әсіресе, бұл құрлықта немесе суда екеніне қарамастан, шекаралармен байланысты болса.
«Сондықтан да, "кімдікі қайда" және "не кімге тиесілі" деген заңды айқындық инвесторларға саяси және заңдық тұрғыдан да шиеленіссіз жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұған қоса, бұл Конвенцияға өзара байланыстырылған, ұлттық заңнама негізінде осындай қызметті тиімді құқықтық реттеу мүмкіндігін қамтамасыз ете отырып, Каспийдің теңiздiң өздерінің бөлiгiндегі жер қойнауын дұрыс және қауiпсiз пайдалануға әр жағалаудағы мемлекеттiң жауапкершiлiгiн арттыра отырып, Каспий маңындағы мемлекеттердің ұлттық заңнамаларынан айқын көрініс табады. Сонымен бірге, өз аймағындағы әр мемлекеттің дербестік үлесі міндетті түрде басымдыққа ие болып, келісілетін болады деп ойлаймын», — деді М.-А. Сыдықназаров.
Сондай-ақ, ол құқықтық анықтылық мемлекеттерді Каспийдегі экологиялық мәселелерді барынша нақты әрі белсенді шешуге әкеледі деп санайды.
«Экологиялық мәселелердің бір бөлігі бүгінде күн тәртібіне алынған, ал екінші бөлігі орташа мерзімді келешекте теңіз экожүйесін ұзаққа нашарлатып жіберуі мүмкін. Каспий теңізінің құқықтық алаңы биологиялық ресурстарды шектен тыс, реттелмейтін пайдалануды шектеуге, Қызыл кітапты қоса алғанда, сирек кездесетін түрлерді қалпына келтіруге, іс жүзінде осы әлемнің әдемі су айдынының биологиялық әралуандығын бірлесіп қорғауға, көптеген эндемикалық өсімдіктер мен жануарлар әлемі бар Каспийдің бірегей экожүйесінің осалдық шегін төмендетуге жол ашады», — деді саясаттанушы.
Қорытындылай келе, М. –А. Сыдықназаров Каспий теңізінің халықаралық-құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны қабылдау Каспий маңы мемлекеттерінің қауіпсіздік мәселелерін шешуге мүмкіндік беретінін айтты.
«Конвенцияға қол қою – бұл Каспийдің, жағалаудағы мемлекеттердің, осы бірегей теңіздегі саяси-құқықтық, әскери, экономикалық жағдайдың тұрақты даму мәселесі. Бұл, сондай-ақ, биыл саммит өткізіп отырған ресми Астана беделі. Әрине, Қазақстанның барлық жағынан тарихи Конвенцияның қабылданған орны ретінде тарихта қалары анық», — деп түйіндеді М. –А. Сыдықназаров.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу