Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Қазақстанда алғашқы медициналық-санитариялық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру

02 сәуір 2019, 21:52
Фото: primeminister.kz

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» халыққа арнаған Жолдауында Үкіметке медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту, соның ішінде алғашқы медициналық-санитариялық көмекті дамыту шараларын қабылдауды тапсырды.

Тапсырмаларды іске асыру мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі алғашқы медициналық-санитариялық көмекті (АМСК) дамытудың негізгі бағыттарын іске асырудың 2019–2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекітті. Сондай-ақ, қажетті техникалық жарақтандыру деңгейі бар медициналық мекемелерді салу секілді жаңа өңірлік стандарттарды әзірлеуді ескере отырып, Жоспарды жандандыру және Үкімет деңгейінде қайта бекіту көзделген.  

Біріншіден, қолжетімділікті арттыру мақсатында алғашқы медициналық-санитариялық көмек дәрігерінің жүктемесін төмендету және 1 объектіге келетін учаскелер санын 20-дан 10-ға дейін азайту жоспарланып отыр.

Екіншіден, алғашқы медициналық-санитариялық көмек сапасын жақсарту мақсатында созылмалы ауруларды басқару бағдарламасын кеңейту және АМСК қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20%-ға дейін ұлғайту жоспарлануда. Бұдан өзге, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2019 жылдың 1 маусымынан бастап мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының жалақысы төмен қызметкерлерінің еңбек ақысы 30 пайызға артады деп көзделген.

Үшіншіден, барлық АМСК ұйымдарында ақпараттық жүйелер енгізіліп, Қазақстан азаматтарының электрондық денсаулық паспорттары жасалады.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз