Елімізде жылыжай бизнесін дамытуға барлық жағдай жасалып жатыр — Серік Жұманғарин

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин Түркістан облысының бизнес өкілдерімен кездесті.

Вице-премьер Мемлекет басшысының Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне аса көңіл бөлінетінін атап өтті. Биыл Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі бойынша ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін 65 тауарлы-сүт фермасын құруға республикалық бюджеттен 100 млрд теңге бөлінді. 

«Біз мал шаруашылығын дамытуға қолдау көрсетеміз, қазір жеңілдікпен қаржыландыру жобаларына белсенді түрде іріктеу жүргізіп жатырмыз. Бүгін “Қайып ата” өндіріс орнында болып, заманауи мал сою орнының жұмысын көрдім. Шаруа қожалығы жайылымдық жерлерді тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін және технологиялық инновацияларды, генетика мен тұқымды түрлендіруді қамтитын австралиялық әдіс бойынша жұмыс істейді. Аталған әдіс сондай-ақ саланы сапалы жақсартуға мүмкіндік беретін ветеринарлық және басқа да инновацияларды қамтиды», — деді С.Жұманғарин.

Жиынға ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, туризм және басқа да саланың 20-дан астам кәсіпкері қатысты. Бизнес өкілдері өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Салалардың тиімділігін арттыру бойынша да бірқатар ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, терең өңдеу орталықтарын, ет комбинаттарын құру және өнім өткізу нарығын кеңейтудің келешегі талқыланды.

Серік Жұманғарин жұмыс сапары барысында Шұбар ауылдық округіндегі Төлебаев Мейрамбек атындағы жылыжай кешенінде болып, өңірдегі жылыжай қызметкерлерімен кездесті. Кәсіпкерлер экспортқа шығу жөніндегі өз жоспарларымен бөлісті.

«Аталған бизнесті дамыту үшін барлық жағдай жасалуда: біз жылыжай шаруашылығының ұлттық стандартын әзірледік, бұл осы бағытты субсидиялауға мүмкіндік береді. Шұбаркөл көмір кенішімен көмірді тікелей жылыжай бизнесіне сату мүмкіндігі туралы келісімдер жасалды. Бүгінгі таңда шаруа қожалықтары қатты отынның 50%-ын ғана сатып алды», — деді Серік Жұманғарин.

Өңір әкімі Дархан Сатыбалды атап өткендей, Түркістан облысы – еліміздегі жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерінің негізгі жеткізушісі. Өңірде жылыжайлар 1569 га жерді алып жатыр, барлығы 3366 кешен немесе республикадағы барлық жылыжай шаруашылықтарының 71%-ы орналасқан. Сонымен қатар елімізде олардың саны артып келеді. ҚР МТИ Техникалық реттеу және метрология комитетінің деректері бойынша, инспекциялық органдар 692 өтінім қабылдады, оның ішінде 509 сертификат берілсе, 100-ге жуығы орындалуда.

Вице-премьер Серік Жұманғарин және өңір басшысы Дархан Сатыбалды заманауи көкөніс қоймасының капсуласын салу рәсіміне қатысты. Жобаны «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жүзеге асырып жатыр. Жоба серіктесі – «М-Адал» ЖШС. Нысанның ауданы 3 264 шаршы метрді құрайды, онда жылына 4 мың тоннаға жуық көкөніс сақтау жоспарланған. Көкөніс қоймасы тоғыз үлкен тоңазытқыш камерасымен жабдықталады. Қойма құрылысын аяқтаудың болжамды мерзімі – 2024 жылдың бірінші жартыжылдығы. 

#Ауыл шаруашылығы #АӨК #Серік Жұманғарин #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу