Президенттік жастар кадрлық резервіне 300 адам іріктеп алынады — ҚР МҚІА

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасының орынбасары Марат Дәуешев Рrimeminister.kz-ке берген сұхбатында Президенттік жастар кадрлық резерві құрылғаннан кейін іріктелген қатысушылар оқудан өтетінін айтты. 

М. Дауешовтың айтуынша, Президенттік кадрлық резервке іріктеуден кейін резервке алынғандардың егжей-тегжейлі профайлының негізінде, олардың қабілеттері, дағдылары мен әлеуетіне қарап, оларды лауазымға тағайындағанға дейін арнайы әзірленген бағдарламалар бойынша оқыту қарастырылған.

«Біз резервте тұрған 300 адамды таңдап аламыз және олармен белгілі бір жұмыстарды жүргіземіз. Біз оларды оқытамыз, жаттықтырамыз, тренингтерге жібереміз. Мемлекеттік басқару академиясында “Жаңа формация көшбасшысы”, “Жаңа формация басшысы” және т. б. бағдарламалар әзірленеді», — деді Агенттік төрағасының орынбасары.

Бағдарламалар іріктеу нәтижелері бойынша сарапшылардың ұсыныстарын ескере отырып, дербес жасалады. Олар жұмыс үшін қосымша қажетті білімдерді үйретуге, халықпен жұмыс істеу үшін резервшілердің біліктілігін арттыруға, соның ішінде көпшілік алдында сөйлеуге, шектеулі жағдайларда жұмыс істеуге қабілеттілікке және басқаларға үйретуге бағытталған болады.

Сонымен қатар, М. Дәуешов «Болашақ» халықаралық стипендиясының барлық иегерлері мен түлектерін Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеуге қатысуға шақырды.

«Мен оқудан өткен және қазір оқып жатқан “болашақтықтарды” резервке белсенді қатысып, барлық іріктеу рәсімдерінен өтіп, кадрлық резервке қосылуға шақырғым келеді», — деді М. Дәуешов.

ҚР МҚІА төрағасының орынбасары резервтегі азаматтар лауазымдарға қалай тағайындалатынын түсіндірді. 

«Әрине, барлығын қызметке тағайындау мүмкін емес. Мұның бәрі мемлекеттік қызметтегі бос орындардың болуына байланысты. Кадрлық резервке ілігу кейін лауазымға қабылданудың кепілі емес», — деді М. Дәуешов.


 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу