Энергетика министрі елдің солтүстігі мен шығысын газдандыру бойынша қарастырылып жатқан нұсқалар туралы баяндады

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің елді мекендерін газдандыру мәселесі қаралды. Энергетика министрі Болат Ақшолақов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ төрағасы Алмасадам Сәтқалиев және БҚО әкімі Ғали Есқалиев баяндама жасады.

Энергетика министрі Б. Ақшолақовтың хабарлауынша, 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда газбен қамту деңгейі халықтың жалпы санының 57,67%-ын құрады, яғни 11 млн адам газға қол жеткізді. 

Жалпы елді газдандыру 2015-2030 жылдарға арналған бас схемаға сәйкес жүзеге асырылуда. Соңғы жылдары ішкі газ тұтынудың күрт өсуіне және елді одан әрі үздіксіз газдандыру үшін газ тасымалдау жүйесін жаңғырту қажеттілігіне байланысты Министрлік «Қазақгаз» ҰК-пен бірлесіп Газдандырудың бас схемасын өзектендіруді жүргізуде. Қазіргі уақытта Бас схеманы өзектендіру аяқталу сатысында. Қаржыландыру бюджет қаражаты, газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық оператордың кірістері және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.

Солтүстік және шығыс өңірлерді газдандыруға келер болсақ, Энергетика министрлігі газбен жабдықтаудың 2 нұсқасын қарастырып жатыр — ресейлік көздерден және «Сары-Арқа» магистральдық газ құбыры арқылы.

Бірінші нұсқа қазақстандық-ресейлік жұмыс тобының аясында қарастырылуда. Министрлік әкімдіктермен бірлесіп, газдандырудың нұсқаларын қарау үшін тұтынудың шамадағы көлемін анықтап, ресейлік тарапқа жолдады. 

Сондай-ақ газ құбырларының оңтайлы маршруттары анықталды, бұл:

- ұзындығы шамамен 1 000 км «Барнауыл – Рубцов – Семей – Өскемен Павлодар қаласында тармақталуы»;

- ұзындығы шамамен 644 км «Есіл – Петропавл – Көкшетау – Нұр-Сұлтан».

Бүгінгі таңда ресейлік тарап есептеулер жүргізуде, оның нәтижесін биылғы екінші тоқсанда алуды күтіп отырмыз.

«Сондай-ақ біз шығыс мен солтүстік өңірлерді Ресей Федерациясынан сұйытылған табиғи газды жеткізу арқылы газдандыру нұсқасын зерттеудеміз. Ол үшін компримирлеу мен қайта газдандырудың тиісті инфрақұрылымын салу және құрылысқа тиісті инвестициялар салу талап етілетінін атап өткен жөн», — деді Б. Ақшолақов.

Сондай-ақ газды «Сарыарқа» магистральдық газ құбырынан беру газдандырудың баламалы нұсқасы саналады.

Қазіргі таңда «АстанаГаз ҚМГ» АҚ Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын газдандыруды көздейтін «Сарыарқа» МГҚ-ның 2-3-кезеңдерін салу бойынша техникалық-экономикалық негіздемені түзетті. Мемлекеттік сараптаманы алу мерзімі – биылғы маусым.

«АстанаГаз ҚМГ» ақпараты бойынша, материалдардың қымбаттауын ескере отырып, ұзындығы 483 км болатын «Сарыарқа» МГҚ-ның 2-3 кезеңдерін салу құны шамамен 165 млрд теңгені құрайды. «Сарыарқа» МГҚ бірінші кезеңінің құрылысы 2019 жылы аяқталды.

Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қ. мен Қарағанды облысының әкімдіктері газ тарату желілерінің құрылысы бойынша жұмыстар жүргізуде. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша бірінші кезектің және екінші кезектің екі іске қосу кешенінің құрылысы аяқталып, «Көктал-1,2», «Агрогородок», «Железнодорожный», «Промышленный», «Күйгенжар», «Мичурино», «Интернациональный» т/а, Оңтүстік-Шығыс оң және сол жақтарында, Потанин көш. ауданындағы қаланың ескі бөлігіне газ жіберу қамтамасыз етілді. Нәтижесінде 14 мыңнан астам абонент немесе 191 мыңнан астам адам табиғи газға қол жеткізді. 

