21 Сәуір 2026, 10:50

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында инклюзивті саясатты жүзеге асыру шаралары қаралды. Онда өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.
Министрлік мүгедектігі бар жандардың өмір сапасын жақсарту мақсатында барлық нысан мен қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша тұрақты жұмыс жүргізуде.
«Адам өмір сүретін орта, яғни өмірі мен қозғалысына қатысты барлық жағдай ыңғайлы әрі кедергісіз болуы керек. Жаңа қабылданған Құрылыс кодексінде бұл талаптар күшейтілді. Енді қолжетімді орта барлық кезеңде, яғни: қаланы жоспарлау, жобалау, құрылыс барысында және нысанды пайдалануға беру кезінде қарастырылады. Осылайша, қолжетімділік талаптары жобалау кезеңінен бастап ескеріліп, құрылыс кезінде міндетті түрде сақталады», — деді вице-министр.
Оның мәлімдеуінше, нысанды пайдалануға беру кезінде әлеуметтік қорғау органдары қатысып, оның мүгедектігі бар адамдарға қаншалықты ыңғайлы екенін тексереді.
Сонымен қатар бүгінде салалық нормативтік құжаттарға қосымша талаптар енгізілген. Атап айтқанда;
- тұрғын үйді қайта жоспарлау тәртібі жеңілдетілген;
- жобалық құжаттамада қолжетімділікке арналған бөлек бөлім қарастырылған;
- бюджет есебінен салынатын тұрғын үйлерде пәтерлердің кемінде 5%-ы мүгедектігі бар адамдарға бейімделіп салынуы қажет.
Сонымен қатар Үкімет тарапынан мүгедектігі бар адамдарды баспанамен қамтамасыз ету шаралары жүзеге асырылуда.
Қазір де баспана кезегінде I және II топтағы 63 мыңнан астам адам, және ерекше күтімді қажет ететін бала тәрбиелеп отырған шамамен 26 мың отбасы тұр.
Аталған әлеуметтік топтың тұрғын үй мәселесін шешу үшін мемлекеттік қолдаудың бірқатар тетігі қолданылады, оларға:
1) коммуналдық тұрғын үй қорынан баспана беру;
2) жеңілдетілген ипотекалық несие беру;
3) жеке сектордан тұрғын үй жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау;
4) ипотекалық қарыздар бойынша бастапқы жарнаны жабуға тұрғын үй сертификаттарын беру жатады.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша 7 893 адам жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Оның 1 036-ы – I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, ал 469-ы – ерекше күтімді қажет ететін бала тәрбиелеп отырған отбасылар.
«Биыл бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 810 мүгедектігі бар адам және 843 отбасы жалдамалы үй алды. Сондай-ақ тұрғын үй реформасы аясында жалдамалы үйлерді жекешелендіруге рұқсат берілді. Соның нәтижесінде өткен жылы 4 386 мүгедектігі бар адам өздері тұрып жатқан коммуналдық үйді жеке меншікке алды», — деп мәлімдеді спикер.
Сонымен қатар кезекте тұрған азаматтар «Отбасы банк» арқылы 2% және 5% жеңілдетілген ипотека ала алады.
Өткен жылы осы бағдарлама арқылы 5 277 адам үй сатып алды. Оның ішінде 381 несие ерекше қажеттілігі бар жанжарға, ал 424 несие осындай бала тәрбиелеп отырған отбасыларға берілді. Осы жылы барлығы 12 736 жеңілдетілген несие беру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй сертификаттары беріледі. Өткен жылы 2 млрд теңгеге 1 733 сертификат берілді. Оның 334-і I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға, ал 261-і сертификат ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларға берілді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, кезекте тұрған азаматтардың жекелеген санаттары үшін, тұрғын үй қорынан баспана жалдауға төленетін ақының бір бөлігі субсидияланады.
#Олжас Бектенов #Президенттің тапсырмасы #Әлеуметтік қорғау«Қазіргі таңда 10 344 отбасы осындай көмек алып отыр. Оның ішінде I және II топтағы мүгедектігі бар 870 адам және осындай бала тәрбиелеп отырған 698 отбасы субсидия алады. Министрлік құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп, мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған инклюзивті саясат тұжырымдамасында көзделген іс-шараларды орындау бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады», — деп түйіндеді сөзін вице-министр.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу