Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ҚР ҰЭМ Қазақстандағы ЖІӨ өсімін атап өтуде

25 қазан 2016, 10:34

ҚР ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Үкімет отырысы барысында биылғы жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша елдегі ЖІӨ өсімі туралы айтты. 

«Алдын ала бағалау бойынша, 2016 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы ЖІӨ өсімі 2015 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,4% құрады. Тауарлар өндірісі - 0,2%, қызметтер – 0,4% артты. Биылғы жылғы мамыр айынан бастап 6 негізгі саланың даму динамикасын қамтитын қысқа мерзімді экономикалық индикатор біртіндеп жақсара бастады», - деп хабарлады министр.

Оның айтуынша, биылғы жылдың басынан бері инфляциялық үрдістердің баяулауы аясында ҚР ҰБ базалық мөлшерлемені ақпан айында 17%-дан қазан айының басында 12,5%-ға дейін біртіндеп төмендетті.

«Негізгі капиталға инвестициялар өсімі 4,1% артты, бұл өсім «Нұрлы жол» және индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламалары аясындағы жобалардың жүзеге асырылуы арқылы қамтамасыз етілген. 2016 жылдың 6 айында Қазақстан экономикасына шетелдік инвестициялар көлемі артып, 5,7 млрд АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылғы деңгейден 4,4 есе артық», - деді министр. 

Ол салалар бойынша инвестициялардың айтарлықтай өсімі ауыл шаруашылығында, сауда-саттықта, өңдеу өнеркәсібінде, сонымен қатар қаржылық және сақтандыру қызметінде байқалып отырғанын атап өтті.