Биыл республикалық бюджеттен халық саны шамамен 92 мың адам болатын Тельман, Пригородный, Фэмили Вилладж, Гарден Вилладж, Ильинка, Қараөткел, Шұбар, Өндіріс, Кирпичный тұрғын алаптарына жеткізу желілерін салуды көздейтін екінші және үшінші кезектің құрылысы бойынша жобаларды іске асыруға 23 млрд теңге қаржы бөлінді. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан әкімдігі газ тарату желілерін салу жөніндегі жобаларды әзірлеуді қатар жүргізуде.

Қарағанды облысының әкімдігі Қарағанды, Жезқазған, Теміртау қалаларының бірінші іске қосу кешендерін іске асыруды аяқтады, нәтижесінде шамамен 2,7 мың абонент немесе 8,1 мың адам табиғи газға қол жеткізді. Сондай-ақ әкімдік Шет, Бұқар Жырау аудандары мен Жәйрем кентін газдандыру жобаларын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізуде. Аталған қалаларды газдандыруға қаражат уақытылы бөлінетінін атап өткен жөн.

«Аманат» жол картасының аясында Энергетика министрлігіне 2 пункт бекітілді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша, 247-тармақ бойынша 165,9 мың адам газға қол жеткізді, жоспар бойынша көрсеткіш – 68 мың адам.

278-тармақ бойынша 2021 жылға арналған газдандырудың жоспар бойынша көрсеткіші 53,71% болған кезде нақты деңгей 57,67%-ды құрады. Бұл ретте, бекітілген бюджет аясында 187 ауылдық елді мекенді газдандыруға қаражат бөлінді немесе 2025 жылдың жоспар бойынша көрсеткішінің 59,2%-ын құрайды.

Осыған байланысты бюджет қаражатын уақытылы бөлу «Аманат» жол картасының көрсеткіштеріне жоспарлы түрде қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Биыл елді газдандыруды дамытуға Энергетика министрлігінің бюджеттік бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 45,8 млрд теңге бөлінді, сондай-ақ 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау аясында қосымша 50,1 млрд теңге қолдау тапты. Нәтижесінде 133 жобаны іске асыруға 96 млрд теңге қарастырылып, бұл 146 мың адамды немесе 93 елді мекенді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша жоспарланған газдандыру деңгейі – 58,43%.

Жергілікті атқарушы органдар бюджет қаражаты есебінен салған газбен жабдықтау объектілері пайдаланушы ұйымдардың теңгеріміне мынадай схема арқылы беріледі: жергілікті атқарушы орган – ҚР ҚМ Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ.

2020 жылғы жағдай бойынша республика бойынша тапсырылмаған объектілердің жалпы саны 1 227 объектіні құрады, құны – шамамен 302,1 млрд теңге. Бүгінгі таңда мемлекеттік органдар мен ұйымдардың бірлескен жұмысының қорытындысы бойынша жалпы құны 107,4 млрд теңге болатын 491 нысанды беру бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары әзірленіп, қабылданды. Осылайша, бүгінгі таңда республика бойынша тапсырылмаған объектілер саны 736 объектіні құрайды, құны – 194,7 млрд теңге. 

Газбен жабдықтау объектілерін беруді жеделдету және қауіпсіз пайдалану үшін:

1) ЖАО пайдаланушы ұйымдармен бірлесіп, ақауларды/ескертулерді жою және құқық белгілейтін құжаттамаларды қалпына келтіру/дайындау жөніндегі жұмысты жандандыруы керек;

2) ҰЭМ пайдаланушы ұйымдарға сенімгерлік басқаруға берілген газбен жабдықтау объектілеріне арналған шығындарды өтеу үшін оларды ұлғайту мүмкіндігімен пайдаланушы ұйымдардың қолданыстағы тарифтерін жыл сайын қайта қарауға мүмкіндік беретін қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу мүмкіндігін қарауы тиіс;

3) Қаржы министрлігі мүлікті Қордың балансына беру үшін оларды бағалау рәсімін жеделдетуі қажет.

«Тұтастай алғанда, Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, кешенді жоспардың барлық негізгі бағыттары бойынша жұмыс жүргізуде, оның ішінде Газдандырудың бас схемасын өзектендіру, газ тасымалдау инфрақұрылымын жаңғырту, газға баға белгілеу моделін жетілдіру және елдің тауарлық газдағы ресурстық базасын ұлғайту», — деді энергетика министрі.

Тауарлық газ өндірісін ұлғайту және шикі ілеспе табиғи газды өңдеуді қамтамасыз ету үшін қазіргі уақытта Қашаған кен орнында қуаты жылына 1,150 млрд текше метр газ өңдеу зауытын салу жөніндегі жоба іске асырылуда. 

«Осы инвестициялық жобаны іске асыру (шамамен 2023 жылдан бастап) кейіннен тауарлық газды қайта өңдеу және алу үшін Қашаған кен орнынан «QazaqGaz» ҰК» АҚ мекенжайына жылына 1 млрд текше метрге дейін шикі ілеспе табиғи газды жеткізуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді», — деп мәлімдеді Энергетика министрлігінің басшысы.

Қашаған ГӨЗ қуатын 2026 жылы 2 млрд текше метр (2а кезең) және 2030 жылы 6 млрд текше метрге (2б кезең) кеңейту жобасы қосымша пысықталуда. Осы жобаны іске асыру тауарлық газдың ресурстық базасын 2030 жылға қарай 6,2 млрд текше метрге ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының «Шетелдік инвесторлардың қазақстандық кеңесі» қауымдастығының мүшелері мұнай-газ компанияларымен кездесулердің қорытындылары бойынша берген тапсырмаларын орындау мақсатында мұнай-газ саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері жөніндегі жұмыс тобы аясында жұмыс жүргізуде.

Қазіргі уақытта Ұлттық экономика министрлігімен жаңа газ жобалары үшін фискалдық преференциялар беру келісілді:

- КТС өндіру басталған күннен бастап 10 жылға күшін жою;

- өндіру басталған күннен бастап 10 жылға ЭКБС-ты жою;

- АНН-ға ауысу құқығы.

Бұл преференциялар 2030 жылға қарай тауарлық газ өндірісін 4,2 млрд текше метрге ұлғайтуға мүмкіндік береді.

«Самұрық-Қазына» АҚ төрағасы А. Сәтқалиевтың мәлімдеуінше, ҚР газдандырудың бас схемасын іске асыру аясында Қордың еншілес компаниясы «QazaqGaz» бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Атап айтқанда, 2021 жылы:

  1. Нұр-Сұлтан, Қостанай және Ақтөбе облыстарында жалпы құны 7,5 млрд теңгені құрайтын 4 жоба аяқталды;
  2. 200 км астам газ құбыры, 14 газ реттеу пункті салынды;
  3. 3077 тұрғын үй және 52 әлеуметтік және коммуналдық кәсіпорын газға қол жеткізді.

2022 жылы елді мекендерді газдандыру бойынша 2 газбен жабдықтау жоспары көзделіп отыр:

  1. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Саймасай және Қайнар ауылын газдандыру. Бұл жобаны жүзеге асыру аясында 1 150 жеке тұрғын үй мен 36 коммуналдық және әлеуметтік нысан көгілдір отынға қол жеткізеді.
  2. Қостанай облысы Бейімбет Майлин атындағы ауданның Тобыл ауылының бір бөлігін газдандыру. Бұл жобаны жүзеге асыру аясында 1 506 жеке тұрғын үй мен 68 коммуналдық және әлеуметтік нысан көгілдір отынға қол жеткізеді.

«Қазіргі уақытта Қор газбен жабдықтау саласында 5 негізгі басым жобаны жүзеге асыруда. Жобалар Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Ұлттық іс-шаралар жоспарына енгізілген», — деді А. Сәтқалиев.

Бұл «Мақат-Солтүстік Кавказ» газ құбырын тарту, «Бейнеу-Жаңаөзен» газ құбырының екінші желісін салу, Алматы жылу электр станцияларына газ инфрақұрылымын салу, Сарша ауданы мен «Жылы жағажай» курорттық аймағын газдандыру, Қашаған мүйісіндегі газ өңдеу зауытының құрылысы сияқты жобалар.

Батыс Қазақстан облысында табиғи газбен жабдықтау үш ірі «Орта Азия-Центр», «Оренбург-СОЮЗ» және «Оренбург-Новопсков»магистралды газ құбырлары арқылы жүзеге асырылады. Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиев мәлімдеді.

«Биыл газдандыру жұмыстары одан әрі жалғасын тауып, облыс бойынша халық саны 3,3 мың адамды құрайтын 27 ауылдық елді мекенге газ құбырларын тарту жұмыстары жүргізілуде. Осымен Батыс Қазақстан облысы бойынша негізігі елді мекендерді газдандыру жұмыстары биыл толықтай аяқталады», — деді Ғ. Есқалиев.

Қалған халық саны елу адамнан кем елді мекендерді газдандыру инвистициялық жобалар арқылы жүзеге асырылады. Осы елді мекендерді газдандыру кезінде үлесі 70%-ға дейін қазақстандық өнімдер пайдаланылып келеді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу